Арыс ауылдық округіне қарасты «Сүйіндік» шаруа қожалығының қарышты қадамы аудан көлеміне жақсы таныс. Негізінен ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалығының табысы жылдан жылға ұлғайып, округ аумағы да ең іргелі шаруашылықтардың біріне айналып отырғаны да жасырын емес. Берекесі мен ынтымағы жарасқан бұл ұжымды ұзақ жылдардан бері кәнігі диқан, іскер азамат Мелдебек Сүйіндікұлы Тайлиев басқарып келеді. Өзі қолға алып отырған шаруа қожалықтың ірге тасын нөлден бастаған бұл қожалық уақыт өте келе құлашын кеңге жайып, бүгінде ешкімге де алақан жаймай өз несібелерін жер-анадан тауып жүріп жатыр.
— Өткен жылы қарамағымыздағы жердің 650 гектарына бидай, 120 гектарына жоңышқа, 250 гектарына мақсары еккен болатынбыз,-дейді «Сүйіндік» шаруа қожалығының төрағасы Мелдебек Тайлиев бізбен әңгімесінде, — Ауылшаруашылығына қажетті жұмыстардың бәрін сапалы аяқтап, бар талаптардың бәрін орындағанның арқасында, сонымен қатар көктемгі жауын-шашынның мол түсуіне орай биылғы астығымыздың түсімі көңіл қуантады. Енді міне, бір аптаның жүзі болды, бидай алқабына орақ түсіп, күні бүгінге дейін 350 гектар жердің астығы орылып үлгерілді. Қазіргі таңда алқапта 3 комбайн (олардың кабиналарына комбайншылар үшін ыстықтан қорғанатын салқындатқыш құралдары орнатылған) уақытпен санаспай еңбек етуде. Комбайншылардың орған бидайын 2 “Камаз” көлігі егіс алқабынан тоқтаусыз тасымалдап жатыр. Дала төсінде еңбек көрігін қыздырып жүрген азаматтар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Дала қосы олар үшін таптырмайтын демалыс орнына айналған. Комбайншылардың, тасымал жұмыстарын атқарып жатқан көлік жүргізушілердің бәрі жергілікті жердің тұрғындары. Біздің алға қойып отырған бар мақсатымыз: маңдайымыз терлеп еккен астығымызды шашпай-төкпей жинап алу болып тұр.
«Жиналған астықты сақтайтын қоймаларыңыз бар ма?»-деген сауалымызға Мелдебек Сүйіндікұлы өз ауласында қоныс тепкен шеберханасында ондай қойманың бар екенін, жаңа түскен бидайды тазалайтын арнайы қондырғының да жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
… Дала төсін осылайша дүбірге бөлеп, астық алқабында еңбек көрігін қыздырып жүрген «Сүйіндік» шаруа қожалығы еңбеккерлерінің қарқынды қимылдарына риза болдық. Одан әрі олардың уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан қауырт сәттерін суретке түсіріп, егіс алқабынан біз де көңілді кейіпте шыға бердік..