Табиғаты тамылжыған шағын ғана Мақталы ауылынан түлеп ұшып шығып, бүгінде адал еңбектерімен есімдері кең байтақ елімізге кеңінен танымал болып жүрген азаматтар Құдайға шүкір, жетіп артылады.Олардың арасында өздерінің зеректігімен білім шыңын бағындырған зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, спорт саласында өзіндік орны бар саңылақ спортшылары, әуе кеңістігін еркін шарлап жүрген әскери ұшқышы, қаламдары қарымды, ойлары жүйрік журналистері де, өнер әлемінде айрықша орны бар таланттары да, адам жанының арашасы болып табылатын — ақ халатты абзал жандары да аз кездеспейді. Сондай ізгі жандардың қатарына – білікті дәрігер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің , басқа да көптеген марапаттардың иегері Сәрсен Махамбетұлы Пернебековті де қосуға болады.
1973 жылы қаңтар айының 2 жұлдызы күні дүниеге келген сүйкімді де қағылез балақай сабақты жақсы оқыды. Өзінің үлгілі тәртібімен мектеп қабырғасында айрықша көзге түсіп, зерек оқушылардың қатарын толықтырды. Бастауыш сыныпта оқып жүргеннен-ақ болашақта дәрігер боламын деген үкілі үміті оның бойына ерте бүршік жара бастады…
-«Әкеге қарап ұл өсер» дегендей Сәрсен баламыздың өзі қалаған мамандығына қол жеткізуіне оның асқар таудай әкесі, менің сыныптасым Махамбеттің тигізген ықпалы зор болды, — дейді Мақталы ауылының тұрғыны, байырғы ұстаз, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Жақсыбек Құдайбергенов бізбен әңгімесінде , -Марқұм құрдасым нағыз еңбектің адамы болатын. Қазақ ауыл шаруашылық институтын үздік бітіріп, агроном мамандығымен Киров атындағы колхозда мамандығына сай еңбек етті. Еңбек ете жүріп, сол жылдары республикаға танымал ауылдың өнерпаз жастарынан құралған «Мақталы» халық театрының ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Одан әрі ауданымыздағы «Путь Ильича» колхозында партия ұйымының хатшысы, Түлкібас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, Түркістан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыс көлемін қамтитын «Құнарлық» акционерлік қоғамның президенті қызметтерін абыроймен атқарды. Қанша жауапты қызметтерді атқарып жүрсе де өзінен тараған ұрпақтарына сапалы білім- саналы тәрбие бергенді ұмытқан емес. Құдай қосқан Әлима екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, өздерінен тараған алтын асықтай перзенттерінің қалаған мамандықтарын алып шығуларына бар жағдайды жасады. Олар да әке үмітін ақтап, бүгінде түрлі мамандықтармен еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті қызметтерін атқаруда.
1992-1998 жылдары Сәрсен Махамбетұлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, одан әрі «Мирас» университетінің «Менеджмет» мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі дәрежесімен үздік бітіріп шықты. Жас дәрігердің алғашқы еңбек жолы Шымкент қалалық «Жедел көмек көрсету» ауруханасында анестезиолог – реаниматолог қызметінен бастау алды. Уақыт өте келе тәжірибесі толығып, осы мекемеде нейрохирург, бас дәрігердің орынбасары, 2017-2021 жылдары ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас нейрохирургі, Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері, 2021 жылдан бері №3 қалалық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып келеді.
Медицина саласындағы осынау тынымсыз жемісті еңбегі әрине, текке кеткен жоқ. Өз ісінің білгір маманы, талай науқастың ауруынан айығып шығуына септігін тигізіп, олардың шексіз ризашылығына бөленген Сәрсен Пернебеков 2020 жылы 20 маусымда ҚР Президентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2020-2023 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрінің және Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Асқар таудай әкесінен дарыған жауапкершілік, жан-жақтылық, ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеттері, талапшылдық, мамандығына деген шынайы сүйіспеншілік көзқарас секілді адами қасиеттері бойында молынан кездесетін Мақталының төл перзентінің қызметте ғана емес, өнегелі отбасының да иесі атанып жүрген жағдайы бар.
Білікті дәрігер бүгінде алтын асықтай жеті перзентінің әкесі атанып отыр. Олардың келешекте өмірден өз орындарын табуына да өзінің себепкер болатыны даусыз. Сайып келгенде, әке бақыты дегеніміздің өзі осы шығар, сірә! Ендеше, еңбегіңіз жемісті бола берсін, ардақты ақ халатты абзал жан! Сөзі мен ісі сай, көңілі қалаған мамандығына деген адалдығынан ауытқымай қарапайым халықтан алтын емес, алғыс алып келе жатқан сізді алдағы уақытта бұдан да биік межелерден көргіміз келеді…