Түлкібас кентінде 2019 жылы бой көтерген «555 оқу орталығы» қаншама ауыл балаларын өнерге, білімге, спортқа баулып келеді. Үш бағыт бойынша бала бойына қосымша білім беріп келе жатқан орталық мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен ҚР Мәдениет және спорт министрі, Білім және Ғылым министрінің қолдауымен мемлекеттік шығармашылық тапсырыстық қаржыландыру бағытында жұмыс жасап келеді.
Бүгінде 500 бала орталыққа келіп, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы етіп өткізуге мүмкіндік алып отыр. Өнер мен спорт бағытындағы балалар тегін шыңдалса, білім саласына келушілерге ақылы түрде сабақ өтіледі. Жалпы орталықта 10-ға жуық маман жұмыс істейді. Ұлттық би, домбыра, домбырамен ән айту, вокал, тоқыма тоқу, кескіндеме сурет салу, шахмат, дзюдо және қазақ күресі үйірмелерімен қамтылған.
— Негізгі мақсатымыз заман талабына сай ұлттық құндылықтарды меңгерген жас ұрпақты жетілдіру болып отыр. Сол бағытта тәжірибелі, сауатты, өз ісіне жауапты ұстаздарды да жинадық. Балалар да бос уақытын тиімді пайдалануда. Спорт-саулық кепілі болса, өнер адамды мәдениеттілікке, көпшілік ортаға бейімделуге, өз ойын ашық жеткізе алатындай еркін етуге көмектеседі. Ал ілім мен білімнің орны қашанда бөлек. Балалардың жан-жақты дамып, ізденуі үшін орталықтан 555 кітапхана бұрышын жасап жатырмыз. Онда түрлі кітаптар қоры болады. Бос уақытында кітап оқып, дүниетанымын кеңейтуге бұл таптырмас мүмкіндік деп білемін. Жалпы, әр салада балалар жетістікке жетіп, шетелдік жолдамаларды жеңіп келеді. Оған бізде, ата-аналар қауымы да шексіз риза боламыз.
Спортшыларымызда, домбырашыларымыз да, бишілеріміз де түрлі облыстық, республикалық тіпті халықаралық жарыстардың жеңімпаздары. Соның дәлелі болып Байрамова Сәуле атты 6 жасар қызымыз “Илигай сәулем” биін сахналап Түркия еліне жолдама жеңіп алды. Дәл осы елге тағы да бір топ бишілеріміз барып, өнер көрсететін болады. Бұл жақында ғана өткен байқаудың қорытындысы болды, — дейді орталық басшысы Байсеріков Ордабек Кенжеұлы.
— Данс Батл бишілер байқауында 50-ден аса топ өнер көрсетті. Бұл жарыс облыс орталығы Түркістан қаласында өтті. Топтық би және жеке би бойынша жеңімпаз атанып шетелге жолдаманы жеңіп алдық. Бұған дейін де біздің мектеп 60-100 қызды жарысқа апарып, жүлдесіз оралмаған екенбіз. Осындай мүмкіндік беріп, балалардың жұлдызының жарқырауына себепкер болған ұжымға шынайы алғысымды айтамын. Сәуле қызымызды жеңісімен құттықтаймын. Алда өтетін Түркиядағы жарыстан тағы да жеңіс тұғырынан көрінеміз деп сенім білдіремін,- дейді топ жетекшісі Алина Гаибовна.
Түлкібастың талантын танытып, шығармашыл жастарын қолдап жүрген орталық ұжымына біз де шығармашылық табыс тілейміз.