«Шын талант жүре пайда болмайды, шын талант адаммен бірге туылады» деген сөз бар аталы қазақта. Иә, өнер айдыны үлкен әрі мөлдір. Өнер адамының жаны да сондай сұлу әрі нәзік. Олар әдемілікті, адалдықты, сұлулықты, тазалықты жақсы көреді. Қай зат болмасын сол дүниеден сұлулықты ғана көре алады. Сондай әсемдікке негізделген жаны мен тәнінің арқасында ондай азаматтар өнер адамы деп аталады. Олар ел алдында, елдің назарында, көптің аузында жүргендіктен қашанда тура жолдан таймауға, біреудің көңілін кірлетпеуге, ренжітпеуге, барынша бір сөзді болуға тырысады. Иә, өйткені оларға қарап қоғам қалыптасады, өскелең ұрпақ бой түзейді. Өзіміз де, бала болып, «әу демейтін қазақ жоқ» деген сөзді ұран етіп, талай дауыстап ән айттық. Келіспей шыққан үннен де, қасиетті музыкадан да арланбадық. Неге? Өйткені, біз ел алдында жүрген өнер азаматтарына қарап бой түзеп, сол кісілердей елдің алғысын алуға тырыстық.
Рысты Шымырбаева деген сіздің есіміңіз де ел аузындағы азаматтардың қатарында. Ойын баласы да сіз секілді ән айтып, өнер иесі болуға тырысып бағуда. Оның өзі үлкен бақыт деп ойлаймын. Үйдің ғана көсегесін көгертіп қоймай, бүтін бір ауылдың өркениетін қолға алып, басшылық жасап жүргеніңізге биыл 23 жыл толыпты. Қос жауапты қызметті қатар алып, бойыңыздағы талантты қоса дамытып, ауылдың мәдениетіне жауаптылық танытып жүрген сіздей өнер иесіне қандай мадақ болса да жарасары анық. Осындай жауапты қызметтер арасында бізбен сырлы сұхбат жүргізіп, қызықтырған сауалдарымызға жауап беруге тырысып баққаныңыз үшін алғыс айтамыз.
— Ең алғашқы сұрақты сіз туып өскен елден, жерден бастасақ…
— Мен Шымырбаева Рысты Әлімбетқызы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келдім. 1984 жылы мектепті үздік бітіріп Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы өнер институтына «Музыкалық білім» мамандығы бойынша оқуға түстім. Музыкалық білімімді жетілдірген соң Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік институтының «Жергілікті басқару» мамандығы бойынша білімімді жалғастырғанмын. Жалпы, өз басым жан-жақты болғанды, кез-келген салада өз ойымды жеткізе алатындай білімді болғанды жөн көремін. Бұрынғы кезде «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз көп айтылушы еді ғой. Сол сөз дәл қазіргі таңда нәзік жандыларға да керек. Өйткені, заман бір орнында тұрған жоқ. Күнделікті қарыштап, өзгеріп жатқан қоғамда білімнің артықтығы болмайды. Даму керек, ілгерілеу қажет. Сонда ғана көшпен бірге жүру, кез келген ортада өзіңді еркін ұстау, пікіріңді ашып айту қиынға соқпайды. Осы соңғы екі жыл ішінде мен психология саласында да білімімді жетілдірдім. Өйткені, ел алдында жүргендіктен көп адам ақыл сұрап, пікірімді білгісі келіп жатады. Сондай кездерде біреуге ақыл айта алатындай немесе көмек бере алатындай білімім мен ізденісімнің болғаны дұрыс деп ойлап, осы саладан да бой көрсетіп келемін. Сонымен қатар, халықтың қуанышын бөлісіп, асабалық қызметте де жүргенімді көбіңіз білерсіздер. Мен үшін бір ғана дүниемен шектелу жат нәрсе. Сондықтан жан-жақты болып, заманмен бірге дамып отыруды құп көремін. Атымның оза шапқаны да, жолымның болып жатқаны да мынау халықтың ақ батасының арқасы деп ойлаймын.
— Бойыңызға Алла бақ қып берген талантты қашан байқадыңыз? Бала боп тәтті шақтың қызығына қанып жүрген шақта кім болғыңыз келді? Әншілік бала күнгі арман еді ма?
-Иә, менің бала күнгі арманым әнші болу, үлкен сахналарды бағындыру болатын. Бойымдағы талантты бала кезден байқадық. Ыңылдап ән айтып, ағайын туыстың қуанышында бала боп ән шырқайтынбыз. Сөзіміз түсініксіз болса да, тәтті тілімізге қызығып, туыс біткеннің бәрі арқамнан қағып, батасын беріп жататын. Ең алғашқы орындаған «Ақбұлақ» әні менің ең жақсы көретін сазыма айналған. Мен ән шырқаған мектеп сахнасы менің жүрегімде ерекше орын алған ең киелі сахна. Үлкен маңызды немесе шетелдік сахналарда ән шырқамасам да, облыстық, республикалық маңызды шараларда, аудан сахналарында әнімді айтып, еліме еркелеп жүргеніме 50 жыл болыпты. Бастысы балалық арманымнан алыстамағаныма қуанамын. Осының өзі мен үшін үлкен бақыт деп білемін.
-Сіз шырқаған алғашқы ән есіңізде ме? Ол сахнаның киесі сіз үшін қаншалықты маңызды? Балалық шақтағы алғашқы сахнаңызға даналық шақта барып көрдіңіз бе? Әсірімен бөліссеңіз?
-Жоғарыда айтып өткенімдей ол сахна мен үшін өте киелі. Өйткені, балалық шағымның ең тәтті кездерінің куәсі болған, өнерге деген кіршіксіз махабатымның ашылуына себепкер болған сол мектеп сахнасы еді. Ескі сахна, ескі мектеп болса да оның мен үшін орны қашанда ерекше. Даналық шақта ол жерге арнайы барып, ән шырқап, бала Рыстыны есіме алып көрмедім. Бірақ, алдағы уақыттарда барып, елмен қауышып, бала күндерімде шырқаған әндерімді айтқым келеді. Жоспардағы істердің ең маңыздыларының бірі осы.
-Өнер жолында сіз үлгі алатын руханияты бай, өнері мұра шын талант иесі бар ма?
-Өнерді бағалай білетін, шын сүйе білетін, бар құрметін арнай білетін өнер адамының барлығы үлгі. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген хакім Абайдың сөзі бар. Бәріңіз әнші болып, биші болып сахнаға шыққымыз келеді. Бірақ, көпке еріп, көптің бірі болып келген мұндай өнер ұзаққа бармайды. Сол себепті де өнер адалдықты, шынайылықты сүйеді. Бойында шын таланты бар, өнерге деген құрметі қос жанарынан көрініп тұратын азаматтарды халықтың өзі — ақ іріктеп алады. Мен үшін шынайы өнерді сүюшілердің бәрі үлгі деп білемін.
— Әншіліктен басқа сіз сазгерсіз. Құлағымызға жатталып қалған тамаша әндердің авторы екеніңізді жақында білдім. Таңданып, қызыққанымды жасыра алмаймын. Сазгерлік қабілетіңіз қашан байқалды? Ең алғашқы әніңіз қалай туды?
-2011 жылы қысқы Азия ойындарының олимпиадасы біздің елде өтті ғой. Сонда шабыттанып, көк байрағымызды желбіретуші спортшы қандастарыма қолдау болсын «Қазақстан» әнін жазған болатынмын. Үлкен махаббатпен, сеніммен шыққан ән болды. Сазгерлік бағытқа кеш келдім. Өйткені, бұл бағыт үлкен жауапкершілікті талап етеді. Екі нотаны құрап ән шығара беру сауатсыздық деп ойлаймын. Ән болған соң, музыка болған соң ол құлаққа жағымды, естіген адамға жұмсақ болуы керек деп ойлаймын. Әнді адам жалығып емес қалықтап тыңдаса ғана ол жүрекке жетеді. Сол себепті де мен күнде ән жазамын, тапсырыс аламын деп мүлде айтпаймын. Себебі, мен әнді шабыттанғанда ғана жазады екенмін. Ал, шабыт әдемі өлең жолдарын оқып, ерекше сезімге бөленіп, терең ойға батқан кездері ғана келетін сияқты. Сондай сәттерде ғана нотамен жақын сырласамын десем болады. Ен алғашқы «Қазақстан» әнін қазіргі таңда филормонияда жұмыс істейтін әріптесім Гүлжазира Нұрпейісова деген қыз орындап жүр. Одан кейінгісі Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Қанша күттім» деген ән болатын. Қазіргі кезде М.Махановтың орындауында Қ.Алагөзовтың сөзіне жазылған «Әкесіз ұл» әні, Опера және балет театрының әншісі Оралхан Сейілбекованың орындауында «Қазақстан» әні, Түркістан сарайының әншілерінің орындауында Айталы Сейдақтың сөзіне жазылған «Ата заңым-айбынды» әні, Гүлбала Әбуованың сөзіне жазылған Айжан Тәженованың орындауында «Құрма» әні, Мамадияр Тәукеевтің орындауында сөзін жазған Құрманай Бахтиярқызы “Достарым бар” әні ел арасында кеңінен тыңдалып жүр. Жалпы, жүрегімнен шыққан көптеген әндер шырқалып жүр. Соның өзі мен үшін бақыт.
— Әншінің де, ақынның да шабыт алатын дүниесі болады. Бірі табиғатқа қарап жыр жазса, енді бірі түнгі ұйқысын бөліп ән жазады. Сіз шабытты неден аласыз?
— Шынымды айтсам, мен мынаған қарап, ананы көріп шабыттанамын деп айта алмайды екенмін. Менің өзіме де белгісіз бір кездерде бойыма күш дарып, ән жазғым келіп кетеді. Немесе әдемі өлеңдер оқып отырып, осы өлең менен ән сұрап тұрғандай сезім алып, тез арада жүректегі әнді жазуға тырысатыным бар. Бойымдағы бұл бағыттың сырын өзім де түсіне бермеймін. Мүмкін тылсым деген осы болар.
— Нағыз өнер иесіне халықтың құрметінен артық мадақ болмайды. Дегенмен, ол шығармашылық жан болғаннан кейін әр ісі марапатталуы тиіс. Сіз үшін осы күнге дейінгі алған марапаттарыңыздың ішіндегі ең құрметтісі қайсысы?
— Өз басым атаққа бойымды құмар еткім келмейді. Аса бір маңызды атағым орденім болмаса да, менің тілеуімді тілеп, батасын беріп жүретін елім бар, жұртым бар. Сол мен үшін ең үлкен мәртебе. Дегенмен, елге қызмет етіп, өнер жолында азды көпті маңдай терімізді төккеннен кейін елеп, ескеріп беріп жатқан мадақтары баршылық. 2012 жылы «Облыстың үздік композиторы» деген мадақпен, 2017 жылы Түлкібас ауданының мәдениет саласының үздігі деген төсбелгімен марапатталғанмын. Одан бөлек көптеген республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі орындар алған екенмін.
— Шәкірт баулып, оған өнердің киесін ұқтырып, қанаттануына себепкер болатындай ұстаз болу жоспарда бар ма немесе сіз мақтанатын шәкірт бар ма?
-«Айша Нұр» ән-би ансамбльі құрылғанына 10 жыл толды. Халықтың көзайымына айналған топ республикалық қаншама байқаулардан оза шауып, облысқа кеңінен танылып сүйікті топқа айналып отырмыз. Сонымен қатар КТА ойындарының жеңімпазы атанып жүрген «Made in Balykty» тобы да менің мақтаныштарым.
— Қазіргі таңда 4 ұлдың анасы атанып, тәп-тәтті немерелердің жап-жас әжесі болып отырған аяулы жансыз. Жолдасыңыз да өнер азаматы. Бір-біріңізді түсіну, қажет жерде қолдау сіздер үшін қатты қиынға соқпаған болар. Жалпы, іште тұнып тұрған өнерді тұншықтырмай, отбасылық өмірмен қатар алып жүру екінің қолынан келе бермейді. Сіздің осындай қайсарлық пен төзімділік танытып, өнерді қатар алып жүруіңізге жолдасыңыздың қолдауы себеп болған шығар?
— Әрине, жолдасым болмаса мен осылай ел алдында жарқырап, жайнап жүрер ма едім? Қол ұстасып мәдениет саласында бірге келе жатқанымызға 30 жылдан асыпты. Соңғы кездері дуэт болып ән шырқап жүрміз. Ұлдарымыздың әр жетістігіне қуанып, балдай тәтті немерелеріміздің қылығын қызықтап отырған бақытты апа мен атамыз. Қазіргі таңда менің үшінші ұлым Ұлан Әділхан бала күнгі арманымды орындап арман қала Алматыда жүр десем де болады. Эстраданың мықты әншілері С.Ибрагимов, М.Садуақасова, Садрадин, Райм мен Ерке, Илхан сияқты елдің сүйікті әншілерінің ән әрлеушісі болып еңбек етеді.
Әйелдің өзі мықтылық пен төзімділікке жаратылған жан ғой. Бәріне шыдауға, үлгеруге болады. Тек төзімділік пен сабырлылық қажет. Менің осындай дәрежеге жетуіме әр сәтімді қолдап, әр жетістіме дем беріп, қолпаштап жүрген жолдасымның барына қуанамын. Ер азаматым болмаса мұндай жетістікке жетер медім деп ойланамын кейде.
-Өнер сүйер жандарға, «әнші» боламын деген азаматтарға, аудан басшылығы мен сіздің шынайы тыңдармандарыңызға айтар қандай да бір алғысыңыз немесе уәжіңіз болса, мархабат.
— Өнер шынайылықты сүйеді. Адал болуды қалайды. Өнерге келемін, өнермен өмірімді байланыстырамын деуші жандарға ең бірінші шынайылық қажет деп ойлаймын. Осы жолды таңдаушыларға үлкен жүрек керек деп білемін. Өнерімізді бағалап, батасын беріп, қолдап қолпаштап жүрген барша түлкібастық тарландарға, бауырларға алғысым шексіз. Сіздер көрсеткен ілтипат пен ықыластың арқасында біз өркендей береміз, шабыттанып, шалқи түсеміз. Өміріміз әндей әсем, өлеңдей мәнді әрі мағыналы болсын.