Түлкібастық бүлдіршін бишілерден құралған «Қаракөз» Балалар Өнер мектебінен құралған би тобы тағы да топ жарды. 18 ақпан күні Алматы қаласында өткен Халықаралық «Ғұмырдария» фестиваліне қатысып, бас жүлде иегері атанған топ Қытай Республикасында өтетін сайысқа жолдаманы жеңіп алды. Мың бұралған сұлу қыздардан тұратын топтың жетекшісі «Балалар өнер мектебінің» хореографы Жоламанова Дина Балмағамбетқызы. Арман қала Алматыда өткен халықаралық сайыста «Нәзігім» атты биін сахналаған түлкібастық қыздарға жұрт тамсанып һәм таңданып қараған. Әділ қазылар алқасы қойылым көз тартар сұлулыққа ие, қыздардың қимылы ерекше әсерге бөлегенін тілдеріне тиек етті. Осындай ерекше еңбектің бағаланғаны жетекші мен қыздарды әсіресе ата-аналарды шын қуантты.
-Қызым Інжуді би үйірмесіне, әсіресе Дина Балмағамбетқызына сеніп тапсырғаныма өте қуаныштымын. Ол кісінің білікті хореграф екенін бүкіл аудан жұртшылығы емес республика көлемі танып-біледі деп сенемін. Тәртібі мықты, талабы жоғары болғандықтан біз осындай дәрежеге жетіп келеміз. Шынында, Дина Балмағамбетқызының қай тобы болмасын қайсыбір сайысқа қатыспасын, жеңіс тұғыры бізде болады. Бұл ерен еңбектің, үлкен ептілік пен талаптың арқасы деп білемін. Ата-аналар қауымы үшін баласының әрбір жетістігі ерекше қуаныш, мәртебе. Бізге осындай сезімді сыйлап, баламыздың болашағын жарқын етіп, өз еңбегін өлшеусіз көрсетіп келе жатқан апайымызға шынайы алғыс білдіремін. Апайымыздың осындай талабы мен біліктілігі барда біз алмайтын асу болмайды деп сенемін. Барлық ата-аналар қауымы атынан және қыздардың атынан ерекше алғысымды білдіремін. Дені сау, отбасы аман болып, әлі талай белесті бағындыра беруіне тілектеспін,- дейді Ұлболсын Майрова.
Аядай ғана ауданымыздың атын аспандатып, мәртебесін биіктеткен биші қыздарға және жетекшісі Дина Балмағамбетқызына бізде шынайы алғысымызды білдіреміз. Ол кісінің биге деген махабатын, өнерге деген сүйіспеншілігін барлық жан біледі деп ойлаймыз. Сондай сүйіспеншілігінің арқасында Дина Балмағанбетқызының әр сайысы жеңіске толы. Қытай елінде өтетін ауқымды фестиваліне сәттілік тілеп, ұжымды тағы да жеңісімен құттықтаймыз.