Арша ағашын қазақ халқы әрі киелі, әрі қасиетті ағаш деп санаған. Оны беталды кесуге мүлде тиым салынған екен. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт арша ағашының қадір-қасиетін және арша ағашына деген сүйіспеншілік сезімі мен аялы алақанын, адамгершілік қасиетін тебірене отырып өз әңгімесіне арқау еткен. «…Тәңіртаудың төңірегінде, яғни Алатау мен Қаратаудың аралықтарында айналайын аршаның алты түрі болған екен. Кейінгі үш жүз жыл ішінде үш түрі мұқым-мүлде жойылып кетіп, бүгінде қара арша, балғын арша және сауыр арша баласы, қазақ жұрты беталды шығын етпеген, тек кей-кейде бесікке ғана, қобызға ғана, онда да абайлап қана, талғаммен ғана, табиғат ананың талғауымен, таңдауымен ғана, меңзеуімен ғана, мәністеп қиған. Ақсақалдар айтар еді: «Айналайын аршаны ата-бабаларымыз мүлде кеспеген, тіпті оған тимеген. Ай мен күнге қараса, аршаға да солай қараған… Қураған аршаға балта көтер, кінә ғана емес, күнә саналған…» Міне осы арша ағашы іспетті ауданымыздың дәстүрлі өнерпаздары «Арша» квартеті өз аттарына сай болып, қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, бүгінде «Хабар» Агенттігі» АҚ «Хабар»арнасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Жеті қазына» телевизиялық Мега жобасында облыстың намысын қорғап, жүлделі екінші орынға ие болды. Өнерлі азаматтарды құттықтап, арнайы сұхбат алу үшін «Арша» тобының өнерпаздарына хабарласқан едік…
-Сіздерді «Хабар» арнасындағы «Жеті қазына» телевизиялық шоуынан көріп, кеудемізді бір мақтаныш кернеді. Жобаға қатысуға өздеріңіз ұсыныс жасадыңыздар ма, әлде арнайы шақырту алдыңыздар ма?
-Сауалыңызға рақмет. Түркістан облысының мәдениет басқармасы қыркүйек айында аудан әкімдігіне арнайы хат жолдап, сол хат негізінде осы жобаға қатысып қайттық. Сайыстың екінші кезеңінде үздік өнер көрсетіп, ақтық сайысқа жолдама алдық. Ақтық сайысқа қатысып, жүлделі екінші орынға ие болып, ауданның ғана емес, облыстың да намысын қорғап қайтқан жайымыз бар.
-Жоба туралы айтып өтсеңіздер? Мақсаты қандай? Кімдер қатысты?
-Жобаның мақсаты аты айтып тұрғандай қазақтың жеті қазынасын түгендеу, ұлттық руханиатымызды, ұлттық құндылықты насихаттау. «Жеті қазына» жобасы 10 аталымнан тұрады. Мега жобаға 17 облыс пен 3 қаланың өнерпаздары қатысты. Бір бағдарламада 2 өңір өзара сайысқа түседі. Әр аймақтың өнерпаздары мен спортшылары ән, жыр-терме, күй, айтыс, күрес, қол күресі, ауылдың алты ауызы және арқан тартыстан бақ сынайды. Ауылдың алты ауызын да осы «Жеті қазынадан» тамашалай аласыздар.
-Жоғарыда аталған өнер жанрларының қай түрінен бәйгеге түстіңіздер?
-Ауылдың алты ауызы деген кезінде ата әжелеріміз отыра қалып, жиын тойларда ән салатын еді, жоба арқылы осы өнер түрін жаңғыртуға үлес қостық деп ойлаймыз. Біз дәл осы ауылдың алты ауызы жанры бойынша сайысқа түстік. Өнеріміз көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Себебі, бізді телеарнадан тамашалап, ризашылығын білдіріп жатқандар көп.
-Осы жобаға қатысу шығындары қалай болды? Жол ақысы, жүріп тұру мен сахналық костюмдардың өзі қомақты қаржыны талап етеді емес пе?
-Ия, Сұрағыңыз орынды. Біздің де айтпағымыз осы еді. Біз ақтық сайысқа өткен соң, жоба ұйымдастырушылары тарапынан бірден соңғы айналымға жаңа костюм кию талап етілді. Талапқа бағыну керек. Сонымен жаңа костюм дайындауға кірісіп, төртеуімізге бірдей қара түсті образ дайындадық. Одан бөлек қызыл кілемнен жүріп өту рәсімі болды. Оған арнайы смокинг кию тапсырылды. Міне, осындай сәттерде қомақты қаржының керек болары анық. Аллаға шүкір, ауданымызда өнерпаздарды қолдап, демеуші болатын жомарт жандар баршылық. Сондай жандардың бірі аудан әкімінің орынбасары Орманов Ербол мырза мен аудандық мәслихаттың депутаты Перизат Әбдібекова қаржылай қолдау білдіріп, осынау дүбірлі додада оза шабуымызға тілекші екендерін білдірген болатын. Сәті түсіп тұрғанда осы «Шамшырақ» редакциясы арқылы жоғарыда аталған кісілерге шексіз ризашылығымызды білдіргіміз келеді.
-Сұхбаттасқандарыңыз үшін рақмет. Жетістіктеріңіз құтты болсын.