Ұлылардың ұлысы қарапайым ғана ұстаздар ғой. Неге десеңіз, ел билеген басшы, даңқы жер жарған ғалым, бір өлкені шырқ үйірген әкім, жұлдыздарға ұшқан ғарышкер, қала салған құрылысшы, өлең сөзден өрнек өрген ақын, тіпті қай салада жұмыс жасайтын маман болмасын, білім беріп, ұстаз қолына қалам ұстатып, әріп танытады. Сондықтан, «Шәкіртім» деп жаны елжіреген жандарды көкті тіреген таудай көреміз.
«Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған, өнер, білім бәрі де оқуменен табылған» деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаздың алдынан өтпейінше кім-кімнің де бағы жанып, саналы адам болып шығатын оқушысының жүрегіне ізгілік нұрын құяды. Осындай есімі алтын әріппен жазылатын ұстаздың бірі- ауданымыздың мақтанышы, Шевцов атындағы ЖББМ химия және биология пәнінің мұғалімі, саналы ғұмырының 40 жылын білім саласына арнап, талай шәкірттерін түлетіп, томағасын сыпырған, жас мамандарды баулып, жетістіктерге жетуіне жол ашқан, аталмыш білім ордасында кәсіподақ ұйымының төрайымы болып ұзақ жылдар мінсіз қызмет атқарған Тұрсынкүл Досымбекқызы Исламқұлованы құрметпен зейнеткерлік демалысына шығарып салу шарасы өтті.
Арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өткен ұстазды қолдарына алқызыл гүл шоқтарын ұстаған шәкірттері құрметпен күтіп алды. Мұнан соң ұстаздар мен қонақтар ұлағатты ұстаздың өмірі мен жеткен жетістіктерінен сыр шертетін бейнероликті тамашалады. Мектеп ұстаздары мен оқушылары ән-шумақтарынан шашу шашып, концерттік бағдарламаға ұласып, жалынды жастар мың бұрала би биледі.
Ұлағатты ұстаздың зейнетке шығу күніне орай, мектеп ұжымы және аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Тұрлыбек Бердиев пен байырғы ұстаз, білім саласының ардагері Әнуарбек Полатбек арнайы келіп, білікті ұстаздың білім саласын өркендету жолындағы қосқан үлестері мен шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбектері үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті. Мерейтой иесіне мектеп басшылығы мен кәсіподағының атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды. Ұстазымызға зейнет жасыныңыз құтты болып, ұрпағыңызбен мың жасаңыз деп тілек айтамыз!