«Шынықсаң шымыр боларсың» дегендей денсаулықты нығайту кепілі – спортпен айналысу адамзат баласында жас кезінен қалыптасатыны белгілі жағдай. Осы орайда бұл салада мектептің алар орны ерекше екендігі айтпаса түсінікті болса керек. Бүгінде аудан көлеміндегі білім ордаларында 53 спорт залдары, 150 ашық спорт алаңдары, 25 гимнастикалық жайлар да толық оқушылардың иелігінде. Мектептерде спорттың 12 түрінен 11700 спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр. Дене шынықтыру пәні бойынша ол жерлерде қазіргі таңда 257 мұғалім қызмет атқарады. ҚР құрылғанына 32 жыл толуына орай « Ұлттық мектеп лигасы» аясында мектеп оқушылары арасында спорттың 11 түрінен аудандық жарыс өтуде. «Ұлттық мектеп лигасының басты мақсаты: оқушыларды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, отансүйгіштікке баулу, білім алушылар арасында бұқаралық спорт түрлерін дамыту және дарынды балаларды анықтау болып табылады.
Жаңа оқу жылының қорытындысы бойынша аудан оқушылары спорт саласы жөнінен облыс бойынша алдыңғы қатарда болса, республикада да соңғы кездері тәуір нәтиже көрсетіп жүргендері көңіл қуантады. Атап айтар болсақ, республикалық жарыста М. Әуезов атындағы ЖББМ 5-6 сынып оқушылары жеңіл атлетикалық кросстан топ жарса, Бреусов атындағы ЖББМ 9-11 сынып оқушылары алғашқы үштікті түйіндеді. Стол теннисінен өткен бәсекеде Абай атындағы МЛ 7-8 оқушылары 2 орынды, бес асықтан Ғ. Мұратбаев атындағы ЖББМ 7-8 сынып оқушылары 3- орынды, 9-11 сынып оқушылары да 3 орынды қанжығаларына байлады. Футболдан өткен «Былғары доп» жарысына аудандағы 40 мектептен 5-11 сынып аралығында 600 оқушы қатысып, Абай, Әубәкіров, Бреусов, Гагарин, Жамбыл, Садықов, Т.Рысқұлов, Макаренко, Сейфуллин мектептерінің аяқ доп шеберлері үздік нәтиже көрсетіп, мерейлі болды. Бұдан бөлек, жеңіл атлетикалық кросста жоғарыда аттары аталған мектеп оқушыларымен қатар Дауан, Лермонтов, Кошевой, Б.Момышұлы, С.Рақымов, Гайдар, Ш. Мұртаза, Ломоносов, Түркібасы, Науайы, Жанкент, Ә.Молдағұлова атындағы білім ордаларының балғын спортшыларының белсенділіктерін де айта кеткеніміз жөн.
Жарыстардың жоғары дәрежеде өтуіне аудан мектептеріндегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Н.Сарбасов, Н.Бейсейітов, А.Тналиев, Н.Ешимбетов, С.Жаналиев, Ә. Керімқұлов, Б.Мыңжасаров, Б.Қонысбеков, К.Хасанов, Е.Асырауов, М.Мирхаликов, Н.Құрмантай, Е.Сәрсепбаевтар айрықша үлес қосты. Сонымен қатар, Т.Рысқұлов, Майтөбе елді мекендердегі спорт мектептері, Аманкелді, Түркібасы, Сейфуллин, Қабанбай атындағы білім ордаларының басшылары, дене шынықтыру пәнінің бірлестіктері, оқушылардың ата- аналары және аудандық емхананың дәрігерлері де барынша қолдау көрсетті.
Бұл байрақты бәсекелердің барлығы да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арналды. Мұндай салауатты өмір салтын насихаттайтын оқушылар арасындағы «Ұлттық мектеп лигасы» аудан көлемінде алдағы уақыттарда да өз жалғасын таба беретін болады.