Халықаралық құстар күніне орай, Шымкент мемлекеттік экологиялық зообағында Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Экология, өлкетану және туризм орталығы, Сайрам –Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен бірлесе отырып « Ornis-» атты оқушылар арасында жас орнитологтар сайысы өткізілді. Сайыс 4 кезеңнен тұрды:
1. « Команданың визит карточкасы»;
2. «Құстардың таңғажайып әлемі» викториналық сұрақ –жауаптар;
3. «Құстарға қамқор болайық» атты құстар үйі ( скворечник) көрмесі;
4. «Шекарасыз шығармашылық» үй тапсырмасы.
Сайысқа командалар жақсы дайындықпен келген. Командалар өздерін құстарға байланысты атаулармен атаған, эмблемаларын, киімдерін құстар мерекесіне сәйкес жасаған. Сайыс барысында өз білімдерін, өнерлерін паш етіп, құстар туралы білімдерін шыңдап, құстарға қамқорлық танытудың озық үлгісін көрсетті. Әр мектеп «Құстарға қамқор болайық» атты құстар үйі ( скворечник) көрмесін дайындап келген. Әр түрлі қолөнер , сурет туындыларын дайындап, әсем ән мен мың бұрала билеген билерімен көрермендерді тәнті етті. Қорықтың ғылыми, ақпараттық және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері орнитолог –А.Усипова әділ қазы алқасының құрамында болып, сайыс қатысушыларына баға берді. Байқау соңында жеңімпаздар диплом және сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараға 400 –ге жуық адам қатысты.
Құстар күні бұл күн сонау 1906 жылдан, құстарды қорғау туралы Халықаралық конвенция жарияланғаннан бері аталып келеді. Құстар күнін өткізудің мақсаты: әлемдегі құстардың түрі мен санын сақтау болып табылады. Бүкіл дүние жүзінде құстардың 9 мыңдай түрі тіршілік етеді. Біздің еліміз де, құстарға өте бай. Қазақстанда құстардың 500-ге жуық түрі бар. Олардың күз айларындағы саны шамамен 18-20 миллионға жетеді. Ал Ақсу-Жабағылы қорығында құстардың 267 түрі бар. Бұл – үлкен байлық. Сондықтан да, біз оларды қорғап, пайдалана білуіміз керек. Құстар орман, жер зиянкестерімен қоректеніп, ауыл шаруашылығына пайдасын тигізеді. Ал құстардың эстетикалық мәні өз алдына бір төбе. Талай сазгерлер құстардың үнін әуенге қосса, талай ақындар құстар туралы тамаша жырлар жазған. Құстардың ұшу заңдылығын алғаш рет Леонардо да Винчи зерттеген екен. Содан бері көптеген авиаконструкторлар құстарды негізге алып, талай ұшақтар жасап шығарды емес пе?!
Құс — табиғат, өмір көркі. Халық шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, қас сұлуын аққуға, өз жігітін жапалаққа теңеген. Ертеде байлар мен патшалар, хандар бұлбұлды бағында сайратып, тотыны үйінде ұстаған, аққуды көлінде жүздіртіп, сұңқарды қолына қондырған. Құс барлық пен байлықтың, әсемдік пен сұлулықтың белгісі болған. Құстар өзгеше болып жаратылған құбылыс иесі. Бейне біздің аспан Әлеміндегі қорғаушымыз сияқты. Себебі көк аспан олардың туған мекені. Көкті құссыз, құсты көксіз елестету қиын. Біздің көгімізде құстар сайрап жүрсе, жердегі адамдар да тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқанының белгісі. Біз көкке қарағанда көзіміз ең әуелі ұшқан құсқа түседі. Көп жағдайда күйкі тірлікпен олардың тыныс — тіршілігіне мән беріп, тіпті көкке көз тастап, бір де қарамаймыз. Ал, олардың көкте ұшқанын, жерге қонғанын зер салып, бақылап қарайтын болсаң, олар бейне бір жұмбақ құбылыс сияқты. Ешнәрсені ашып айта алмайды. Қуанышы да, реніші де , ішінде сияқты. Бір құдіретті күшің болып, құстардың тілін түсінер болсаң, бейне бір басқаша әлемде өмір сүргендей болар ма едік?!
Қазақстанның биоалуандықты сақтау қауымдастығы Қазақстанның құстарды қорғау одағымен бірлесіп түрлердің проблемаларына назар аудару үшін жыл сайын «Жыл құсы» ақпараттық науқанын өткізеді. Орнитологтар кандидаттарды ұсынады, ал Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мүшелері жеңімпазды дауыс беру арқылы анықтайды. «Жыл құсы – 2022» бұлбұл құсы болды. Бұлбұл – торғайтәрізділер отрядының сайрауықтар тұқымдасына жататын әнші құс. Елімізде бұл құстың екі түрі бар: оңтүстік бұлбұлы және кәдімгі бұлбұл. Олар бір-біріне өте ұқсас. Кәдімгі бұлбұл Қазақстанның солтүстігін мекендейді, оңтүстік бұлбұл басқа аймақтарда кездеседі. Екеуі де қыстауға ұшып кететін құстар қатарында.
Бұлбұлдар орманға, баққа, орман алқабына, бұталы жерлерге ұя салады. Ұя әдетте жерде немесе төмен өсетін бұталарда орналасады. Олар негізінен жәндіктер, құрттар, ұсақ өрмекшілер және жидектермен қоректенеді. Дене қауырсындарының жоғарғы жағы қоңырлау, ортасы қоңыр-сұр, төменгі жағы сарғыштау болады.
Қалай болғанда да, жер бетіндегі адамдардың осы құстың әншілігін мойындамайтыны кемде-кем болар. Қай елдің фольклорында болсын, бұлбұлдың бейнесі бар, қай ел болсын, ғажап әншісін бұлбұл құсқа теңейді.