«Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Түркістан облысының Құрметті азаматы, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер Мархабат Байғұтты еске алу шаралары бүгінде облыс көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Бұл бастаманың ең алғаш жазушының туған жері – Түлкібаста бастау алғаны әрине, көпшіліктің есінде.
Мамыр айының 27 жұлдызы күні Түркістан қаласында «Фараб» кітапханасындағы оқу залына жазушы-журналист, аудармашы Мархабат Байғұттың есімін беруге арналған әдеби-сазды іс-шара тұсауын кесті. Іс-шараның салтанатты лентасы қиылған соң, мұнда жиналған зиялы қауым өкілдері аумағы ат шаптырым залға кіріп сөрелерде қаз-қатар қойылған жазушының баспадан шыққан барлық кітаптарын, қызмет кезінде пайдаланған құжаттарын, әр жылдары алған марапаттарын, уақыт теперішінен сарғая бастаған газеттерге шыққан алғашқы мақалаларымен сондай-ақ шығармасына арқау болған емдік қасиеті мол киік оты, жусан т.б шөптердің макеті мен сол кездегі қолданыста болған патефонмен танысты. Одан кейін қаламгердің өнегелі өмір жолдарынан сыр шертетін деректі фильм көрсетіліп, журналист-жазушы жайлы ескірмейтін естелік айтам деушілерге мүмкіндік берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әзімхан Қойлыбаев, Шымкент қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, жазушының сыныптасы Қалаубек Анашев, жазушының өмірлік қосағы Қыздаркүл Пернебайқызы, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан, белгілі ақын-жазушылар Бақытжан Алдияр, Захардин Қыстаубаев, Есқара Тоқтасынұлы т.б қаламгердің шығармашылығы жайлы өз ойларын ортаға салды.
Кездесу барысында Мархабат Байғұттың есімін келешекте ұлықтау мақсатында облыс аумағындағы атауы жоқ мектепке, көшеге беру мәселесі де көтеріліп, осынау ұсыныс кездесуге қатысушылар тарапынан қызу қолдауын тапты. Бұл жиынға ауданымыздан «Шамшырақ» газетінің директор — бас редакторы Марат Қалтаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев, ардагер-журналист Орынтай Көмеков қатысып отырды. Кітапхананың оқырмандар залына көрнекті жазушы Мархабат Байғұттың есімін беруге арналған іс-шараны «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай тартымды жүргізіп, жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдерінің шексіз ризашылығына бөленді.