Біз бүгін сөз еткелі отырған кейіпкер де бүкіл саналы ғұмырын бір салаға – мәдениетке арнаған азамат. 1961 жылы маусым айының 5 жұлдызы күні Түлкібас ауданы, Рысқұл ауылында дүниеге келген Базылжан Забенұлы Сариев бала кезден мәдениетті адам болуға талпынып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде де өзге балалардай екі иығын жұлып жеп, бұзықтық танытпай барынша ұстамды болуға тырысып жүрді. Содан, жұрт қатарлы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, үлкен өмірге жолдама алу мақсатында арман қуып, Шымкент педагогикалық мәдениет институтының «клуб қызметкерінің мәдени ағарту жұмысын ұйымдастырушы әдіскері» факультетіне құжаттарын тапсырып, көздеген мақсатына қол жеткізді. Қиындығы мен қызығы аралас студенттік жылдар лезде өте шығып, кешегі студент- жоғары білімді маман болып шыға келді…
Сонымен, дипломды жас маман 1984 жылы Түлкібас аудандық мәдениет бөлімінің әдіскері мамандығы бойынша алғашқы еңбек жолын бастады. Әрине, бастапқыда Базылжан үшін бәрі де оңай көрінгені рас. Оның үстіне тәжірибесі аздау… Дегенмен, бәріне де уақыт емші емес пе? Осы салада бұрыннан тер төгіп жүрген мәдениет саласының аға буын қызметкерлерінің шапағатын көп көрген Сариев те бірте-бірте өз мамандығына төселе бастады. Өз ісіне деген адалдығы, бойына туа біткен сабырлығының арқасында аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы, бас маманы, аудандық білім беру және мәдениет бөлімі бастығының орынбасары, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет сатысында өрлей берді…
— Әрине, бүгінде бәрі де айтуға оңай ғой,-дейді Базылжан артында сағымдай болып қалып бара жатқан жылдарын еске алып,- Еліміз егемендікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдардың орта шенінде еліміздегі экономикалық дағдарыстың салқыны бізді де шарпып өткені жасырын емес. Жалақының өз уақтысында берілмеуінен, жарық, жылудың тұрақсыздығынан ауылдағы мәдениет үйлері қаңырап бос қалды. Клуб меңгерушілері айлықты уақтылы ала алмағандықтан жұмыстарын тастауға мәжбүр болып жатты. Аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлерінің де басым көпшілігі қысқартуға ұшырап, қас қылғанда бөлімде жалғыз өзім-ақ қалдым. Ол аз болғандай жоғарыдан түскен бұйрықпен мәдениет бөлімін білім бөліміне қосып жіберді… Мен білім беру және мәдениет бөлімі бастығының орынбасары болып сол жерде екі жылдай жарты ставкамен қызмет атқарып жүрдім.Бірақ, бәрібір алдағы уақытта елімізде әділдіктің қалпына келеріне сенімді болып аудандық мәдениет бөлімінің болашақта атқарылар жаңа жарғысын жазуды қолға алдым. Мақталы халық театрының статусының сақталып қалуына да сол жылдары ықпалымды тигіздім. Бір жақсысы, уақыт өте келе жағдайымыз түзеле бастады. Мәдениет бөлімі білім бөлімінен қайта еншісін алып шықты. Жалақы қолға уақтылы тиетін болды. Қызметкерлердің штаттық саны көбейіп, жоспарлы түрде еңбек етуге қол жеткіздік. Мәдениет саласы қанатын кеңге жайып, аудан көлемінде көркемөнерпаздар үйірмесі даңғыл жолға қайта түсті.
1998 жылы облыстық мәдениет басқармасының қазақ халқының әдеп-ғұрпының халық арасында насихаттау әрі өңірге қайта келтіру мақсатында өткен облыстық байқауда үздік көрсеткішке қол жеткізіп, жеңімпаз атанғанымыз бізге ерекше серпін беріп, алдағы күндерге деген қызығушылығымызды оятты. Осы байқауда ұйымдастырушылық қабілетім үшін, «Жас отауға енші беру», «Ашамайға мінгізу», «Атадан қалған мұрамыз» тақырыбында жазған сценарийім үздік деп табылып, арнайы дипломмен марапатталдым. 2000 жылы Мәдениетті қолдау жылына байланысты мәдениет пен өнер саласының дамуы мен жандануына қосқан үлесім үшін, «Ауыл мәдениеті-ел мәдениетінің тірегі» атты облыстық байқауында мәдениеттің өркендеуіне қосқан үлесім үшін ҚР Мәдениет комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталдым.
2023 жылы Түркістан облысының құрылғанына бес жыл толуына орай «Ауыл- мәдениеттің бастауы» атты байқауда аудандағы 24 мәдениет мекемесіне басшылық жасап, облыс көлеміндегі 304 мәдениет мекемелерінің арасында топ жарып, бір миллион теңгені ұтып алдық. Бұл қаражат Балықты, Түлкібас, Шақпақ елді мекендеріндегі Мәдениет үйлерін жөндеуге жұмсалды. Төлеби ауданында өткен «Төлеби ғажайыптары» байқауына қатысқан 5 талапкеріміз де жүлдемен оралып, облыс көлемінде екінші орыннан көрінгеніміз де біздер үшін үлкен мақтаныш болды.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің, облыстық мәдениет басқармасының, «Облыстық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, ҚР кәсіподағының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төс белгілерімен марапатталып, «2009 жылдың ең үздік мәдениет қызметкері» номинациясы бойынша Жыл адамы атандым. Мәдениет саласындағы жалпы еңбек өтілім 38 жылды құрап отыр. Сондықтан да, өзімді нағыз мәдениетті адамның қатарына қоссам — артықтық етпейтін шығар,- деп «Аудандық мәдениет үйі» МКҚК-нің мәдени бос уақытты ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Базылжан Сариев әңгімесін өзіне жарасатын әдемі қалжыңмен аяқтады.