Қашанда халқымыз үшін ауыл-руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс. Төрт-түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауылдың бірегейі — Майтөбе ауылдық округіне қарасты Көксағыз ауылы. Бұл ауыл 1935 жылы құрылған. Бұл жерде ең бастамасы халық шаруашылықпен айналысқан. Иә, қасиетті Жер Ананы қариядай күтіп, баладай баптай білсең еткен еңбек, теккен терің еселеп қайтатынын көксағыздық тұрғындар жақсы біледі. Жылдағы дәстүрмен дала төсіне дақыл егу үрдісінен танған емес. Толықтырып өтсем бұрынырақта «Мичурин совхоз» деген атауы болды. Кейіннен «Каучук» деген резинаны егіп керекті заттарына пайдаланып отырған. Содан бері бұл ауыл «Каучук» ауылы аталып келген. Кейіннен Көксағыз атауын берген. Германиядан әкелінген қара сауынды малдары, мал асырайтын ферма, асыл тұқымды жылқылары, шарап зауыты, алма сақтайтын тоңазытқыш, алма бау-бақшасы, жүзімі болды. Уақыт өте келе су болмағаннан кейін тозып, қурап қазіргі таңда егіс қылып жіберді. 1989 жылға дейін Көксағыз ауылында тек неміс ұлты тұрған, арасында екі қазақ үй, одан үш үй болып көбейген. Неміс ұлттары өздерінің еліне қайта бастаған шақта, қандас бауырларымыз келіп, бүгінде ауылда 200 үй түтінін түтетіп отыр.
Алладан сауап үміт еткен жомарт жандардың демеушілігімен Майтөбе ауылына қарасты Көксағыз ауылында жаңа мешіт осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Көксағыз ауылында мешіт атауы мүлдем бұрын соңды болмаған. Ауылда мұсылмандар көбейгеннен кейін жастардың қолдауымен, атап айтқанда 1993-1994 жылы туылған азаматтарының бастауымен мешіт тұрғызуға ниетті екендіктерін ауыл жұрты байқады. Бұл игі іске белсене араласқан жаны жомарт жандардың бары қуантады әрине?!Одан бөлек ауыл белсендісі ретінде сайланған Маманов Керімжан мырза мешіт құрылысы басталып, соңына дейін жүріп, өзі басы қасында болып, мешіт салуға орын іздестіріп, одан кейін әкімшілікпен келісіп жер алуға кірісіп халық игілігі үшін деп жан ұшыра еңбек еткен азаматын жақсы таниды ауыл халқы. Оған негіз ретінде ауылдың белсендісі, төрт баланың асқар тау әкесі Маманов Керімжанды әңгімеге тартып көрген едік:
«Ауыл тұрғындары «Шынар бастау» бұлағы атанған киелі бастаудың иесі Қайрат Айтбаймен әңгіме арасында Көксағыз ауылының жастары осы игі істі қолға алғысы келіп отыр деген ізгі ниеттерін жеткіздік. Сауабы мол мешітке қол ұшын созғысы келіп, басы қасында жүрген азаматтармен бас қостық. Содан араға көп уақыт салмай Қайрат Айтбаймен қайта жолықтым. Сіздер құжат жағын реттей беріңіздер мен көмектесемін деп сол жерде кесіп айтты. Содан әкімшілікке ұсыныс жасадым. Ауылымызда медпунктың жанында жер барын айтып, жер шаруашылығының маманы Нысанбаев Боранбай деген жігіт келіп ортадан шешім шығарып, Ахметов Ерғали, Базарбаев Аманжол үшеуміз мемлекеттік актісін алдық. 2022 жылдың сәуір айында құрылысы басталған еді. 300 адамға арналған Алланың үйі сәтті аяқталды. 2023 жылы асханасын бітіріп берді. Құдай тамақ таратылып, күзде қымызхана орнын дайындап берді. Мешіттің қысқаша сипаттамасына келсек, «Айтбай ата» мешіті үлкен бір намазхана залы, иман бөлмесі, асхана сондай-ақ ерлер және әйелдер дәретханасы қарастырылған. Мешіттің жалпы аумағы -25 соттық жерді құрайды. Ауыл жамағатының арманы бүгінде орындалды. Бұл мешітке діни басқарманың шешімімен «Айтбай ата» атауы берілді. Сыртқы аумағы толықтай қоршалған. Бүгінгі таңда жамағат мешітке келіп, Алланың берген нығметіне бөленіп жүр. Көрінген таудың алыстығы жоқ дегендей шетінен бітіп жатыр. Айтбай Қайрат ағамызға, Састөбе цемент зауытының демеушілігіне айтар алғысымыз шексіз. Өсіріп-отырған ұл-қыздарының қызығын көрсін. Алланың берері көп болсын сіздерге», -деп сөзін аяқтады ауыл белсендісі Маманов Керімжан.
Иә, еске түсірейік, 2022 жылы аудан тұрғындары мен Түлкібасқа арнайы ат басын бұрған республикамыздың әр түкпірінен келген сыйлы қонақтары шағын елді мекендегі қазіргі заманауи үлгіде салынған әдемі де көрікті мешіттің ашылу салтанына куә болды. Бұл имандылық ордасы Шерхан Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының тапсырысы бойынша Састөбе цемент зауытының демеушілігімен ашылды. Ауыл тұрғындары көптен бері мешіт салуды армандап жүргенде қайырымдылықтың ерен үлгісін танытып, ел тілегіне құлақ асқан Ш.Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының төрағасы Қайрат Айтбайға ризашылық сезімдерін жеткізіп, халықтың ежелден келе жатқан дәстүрімен қайырымды жанның иығына шапан жапқан болатын. Одан әрі жаңа мешіттің салтанатты лентасы қиылып, шашу шашылды. 92 жастағы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлының аталық ақ батасына қол жайған көпшілік жаңа ғимараттың ішіне кіріп, жұма намазға жығылды. Одан әрі сөз зергері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған іс-шара Түлкібас кентіндегі Барлыбай тойханасында жалғасын тауып, Шерхан ағамыздың рухына құран оқылып қонақтарға ас таратылды.
Міне, бір елдің тарихы бүкіл қазақтың тағдырлы жолынан сыр шерткендей әсер алдық. Сосын ұлылар көп шыққан бұл Көксағыз ауылының татулығына тағы да қаныға түстік. Бұл менің журналист ретіндегі шынайы сөзім. Оны осы мешіттің бастау алған құрылысына қатысқан адамдар да жүрегімен, жан дүниесімен ұққанын айтар едім. Өз атасын қадірлеген елдің ұрпағы батыр, ақын, дана болмасына кім кепіл. Біздің де тегімізге қарап, көшімізді түзейтін кез келді. Жас өскелең ұрпағымызды осындай имандылыққа, даналыққа тәрбиелсек, осынша ұлан-байтақ жерімізді қызғыштай қорғайтынына сенімде күшейеді.
Бабалар ізімен иман жолы жалғассын деп жаңа мешіті де асқақтата бой түзеді. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан осы елдің өнегелі ісі көптің жүрегіне қазақтың асыл тегі деген ұғымды сіңіре түсті. Тегі мықты, түбі де терең ауылдың болашағы да нық болатынын осыдан аңғаруға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Расында, мүмін-мұсылман мешітке келсе, Алла Тағала: «Пендем мені зиярат ете келіпті, оның сый-сыйапаты менің құзырымда, мешітке келген адамға жәнаттан басқа сыйлыққа еш риза емеспін»,-делінген. Демек, мешітке келген кісі – Алланың қонағы. Ендеше, Құдайдың қонағы болу бақытына жетелейтін ауыл мешітін жамағатқа толтырып, оларды Жаратушы нұрына бөленуіне нәсіп еткей деп тілейміз!