Иә, ұлттық рухымыздың тармағы ата-баба мұраларынан сыр шертетін, олардың қалдырған өнегесін кейінгі ұрпаққа танытар ол музей екені анық. Қазіргі таңда халықтың ұлттық санасы оянып, тарихи-мәдени мұраның бай дүниесінің ұмтылысының күн санап дамып жатқанын көріп отырмыз. Өткенге құрметпен қарап, бүгінгіні қадірлеп, келешектің қамын ойлау — көпшіліктің басты міндеті. Музей қоғам мүшелеріне, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ғылыми-мәдени және рухани мекеме болғандықтан, бүгінгі тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтарының ұлттық сана сезімінің өршіл болып қалыптасуына және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін қазіргі заманға сай, ғылыми негізде жүйеленген мектеп музейлерінің атқаратын қызметтері зор. Сіз музейге бардыңыз ба оқырман? Өлке тарихын келешек ұрпаққа жеткізу жолында бабаларымыздан қалған құндылықтарды жинап, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл ғимарат қоғамның рухани дамуына қаншалықты үлес қосып жатыр? Сырт көзге мүлгіген тыныштық билеп тұрғандай көрінетін мекемедегі қым-қуыт тіршіліктен қаншалықты хабарыңыз бар? Өңір тарихымен бірге жасасып келе жатқан мекемелердің бірі – Т.Рысқұлов атындағы тарихи өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Медкулова Айгүл Әбдішүкірқызымен сұхбат барысында осы сауалдарымызға жауап іздедік.Айгүл ханым, әңгімемізді аудандық музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ…
— Мұражай — елдің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін танытатын құндылық. Аудан тұрғындарының мұражайымызға деген қызығушылығы ерекше. Әсіресе, қазіргі заманғы жасөспірімдердің мұражай әлеміне қызығушылығын ояту басты міндетіміз. Мұражай — мәдени мұра, сырлы әлем. Ішіне енсең шыққысыз, ұлт тарихын көз алдыңа келтіріп, жан дүниеңді тебірентіп, тағылым сыйлайды. Мұражай — кешегі күнмен байланыстыратын құрал. Ол — халықтың өткені жайлы көптеген мәліметтермен жастарымыздың бойына рухани азық береді. Ұлттық құндылықтарымызды кейінгі жастарға насихаттау, үлгі- өнеге етіп көрсету — баршаның міндеті деп білемін. Бұл тарихи-өлкетану мұражайы қоғамдық негізде 1963 жылы құрылды. Мұражайды ашуға М.В.Симченко, Д.Сәлібеков, П.Н.Левченко, Н.Сарыбеков деген азаматтар үлкен үлесін қосты. 1976 жылы үжым мемлекеттік мекеме мәртебесін алды. 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бөлімшесі болып құрылды.
-2004 жылы Т.Рысқұловтың туғанына 110 жыл толуына орай күрделі жөндеуден өтіп еді? Ал , биыл қандай күрделі жөндеу түрі өтті?
-1994 жылы қазақ халқының мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай мұражайға оны аты берілді. Арада 10 жыл өткенде ғимаратқа қайта көңіл бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді. Экспозициясы толық жаңартылды. Күрделі жөндеуден былтыр өтті. Биылғы жыл енді басталып жатыр.
-Енді әңгімемізді музейдегі жәдігерлердің салмағы мен маңызы, мақсат-міндеттірін атап өтсеңіз?
— Мұражай экспозициясы негізіне 4 бөлімнен тұрады. Мәселен, «Тұрартану» залында ірі мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы мол мағлұмат беретін «Өмірдерек», «Т.Рысқұлов кемеңгер», «Т.Рысқұлов және Түркісіб», «Алаштың ардақтысы Тұрарға тағзым» атты тақта және тұрартанушы азаматтардың Орталық Азия мен Ресейдің аса көрнекті мемлекет қайраткері Т.Рысқұлқұловтың әр саладағы атқарған қызметтері туралы дерек беретін шығармалары орналасқан. Т.Рысқұловтың қызы Сәуле Тұрарқызының жеке архивінен алынған құжаттар мен фотосуреттер және республикалық киноқоры архивінен алынған «Революция түлегі» атты деректі фильмдерімен толықтырылған. Келесі бөлмедегі экспозицияда РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың Кремльдегі кабинетінен көрініс берілген. Аудан тарихи бөліміндегі экспозияцияда Түлкібас аймағының алғашқы құрылған кезеңі, артель, колхоздастыру, сол кездегі ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласы туралы мағлұматтар топтастырылған. Табиғат бөліміндегі экспозицияда Түлкібас ауданының географиялық жағдайы, Ақсу-Жабағылы қорығын мекен ететін аңдар, құстар, “Қызыл кітапқа” енген өсімдіктер, дәрілік шөптер және қазба байлықтары туралы деректер берілген. Сонымен қатар, мұражайда есімдері ауданға, облысқа танымал суретшілер, қолөнер шеберлері мен зергерлердің еңбектерін халыққа насихаттау мақсатында арнайы көрме залы орналасқан. Мұражай ғимаратының аумағында 5 мемориалдық ескерткіш орнатылған. Ауған соғысының құрбандарына (1979-1989 жж.) арналған ескерткіш тет осы аумақтан орын тепкен. Тәуелсіз елдің ұрпақтарына арналған «Аманат» ескерткіші де сондайдан көз тартады. Мұндағы ақ бесік – өмірді бейнелесе, ана білезігі мен күміс қоңырауың бейбіт күннің кейпін кестелейді. Бұл композиялық шешімнің идеясын осы аймақтың түлегі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай ұсынса, ескерткіші Смайыл Баялиев сомдады.
— «Т.Рысқұловтың туғанына -130» жыл толуына орай қандай шаралар ұйымдастырып жатсыздар?
— Қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың 130 жылдығына орай » Тұрар — тарихи тұлға» атты көрме іс шарамыз бар.
-Өз заманымызға оралсақ. Ауданымызға еңбегі сіңген азаматтарымыздың бұйымдарына орын бар ма?
— Ауданымызда еңбегі сіңген азаматтарымыздың бұйымдарына әрине орын бар. Қуана қуана қабылдаймыз. Ауданымызға еңбегі сіңген азаматтарымыз жетерлік. Еңбек ардагері, ұстаз Сәлімбай Ахметов мұражайымызда орден-медальдарымен жеке заттары бар, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы ның кітаптарымен мен жеке заттары бар.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мархабат Байғұттың кітаптары мен грамоталары бар. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мыңбай Дархан Қамзабекұлының жеке заттары, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Тұрысбеков Зауытбек Қауымбекұлының жеке заттары, танымал қаламгер, әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдекенің кітаптары мен жеке заттары, сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты, тұрартанушы, ҚР Орталық мемлекеттік архивының директоры Сәбит Шілдебайдың кітаптары музей қорына жинақталған.
— Әрине туған жердің тарихын білу әр азаматтың міндеті. Жалпы аудан тұрғындарының мұражайға деген қызығушылығы қандай?
-Тағылымды тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізі алтын көпірі бұл музейге аудан тұрғындарын қызықтыратыны әрине қуантады. Мұражайға келуші қонақтарымыз көп. Сол себепті көнеден жеткен жәдігерлерді жинақтап, көздің қарашағындай сақтайтын мәдени ошақ әрқашан биік.
– Алдағы атқарар жұмыстарыңыз туралы айтсаңыз.
— Музей –мәдениет мәйегі, ауданымызда брендтернің бірі болуы керек деп ойлаймын. Тарихи-өлкетану деген атына сай абырой-беделі биіктеп, нағыз насихат, шынайы патриоттық тәрбие орнына айналса дейміз. Алдағы атқарар жұмыстарымыз көп. Ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары, ғылыми қор жұмыстары және 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бойынша жұмыстар атқарамыз.Іске қызу кірісіп кеттік.
— Іске сәт! Арнайы уақыт бөлгеніңізге рахмет!