Қазіргі қоғамда сіз бен біз біле бермейтін мамандық атаулары өте көп. Бірінің атқаратын қызметін білмесек, енді бірінің қызметі былай тұрсын атауын айтудың өзі қиын. Тіліміз бұрмаланып, күрмеленіп, ежелеп отырып зорға айтамыз. Мұның барлығын ақпараттық дәуірдің ерекшелігі деп түсінеміз. Бұл жаңашылдыққа әуелде көп мән бермегенбіз бе, әйтеуір тереңірек ұғынып, зерделеп көрмеппіз. Көпшілік заманауи маман иелерінің негізгі міндеті мен мақсатын білмейді. Оны сапарда жолсерік болған қарияның әңгімесінен байқадық. Бізді ойландырған, толғандырған, зерделеп-зерттеуімізге сеп болған қарияның әңгімесі көпке де пайдалы болар деп ойладық.
Бірде әріптес құрбыммен Шымкент қаласына арнайы жұмыстармен қарай бет алдық. Мінген көлігіміздің алдында егделеу келген ата отыр екен. Оны кейін байқадық. Бір-бірімізден ананы алдың ба, мынаны алдың ба деп заттарымызды түгендеп болғанымызды күтті ме, әлгі ата біраз уақыт өткен соң сөзінің «Біссімілләсін» амандық сұраудан бастады. Біздің аудандық газетте тілші екенімізді білген соң, қуанып, батасын беріп, шығармашылық өсу тіледі. Содан әңгімесін бастады.
-Ал, қарақтарым, істеріңнің алла берекесін берсін. Газеттеріңнің тұрақты оқырманымын. Өзім редакцияларыңнан барып алып кетемін. Кейде балаларды жүгіртіп жіберемін. Шығармашылық адамдарына ерекше қолдау керек қой. Жарайсыңдар. Ел мүддесі үшін жаза беріңдер. Ақыры журналист екенсіңдер онда сендерден білмегенімді сұрап, білімімді жетілдіріп алайын. Әңгімелесіп пікірлесіп барайық, жол қысқарсын. Менің үйде немерем бар. Мектеп оқиды. Маған айфон керек деп жүр. Күнде әртүрлі суретке түсіп әлгі интернетке саламын, адамдар көрсін дейді. Қолындағы ұстап жүрген телефонымен жеп жатқан тамағымызды, кітап оқып отырғанын, менің домбыра тартып ән айтқанымды түсіріп жүреді. Арасында бірнәрселер күбірлеп қояды. Оны естімеймін ғой не айтып жатқанын. Ана жолы үш жүз мыңға видео түсіретінді үйрететін сабақ оқыды. Қоярда қоймай мобило дей ма қандай еді аты сондай болам дейді. Тілімізде келмейді күрмеленіп зорға айтамыз ғой. Біздің кезімізде мұғалім мен дәрігерді ғана білетін едік. Қазір ат та көп, атау да көп. Әйтеуір миы ашыған заман. Сомен балам «Блогер» болам ата дейді. Көп ақша табамын дейді. Жарайды бол деп арқасын қағамыз ғой. Жалпы, сендер елмен халықпен жұмыс істеп жүрген азаматсыңдар ғой. Бұған не дейсіңдер. Блогер деген не ол, кім ол? Әдемілеп түсіндіріп берсеңдер баламның болашағын ойлап сарсанға түспейтін едім. Көңілім тынышталар еді. Олардан блогер деген кім десем ой ата түсінбейсіз сіз деп қысқа қайырады. Енді маған сендер түсіндіріңдер,- деп атамыз қолқа салды. Сомен атамызға блогердің кім екенін айтып, қалта телефонымызды алып, әлеуметтік желілердегі бірнеше блогерлердің парақшасын ашып, көрсетіп, толық ақпарат бердік. 40 минуттық қысқа жолымыз әп сәтте бітіп, атамызбен қоштастық. Аз ғана уақытта көп адамның танымын кеңейтетін тақырыпты бастауымызға себеп болған қарияның бұл сұрағы сізді де ойландырып жүрсе керек. Ендеше «Блогерлер» тақырыбын зерттеп, сараптап, тамаша туынды жазып, сіздерге ұсындық. Асықпай оқып, көңілдеріңізге керегін тоқып алсаңыздар деген ниет біздегі.
Жалпы, блогер сөзінің анықтамасы өте оңай әрі қарапайым. Блог-онлайн күнделік дегенді білдірсе, блогер- күнделік жүргізуші деген мағынаны білдіреді. Бұл күнделіктің басқалардан ерекшелігі жариялылығында. Бірақ, қазіргі блог, блогер деген түсінік бір ғана ұғым шеңберіне сыймайды. Ауқымы кең. Нақты түсінік беру қиын. Бұл жаңа мамандықтың тарихын зерттеп көрдік. Әуелде әртүрлі маман иелері, көбінше жастар Woldpress блог платформасында блог ашып жүргізе бастаған. Уақыт өте келе бұл онлайн ортаға айналып, жастардың алаңына айнала бастады. Сөйтіп, блогерлердің алғашқы кездесуі Алматы қаласында өтті. Бұл бастама жастардың бір-бірін тануына, білуіне, қарым-қатынас жасап, пікірлесуге үлкен мүмкіндік болды. Кейіннен басқа топтар мен өзге ниетті адамдардың кірігуінің салдарынан бұл топ жабылып, блогерлер басқа платформаларда онлайн жұмыс жасай бастады.сөйтіп, фейзбук, инстаграмм желілерін пайдаланып, оқырман жинап, аудиториясын қалыптастыра бастаған. Әлем бойынша Джастин Холл мен Йорен Баргер бірінші рет блог жүргізген екен. Олар кейіннен бұл істің сұранысқа ие мамандық болатынын білмеген болуы керек. Ал, бүгінде блог ашып, жүргізгісі келетін жастардың қатары қалың. Оның 60 пайызы оқушылар екен. Жалпы, желіде миллиондаған блог тіркеліпті. Бір ғана Уолпресте 75 миллион блог бар екен. Қалғандарын есептей беріңіз. Бұл сала адамнан ерекше еңбекке деген ұмтылысты қажет етеді. Байқасаңыз блогерлер жан-жақты келеді. Олар тек бір ғана мамандықпен шектелмейді. Әмбебап маман деген теңеу осы блогерлерге сай келетін сияқты. Ал, авторлық блог жүргізу журналистер тілімен айтқанда, кішігірім газет шығарумен бірдей екен. Бірақ оны жазатын да, өңдейтін де бір адам. Міне, автордың өзі тілші, редактор, корректор, монтажер, фототілші, өңдеуші бола алады. Жан-жақтылық деген осы. Блогерлерді көпшілік «Маркетинг білгіші» деп те атайды. Неге? Өйткені, олар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бір ғана жазба қалдырып болды мен жаздым, желіге жарияладым демейді. Оларға жазбасының әрі қарай талқылануы, аудиториясының пікір білдіруі маңызды. Сол үшін де блогерлер тынбай еңбек етеді, ізденеді. Блогерлердің көбі кәсіпкер екенін де анықтадық. Жүргізген блогы, жиналған аудиториясы арқылы тамаша кәсіп ашып, негізгі табыс көзіне айналдырып отырғандарын да жасырмайды. Демек, блогерлер жеке парақшасын бизнес жобаға да айналдыруына мүмкіндігі мол. Блогерлдерді көбі қайырым адамдар санатына жатқызады екен. Өйткені олар халықпен бірге үйсіздерге баспана, денсаулығы жоқ жандардың ем-домына қаражат, көмекке зәру пенделерге қол ұшын соза біледі екен. Әрине жалғыз емес, оқырмандарымен. Міне, біз зерделеген блогер маманына берілген анықтамалар осындай. Соңғы кездері «Блогерлер журналист бола алады ма» деген сұраққа пікір білдірушілер қатары көбейді. Блогерлер де журналистер сияқты жаза алады, айта алады деп шуласты. Осы Мәселе көтерілген тұста мен бірнеше мақаланы оқыдым. Керегін қалта дәптеріме түртіп те алыппын. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов бір сұхбатында: «Журналистер- кәсіпқой мамандар. Олардың жазған сараптамалық мақаласын, эфирдегі бір минуттық сюжетін немесе кейіпкерді ашу керек болған тамаша сұхбатын басқа сала маманы жасай алмайды. Бүгінде журналистердің жұмысын блогер атқара алады деген пікір ара-тұра айтылып жүр. Журналистика жүректің қалауы, журналист блогер бола алады, сөзсіз, ал блогер журналист бола алмайды. Блогерлерге шектеу қою керек» деп үзілді кесілді пікір білдірген екен.
-Мысалы, дамыған елдерде БАҚ нағыз өз функциясын атқара алады. Цензура ол жақта біздегідей емес. Сарапшы, мейлі журналист болсын, баспа бетінде, телеарнада өз ойын ашық айтады да көппен бірге талқылайды. Ал, бізде БАҚ-тың көбі мемлекетке тиесілі болғандықтан цензура бар. Айтылмаған ой, пікір әлеужеліге шығып жатқаны содан. Тблогерлердің белсенділігіне де осы себеп. Негізі мұндай дүниелердің бәрі айтылуы керек. Сонда ғана халық қызықтап көреді, оқиды. Блогерлердің белсенділігі де содан. Қазақстанда көп мәселені блогерлер көтереді. Сол себепті олардың оқырмандары біздікіне қарағанда көп. Міне, әңгіменің төркіні қайда жатыр,- дейді Бүгін.кз ақпараттық порталының Бас редакторы, жоба жетекшісі, журналист Нурила Қалдыбай.
-Отандық блогерлердің көбі ананы жамандап, мынаны жамандап, айтқаным ақиқат деп жүргендер. Баз біреулері түрлі нәрселерді жарнамалап ақша тауып жүрсе ,енді бірі қайырымдылық жасап, елдің алғысын алып жүр. Біраз блогерлерді білемін. Шынайы, контенті пайдалы. Ал, біразының мақсаты бәлеқорлық. Қалың оқырман тек сараптай білсе деймін. Пайдалы блогтан пайдалысын алып, қажетсізін көңіліне тоқымаса игі,- дейді аудан тұрғыны Аяулым Иманбай.
Осы тақырыпты қолға алмас бұрын біз оқырмандарымызға «Сіз білетін аудандық блогер» айдарымен арнайы опрос тастаған болатынбыз. Сол топ3-те Ақерке Әбілхан, Индира Нұрбекқызы мен Ақерке Есенгелді табылды. Оқырмандардың өтінішімен біз осы блог иелерімен байланысып, бірнеше сұраққа жауап берулерін өтінген едік.
Ақерке Әбілхан Жаскешу ауылының тұрғыны. Қазіргі таңда Қызылорда облысының ақ келіні атанып, отбасымен Алматы қаласында тұрады екен. Парақшасына тіркеліп біраз уақыт қарадым. Өте сапалы блог, пайдалы ақпараттар да жетерлік. Тамаша жазба жазуы да өзіндік ерекшелігі болса керек-ті. 419 мың оқырман тіркеліпті. Білім алып, басқа да қырымнан танылайын деушілерге мобилографиядан жеке сабақтар да өткізеді екен. Жалпы парақшасында 771 пост жариялапты. Эстетикалық фото-видеоның авторы. Қысқасы, тіркеліп, оқып, рухани жағынан азықтана алатын парақша екенін түсіндім. Сұхбатымызға келісім алғанымызбен автор бүгінде отбасылық демалыспен Тайландта жүргендіктен көкейдегі сауалымызға нақты жауап ала алмадық. Дегенмен, газетіміздің алдағы нөмірлеріне арнайы Ақерке Әбілханмен болған сұхбатты жариялайтын боламыз.
Келесі блог авторы Индира Нұрбекқызы. Шақпақ баба ауылының келіні атанған Индираның да жеке парақшасына жазылдым. 16,500 оқырман тіркеліпті. Өзін SMM маманы, мобилограф деп таныстырыпты. Расымен де солай. Тамаша фото видеолармен, пайдалы лайфхактар рецепттерді оқырмандарына ұсынып, өзінің контентін қалыптастыра білген ана.
-Менің оқырмандарым аса көп болмаса да пайдалы контент жасап, өзімнің жаным сүйетін дүниені істеп жүргеніме қуанамын. Қашанда жаңарып, ізденіп, дамып отыруға тырысамын. Блогер боламын деген ой алғашында ойыма келмеді. Кішкентай қызыммен үйде жалғыз қалғанда неге мен жұрт жасағанды жасап көрмеске деген оймен біраз видеолар түсіріп инстаграм желісіне жүктей бастадым. Түрлі тәттілер пісіріп, тамақтар дайындап ұсына бердім. Бірте бірте оқырмандарымның саны артқанын байқадым. Солай кірісіп кеттім. Бүгінде Қытаймен, Түркиямен жеке бизнес бастау жобасын қолға алып, біраз әйел азаматтарына білім бердім. Аллаға қаласа, алда бұдан да жақсы жетістіктерге жетемін деген ойдамын. Осы блогерліктің арқасында «Жыл келіні 2022» байқауынан ІІІ орын алып, бірнеше жетістіктерге жеттім. Бастысы, үйде отырған аналар бос уақыттың қадіріне жетіп, әр нәрсені заманына қарай дұрыс пайдалана білсе деймін. Блог ашып, блог жүргізу кез-келген адамның қолынан келетін іс. Тек еңбек, ізденіс керек,-дейді блогер Индира Нұрбекқызы.
Ал, оңтүстік өңірін келіндік әдебімен, тиянақты ісімен, тәп тәтті бүлдіршіндерімен тәнті еткен блогер Ақерке Есенгелді. Декреттегі ана оқырмандарына сапалы сүт өнімдерінен тәттілер жасап, құрт май, ірімшігін жарнамалау арқылы ұнаған. Қаншама түлкібастық ағайындар жас ананың тірлігіне, күнделікті існе сүйсініп жылы лебіздерін білдіреді екен. Ақеркенің жеке парақшасын өз басым біраздан бері қараймын. Еңбекке адал, ісіне жауапкершілікпен қарайтын ол оқырмандарына өзінің сүйкімділігімен ұнаған секілді. Екі баланың анасы осы блогерлік жұмысының арқасында облыстық телеарналарда сұхбат етіп, бірнеше байқаулардан оза шапты. Белгілі бір себептермен оқырманы көп парақшасынан айырылып, бүгінде ет жақын туыстары мен достары ғана тіркелген парақшасын жүргізеді екен.
-Қазіргі таңда блогерліктен мүлде кеттім деп айта алмаймын. Парақшам бар. Бірақ ол жерде мені ұмытпай іздеп келген оқырмандарым мен туыстарым достарым бар. Оларға да уақытым босап жатса міндетті түрде пайдалы посттар салып, видеолар жүктеуге тырысамын. Блогерлік салдада мықты қаражат табуға болады. Ол сіздің қабілетіңізге қарай. Мен ескі парақшамда әр сторис құны 5-7 мың теңгені құрайтын. Көптеген пайдалы дүниелерді жарнамалап үйде отырып-ақ ақшы табатынмын. Бүгінде жолдасымыз екеуміз аудан орталығынан ерлер дүкенін ашып, кәсіпкерлікке бет бұрдық. Сол себепті де болу керек, жеке парақшама уақыт бөле алмай жүргенім. Дегенмен, «Зере» ерлер дүкенінің парақшасын жүргізіп жүрмін. Блогер болуға әркімнің таласы бар, дегенмен жауапкершілігі де жетерлік. Айтатын ақпаратыңыз болмаса, пайдалы дүниеңіз болмаса, қызықты сәттеріңізбен ерекше бөлісе алмасаңыз блогермін деу қателік. Сол себепті де блогерлер жан жақты болуға тырысады. Оқырмандарын қандай дүниемен қызықтыруға болатынын ойлап жүреді. Жалпы, үлкен сауаттылық керек,- дейді блогер Ақерке Есенгелді.
«Адамның естісі бар, есері бар»,-дегендей әр салада өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген мықтылар болады. Оларға үн қосушылар, оларды қолдаушылар да көп болары сөзсіз. Блогерлік те солай. Сапалы дүние жасап, әдемі контент ұйымдастырып, оқырмандарыңыз үшін сүйкімді бола білсеңіз, сыйыңыздың артқаны. Ал, ондай дүниелер жасай алмасаңыз «Блогермін» деуіңіз ақымақтық. Ақылға салып, сараптағаныңыз абзал.