Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тастұмсық ауылының тумасы Мейірхан Топанбайдың сүйікті ісі – кітап оқу. Кітапқа құштарлығының арқасында бүгінге дейін 68 мың кітап оқыған. Оның жетістігінің биік шыңы бұл ғана емес. Көпшілік мүмкін емес десе де, бүгінгі кейіпкеріміз 10 тілді жетік меңгерген.
Кішкентай ғана ауылда туып өсіп, бүгінде Республикалық БАҚ өкілдері жиі хабарласып, Мейірхан мырзаның осы бір қасиетіне қызығушылық танытып, сұхбат алғысы келетіндердің көптігіне әңгімелесу барысында өзім куә болдым. Кітапқұмар жанмен әңгімелесу мақсатында ол кісімен арнайы кездесіп, біраз ақпараттарға қанық болдық…
-Мейірхан мырза, қал жағдайыңыз қалай? Сізді кітаптар әлемінің кейіпкері ретінде білеміз. Кітап оқуға деген қызығушылығыңыз қашан және қалай пайда болды?
-Кітап – баға жетпес құндылық екенін, кітапты оқу арқылы үлкен жетістікке жетуге болатынын нағашы әжем ұқтырды. Менің кітапқа деген құштарлығым алғаш бес жасымда пайда болды. Нағашы әжем Решад Нури Гюнтекиннің «Бозторғай» атты кітабының түрікше нұсқасын оқып беріп жүрді. Кейін орысшасын оқыдық. Одан әрі «Әнші құс» деген аудармасы шықты. Алғаш осы кітапты оқып жүріп «Француз» деген сөзбен таныс болдым. Сол арқылы француз тілі бар екенін білдім. Осы кітап арқылы француз тілін үйренуге қызығушылығым артты. «Француз» — деген кім деген әртүрлі ойлар мазалай бастады. Осылайша көп тілді меңгерсем тілші боламын деген ой келді. Себебі «Тігінші, биші, әнші» сөздеріндегідей тіл деген сөзге «ші» жалғауы қосылса, көп тілді меңгеріп «Тіл-ші» боламын деп шешкенім бар. Екінші оқыған кітабым Шыңғыс Айтматовтың «Атадан қалған тұяқ» кітабы. Мені көп тілді меңгеруге түрткі болған Шыңғыс Айтматов пен Решад Нури Гюнтекин болды. Бес жасымда екі кітапты оқып бітіріп, үш тілді меңгердім. Кішкентайымнан білімге құштарлығымды оятқан адам нағашы әжем екенін айтудан жалықпаймын. Себебі, сал ауруына шалдыққан бала болғандықтан, үнемі әжеммен бірге болуға тура келетін. Екеуіміз барлық уақытта бірге жүріп, бірге тұратынбыз. Оқыған кітаптарымызды талқылап, тіпті кейде түнгі сағат 3-4 терде шәй қойып, ұзағынан отырып әртүрлі тақырыпта әңгіме дүкен құратынбыз. Сол үшін де мені кітап оқуға баулыған нағашы әжеме алғысымды айтудан жалықпаймын. Бала Мейірханның кітапқа құштарлығы осылай бастау алды. Ал, сол қызығушылығымды одан әрі шыңдай түскен – ұстазым Жанна Нұрәліқызы Ботабаева.
-Жанна Ботабаевамен таныстығыңыз туралы айтып өтсеңіз? Қашан, қайда таныстыңыздар?
-Ол кісі менің университет қабырғасындағы ұстазым. Филология ғылымдарының докторы. 20 жылдан бері сал ауруына шалдыққан балаларға тіл үйретіп жүрген білікті маман. Мен Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде екі бірдей жоғары білім алдым. Жанна Ботабаева сол оқу орнының гуманитарлы-педагогикалық факультетінің деканы және орыс тілінен дәріс береді. Қазір Ж.Тәшенов атындағы университеттің филология кафедрасының меңгерушісі. Осы кісі бір аптада он төрт кітапты оқып меңгерудің жолын көрсетті. Бұл деген көп уақытты әрі төзімді талап етеді. Әр аптада он төрт кітап оқу бойынша қысқаша талдау ұйымдастырған болатын. Түнгі уақытқа дейін оқыған кітаптарымызды талқылайтынбыз. Бір аптада 17 кітап оқыған кездеріміз де болды. Осылайша мен бүгінгі таңда 68 мың кітапты оқып меңгердім.
-68 мың кітап оқыған екенсіз. Бұл мүмкін емес деп жатқандар да баршылық. Енді сол кітап оқу техникаңызбен бөліссеңіз?
-Қалың көпшіліктің қоятын сұрағы да осы. Алпыс сегіз мың кітаптың барлығын бір бетін қалдырмай оқыдың ба деп жатады. Әрине, ол мүмкін емес. Ол кітаптың барлығын қолыма алғанмын, оқығанмын. Бірақ ішінен керек жерін түртіп аламын. Мысалыға «Қараш-қараш оқиғасы» повесін қарастырсақ, жалпы кітапты шолып шығып, ішіндегі керек қажетті жерлерін, өлеңдерді қағазға түртіп аламын. Мазмұнын толық зерттеймін. Сонымен, кітап оқылды деп есептеймін. Оның методикасы сондай. Кейін уақыт өте келе сол кітаптарды қайта оқуға немесе аудио кітап түріндегі үлгісін тыңдап тұруға тырысамын. Мен бір күнімнің 18-19 сағатын кітап оқуға арнаймын. Басқа жұмыс жасап отырсам да, кітаптың аудионұсқасын қосып қоямын. Оны тыңдау арқылы қайта еске түсіремін. Бұны мен дағдыға айналдырғанмын. Қайта оқып, тыңдап еске түсіріп тұрмасам, ол кітап ұмыт болатыны анық. Тағы да осы тұста әжем туралы айтпасам болмас. Себебі, бұл жақсы қасиетті де бойыма сіңдірген нағашы әжем. Мен әліппе кітабын бірінші сыныпта толық меңгерсем де, төртінші сыныпқа дейін қайталатып тұрды. Себебі, кейін қайта оқығанымда басқаша бір әсер алатынмын. Өткен сабақтарым болса да қайта оқығанда жаңаша ой қалыптасатын. Мен көбінесе брайль кітаптар оқыдым. Брайль кітап біздің кітаптарға қарағанда жеңілірек. Брайль әліппесі – зағиптар әліппесі. Саусақтың ұшы арқылы оқылатын кітап. Қазақстанға алғаш келген қазақша брайль әліппесінің атасы Ақан Қасымов. Бұл әліппенің пайдалы тұсы да бар. Ол көзге салмақ түсірмейді және қарапайым кітаптан әріптері кішкентай болып келеді.
-Кітап оқуға деген құштарлығыңыз көп тілді меңгеруіңізге түрткі болған сияқты. Жалпы неше тілді меңгердіңіз?
-Мен 10 тілде еркін сөйлей аламын. Ия, кітапқа құштарлығым тіл үйренуге түрткі болды. Мен әр сөздің мағынасына бала кезден мән беріп қарап, әр тілдегі ең ғажап деген сөздерді үйренуді әдетке айналдырдым. Өзімнің жүрегіме ана тілімізден кейін ең жақыны – түрік, испан, француз тілдері. Бұл аталған шет тілдеріне ана тілімдей еркін сөйлей аламын. Себебі осы тілдерде сөйлесетін ортам бар. Түрік тілін бала кезден ана тіліммен қатар үйрендім. Ең алғаш оқыған кітаптарым түрік тілінде болды. Түрік тіліне деген қызығушылығым грек тілін үйренуіме түрткі болды. Бір біріне көршілес, тілдері ұқсас болғандықтан грек тілін де меңгеруді шештім. Ал, испан тіліне деген қызығушылығым ерекше. Испан тілі – махаббаттың тілі. Өлеңдерін оқығанда махаббат легі есіп тұратындай сондай жеңіл, сондай сезімге толы әдемі тіл. Француз тілі де махаббатқа жақын. Жалпы мен тілді үйренудегі мақсатым- сол тілдің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрі мен әдебиетіне деген қызығушылығынан туады. Шет тілдерде көптеген өлеңдер, жыр дастандар тыңдаймын. Оларды тыңдап отырып, өзімше аудармалар жасаймын. Тілді меңгеру арқылы көптеген достар таптым. Өзімді таптым. Тіл арқылы жолымда жақсы адамдар кез болды. Үлкен-үлкен есіктер ашыла бастады. Тілдің киесін ұғындым.
-Сіздің осы жетістігіңізге отбасыңыздың ұйытқы болғанын байқап отырмын. Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз.
-Ия, менің отбасым оқуға құштар жандар. Анам Ұлбосын Әбенова шет тілдері маманы. Мен туылғаннан кейін жұмыстан шығып, бар білгенін маған үйретті. Ол да кітапқа құштар жандардың бірі. Ал өз әжем Салиха Дәрібаева бірнеше жылдық зейнетақысын жинап Ресейден мың дана кітапқа тапсырыс беріп алдырған жан. Осыдан- ақ ол кісінің кітапқа деген құрметін байқауға болады. Нағашы әжем Жұмаш бала күнімнен өз құқықтарымды білуім үшін заңдарды жаттатқызды. Қолыма ақ қағаз бен қалам беріп арыз жазу үлгісін үйретіп, жазғызатын. «Сен ерекше баласың. Көшеде көргендер сені мазақ қылуы мүмкін. Сондықтан, сенің намысыңды аяқ асты етіп, намысыңды таптағысы келетіндердің үстінен арыз жазуды білуің керек» деп айтатын. Менің алдымда екі таңдау болды. Біріншісі қараңғы бөлмеде мүгедектігіме мойынсынып, қараңғы бөлмеде отыру. Екіншісі – мүмкіндігімнің шектеулі болғанына қарамастан әлемде адамзатқа берілген қаншама мүмкіндіктің бар екеніне көз жеткізу. Айналамда болып жатқан ғажайыптарды, тіршілікті жан-тәніммен сезіну. Оқу. Білім алу. Осы арқылы өз қажеттілігімді өзім қамтамасыз ету. Әлемді тану, ғажайыптарды сезіну менің қолымнан келді. Ал, осының барлығын жасауыма отбасымның қолдауы мықты болды. Менің еміме ақша табамын деп әкем Мейрамбек 75 жасқа дейін күзетші болып жұмыс жасады. Бейнетінің зейнетін көрсе екен деп әкемді жұмыстан шығарып, өзім еңбекке ерте араласа бастадым.
-Мүкіндігіңіз шектеулі болса да, мүмкін емес дүниелерге қол жеткізіп жүрсіз. Сырқатыңыз қандай?
-Мен бірінші топтағы мүгедекпін. Алладан жасыра алмағанымды, адамнан қалай жасырайын. Оны айтуға да қысылмаймын. Себебі, мен ерекше жаратылған жан екенімді ең алдымен өзім мойындауым керек. Одан кейін қоғам мені осы қалпымда қабылдауы керек. Кейде сырттағы адамдар қорқа, үрки қарайды. Енді бірі теңселіп жүргенімді көріп, мас адам деп мазақ қылатындар бар. Бірақ, мен оған мән бермеуге үйренгенмін. Анам мені орта жастан асқанда дүниеге алып келген екен. Үш айлығымда сал ауруына шалдыққанымды біліпті. Анам менің күтімім үшін негізгі жұмысынан шығып, өмір бойына менің күтіміммен айналысты. Анам үшін мен үлкен ауыртпалық болдым. Бар қиындықты анам, әжем үшеуіміз көріп келеміз.Талма ауруынан көзімнің көру қабілеті төмендегенде де бар қиындықтан үшеуіміз бірге шығудың жолын іздедік. Міне, анам мен әжемнің арқасында жағдайым тұрақты. Алайда, әлі де массаж қабылдап, ем алуымды тоқтатпаймын.
-Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін рақмет. Сіздің арқаңызда өмірге құлшынысым артып, жаңа бір серпін алдым.