Түркістан облысының мәслихаты депутаттары 2023 жылы атқарылған жұмыстар бойынша аудан халқына есеп берді. Оған Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Әбішов Нұралы Әлмаханұлы бастаған облыстық мәслихат депутаттары Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы, Шақимергенқызы Нұрайым, Егамбердиева Динара Асылқызы арнайы келіп, өткен жылдағы атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Жиынға аудан әкімі Ізтілеуов Нұржан Жақсылықұлы қатысты.
Жалпы, аудандағы атқарылған мардымды істер бойынша Шақимергенқызы Нұрайым есеп берді. Ал, Динара Асылқызы аудан азаматтарының әл-ауқатын арттыру мақсатында түрлі бағдарламалардың жүргізіліп жатқанын тіліне тиек етіп, жастарды бизнес бастауға, кәсіпкер атануға шақырды. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылықпен күресу, оны болдырмау жұмыстарын қолға алудың қажет екендігін ескертті.
Кездесу соңында аудан азаматтары тарапынан Құлан ауылы мен аудан орталығын қосатын 5 шақырым жолдың сапасыздығы, Құлан ауылындағы мәдениет ошағының тозығы жеткендігі, ауылдық жерлерде интернет жылдамдығының төмендігі, Ақбиік ауылына қарайтын тауды қопарып цемент, тас алатын компаниялардың қисынсыз жұмыстары, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолдары, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы ғимараттың берілуі, Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің қолданыссыз тұрған ғимаратын тиімді түрде пайдалану, аудан орталығында ескі көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жаскешу ауылына мектеп салу, мәдениет үйін тұрғызу, спорт кешенін салу және мал жайылымына жер беру сынды мәселелер көтерілді.
Қарапайым халық тарапынан түскен арыз-өтініштерге құлақ түрген депутаттар әр мәселе депутаттық сауал бойынша негізге алынатынын жеткізді.
-Сіздер қойып отырған сұрақтың барлығында негіз бар. Қалауларыңызды түсіндік. Мен осымен облыс бойынша 3-ші аудан болып сіздердің ауылдарыңызға келіп отырмын. Қазір ойланып қарасам, облыс бойынша жалпы 140 мектеп апатты жағдайда тұр екен. Ондай мектеп сіздердің ауылдарыңызда жоқ. Көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілген жалғыз аудан да осы Түлкібас ауданы. Ең бақытты тұрғын сіздер деп білемін. Айтылған ұсыныс пікірлер назарға алынып, жұмыс жасалатын болады деп сенемін. Жұдырықтай жұмылсақ, барлығы да болады. Тек сабыр етейік. Өйткені, сіз бен біз қалаған дүние әп сәтте орындала салмайды. Оның тиісті құжаттары, бюджеті болады дегендей. Сол үшін әуелі сабыр керек. Барлығы да болады»,- деп жиынды Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы қорытындылады.