Мәслихаттың құзырына енетін аудан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын сессияда талқылау үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Комиссия мүшесіне тиісті округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, округ әкімдігінің қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, аудандық ЖКХ бөлімінің маманы, қоғам белсенділері және «Тұраркент су» мекемесінің басшысы Б.Жұматаев пен мен аудандық мәслихаттың хатшысы Т.Бердиев бекітілді. Осы құрам кезекті жиынды Жыланды ауылында жалғастырды. Ондағы жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Х.Байысбаев қатысты. Ауыз су мәселесінің оң шешілуіне мұрындық болуға келген ел қалаулыларының бақосуына халық толық жиналмады. Дегенмен, барынша ауылдың мәселесін көтеріп келген тұрғындармен арада түйіткілді мәселелер төңірегінде әңгіме айтылып, негізгі түйіндер талқыланды.
-Су-тіршілік көзі. Судың тіршілікте маңыздылығын біреу айтпасада түсінетін халдесіздер. 2012 жылдан бастап ауыл халқы су үшін деп арнайы қаржы төлемеген. Көгілдір отын, жарық үшін ай сайын төлемақы төлейсіздер, бірақ суға деп қалталарыңыздан қаржы бөлмегенсіздер. Себеп неде? Бірақ, су жоқ деп арызданып, байбалам салуға асықсыздар. «Алма піс, аузыма түс» демей, әуелі мәселенің мән-жайын ақтарып, ақ пен қараны ажыратып қана іске көшсек, әр істің хайыры болатынын білесіздер ғой. Сол үшін ауыл ақсақалдары арнайы топ құрып, халықпен байланыс орнатып, үйме-үй аралап, өткен 6 айлыққа қаржы жинау керек. Әр айға 1000 теңгеден әр үйге. Ол қаржы ешкімнің қалтасына кетпейді. Мақсатты түрде жұмсалатынын айтқым келеді,- деп «Тұраркент су» мекемесінің басшысы Б.Жұматаев өзі басқарып отырған мекеменің негізгі міндеттерімен таныстырды. Ал, аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев ауылдағы бастау басынан ұңғыма қазылғанын, оның жұмысы келесі жылы аяқталатынын айтып, елді үнемшіл болуға, бірлікке шақырды.
Қос тараптың пікір тартысынан кейін тұрғындар мен мекеме басшылығы, ел қалаулылары арнайы келісімге келіп, ауыл арасынан екі азаматты жауапты деп бекітті. Олар әр үйге кіріп, өткен 6 айлыққа қаржы жинап, мамандардың жұмысының жүруіне көмек қолын созады. Сөйтіп, жұмыла жүкті көтеріп, сан жылға созылған мәселенің мәнін түгендейтін болады.