Көптен күткен дипломы қолға тиіп, алаңдаған көңілі орнына түскен жас жігіттің алғашқы еңбек жолы 1956-1968 жылдары Төлеби, Түлкібас аудандарындағы орта мектептерде және гидромелиоративті техникумында ұстаздық етуден бастау алады. Осылайша ұстаздық салада белсене қызмет атқарып, өмірден едәуір тәжірибе жинақтаған Жаңаталап ауылының төл тумасы білімнің түпсіз шыңына көтерілуі үшін 1968 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына аттанады. Арман асуының жетегінде талаптанып келген жас мұғалімге Жамбыл педагогикалық институттың басшылары жылы шырай танытып, аталмыш оқу орнының мұғалімі етіп қабылдайды. Міне, осы жерде біздің кейіпкеріміздің біліммен терең шұғылдануына мүмкіндік туады. Ұстаздық қызметін жалғастыра жүріп, алдымен кандидаттық, кейінірек докторлық диссертациясын қорғап шығады. Басты бағыты: экология, табиғатты қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану болып табылатын салада аз ғана уақыттың ішінде 340 ғылыми жұмысы, оның ішінде 10 кітабы жарық көреді. Он шәкіртінен ғылым кандидатын дайындады.
Ғалым –ұстаз Нұрғали Сарыбеков жайлы жерлесі әрі інісі, ұлағатты ұстаз Жандарбек Айтбаев «Жер жәннаты Жыланды» атты кітабында былай жазады:
«1964-1994 жылдары БЛКЖО орталық комитетінің Қазақ ССР-і оқу ағарту ісі министрлігінің, республикалық табиғат қорғау қоғамы кеңесінің, республикалық «Білім» қоғамының, Жамбыл облыстық мәслихат депутаттарының Құрмет грамоталарымен, Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Белсенді еңбегі үшін», үш рет «Социалистік жарыстың жеңімпазы»төс белгілерімен марапатталған, 1992 жылы білім және педагогика саласындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім министрлігі алқасының шешімі бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталды. 1993 жылы «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанып, ұстаздық мәртебесі арта түсті. Бұл Нұрғали Сарыбеков үшін өте қуанышты кезеңдердің бірі болды. Соның дәлеліндей маңайына ылғи дарынды болсам, білімді болсам деген ойлары жүйрік, болашаққа сеніммен қарайтын жастарды ертіп жүретін. Бұл қасиеті өзіне сондай жарасып та тұратын. Жеке басының қиналғанын, жүйкесі жұқарып жүргенін ешкімге де сездірмейтін. Достарына да, былайғы жұртқа да жағасы жайлауда жүргендей жарқ етіп, сүртіп жіберсең күн сәулесі шашырап шыға келетін жақұт тасындай әр қырынан құлпырып көрінетін. Көбіне-көп жамандық пен жақсылық адамзат бойында ит жығыс түсіп жатады. Ал, кейде ақты қараның, адалдықты зұлымдықтың жеңіп жататының қайтерсің. Бұл да өзі тәтті, діні қатты тірліктің қыры мен қиындығы ма? Бойында «Айналайын» деген қосымша жанама аты бар, жаны жайсаң, ақ көңіл Нұрғали ағамыздың өмірінде күнгейден бөлек көлеңкелі шақтары да аз болмады. Бұл ол кісінің білімділігін, іскерлігін, өз қатарларынан озық жүргенін көре алмағандықтан, қызғаныштан туындаған іс-әрекеттер болатын. Бірақ, шындық үстемдігін құрып, ағаның басына төнген қара бұлттың ыдырағанына қуандық».
Нұрғали Сарыбеков – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Археология және Қазақ Халықтық экология академиясының академигі, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі. Қарапайым ғана шағын ауылдан шығып, білім саласында өзінің зеректігімен, іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, адамгершілік қасиетімен, өзгеше қолтаңбасымен профессор, академик дәрежесіне қол жеткізген ғалым-ұстаз бұдан 26 жыл бұрын бойындағы бар қарым- қабілетін, телегей- теңіз білімін шәкірттеріне дарытар кемел шағында дүниеден озды.
-Сөз қадірін бәрінен де жоғары қоятын дана халқымызда: «Таулар алыстаған сайын, олардың асқар шыңы айбынды да асқақ көрінеді. Болмысы тау тұлғаға айналған адамдар өмірден озып, мәңгілік сапарға аттанып кетсе де, олардың ешқашан да ұмытылмас жарқын бейнелері жүректен өшпейді, жадыңда үнемі жаңғырып тұрады. Сондай абыройлы азаматтардың бірі – кең байтақ елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Акмеология және Қазақ Халық экология Академиясының академигі Нұрғали Сарыбеков еді. Үстіміздегі жылдың 21 сәуірі күні ғалым-ұстаздың өмірден озғанына ширек ғасыр (26 жыл) толып отыр. Арада зымырап уақыт өткен сайын асқар таудай ардақты әкемнің артында қалдырған кейінгі ұрпаққа рухани мол мұрасына қазіргі таңда ерекше баға беріліп, жаңа заманауи көзқарас қалыптасуда,- дейді ғалым-ұстаздың ұлы, әке жолын жалғастырушы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице — президенті Махметғали Сарыбеков әкесіне деген сарғайған сағынышын баса алмай.
— Әкем Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін қалаушылардың бірі болды. Шынын айтқанда, бүгінгі өзекті мәселелердің біріне әрі бірегейіне айналып отырған- табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтап қалу – әлемдік проблемаға айналып отырғаны жасырын емес. Бұдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Экологиялық кодекс қабылданған болатын. Осы құжатқа сәйкес Аралдың солтүстік бөлігін, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаштың су қорын молайту жұмыстары күшейді. Алдағы уақытта ірі энергетикалық компаниялардың қоршаған ортаны жауапсыз тастауына тосқауыл қойылатын болады. «Экологиялық бұл мәселелерді болашақтың еншісіне қалдыруға болмайды!» деп өткен ғасырдың 60-жылдарының басында әкем көтерген еді…
Экологиялық ғылымның негізін бұдан екі ғасыр бұрын 1866 жылы неміс ғалымы Эрист Геккель қалап кеткен екен.. Ол «Экология – бұл адамның қоршаған ортамен қарым-қатынастарын зерттейтін ғылым» деген анықтама беріп, бұл туралы экологияның негізгі 3 заңын жазып, артына қалдырғаны көне тарихтан мәлім. Мінекей, арада 157 жыл өтседе бұл мәселе әлі де өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Қоршаған ортаны сақтау үшін әлемдік экологиялық жоғары стандарттарды экономиканың барлық салаларына енгізу қажеттілігі туындады. Осы орайда, Қазақстанда экологиялық педагогиканың негізін қалаушы ретінде менің әкемнің, профессор Нұрғали Сарыбековтың аты-жөні аталуы мен үшін әрине, үлкен мақтаныш.
1968-1998 жылдары әкем Жамбыл педагогикалық институтта қызмет атқарып жүріп, «экология және табиғатты қорғау» ғылыми орталығын ашып, оған өзі 30 жылдай басшылық жасады. Осы бастаманың аясында институтта он шақты республикалық, бүкілодақтық, халықаралық ғылыми форумдар өтті. Осы орталықта дәріс алған көптеген институт оқытушылары кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғап шықты. Еліміздің мүйіздері қарағайдай ғалымдары сол кезде академик Нұрғали Сарыбековтің ғылыми орталығын бір ауыздан мойындап, оның еңбегіне жоғары баға берді. Әкеміз тек қызмет орнында ғана емес, үйде де үнемі көңілді күйде жүретін. Ол біздің атымызды атамай «айналайыным-ау», «өй, аналайын сол» деп еркелете сөйлегенді ұнатушы еді… Әкеміз бізді (ұл-қыздарын, немерелерін) «Жақсылық жаса – жақсылық жақсылықпен қайтады» деген ұстаныммен тәрбиеледі. Сол себептен болар, «Айналайын» деген мейірімге толы сөзі әлі күнге дейін ұмытылмай жадымызда әлі жаңғырып тұрғаны…
Ал, белгілі ғалым Өміртай Танабайұлы былайша толғанады: «Табиғат соншалықты үйлестіріп мөлдірете құя салған сұлу, сымбатты, сөйлескен адамның жан дүниесіне ерекше бір жылылық құйып тұратын кіршіксіз адал қатынасы кез келген шәкіртті ерекше табындырып алатын. Ол құдірет ұстаз жиі қайталап айтатын «Айналайын» деген сөздің өн бойында жата ма, ол жағы бізге жұмбақ еді. Осы бір «Айналайын» деген сөзден ағайдың сүйкімді үні ғана емес, бүкіл адамгершілік бітімі, ұстаздық болмысы толығынан танылып тұратын. «Айналайын» дегенді айтқан сәтте мейірімге толы мөлдіреген қос жанарынан жанға жайлы шуақ шашылып, балғын шәкірт жүрегін баурап алатын. Оның досына әрі сырласына, рухани жетекшісіне, ақырында шәкірт жүрегіне берік орнаған нұрлы бейнеге айналып кете баратын».
«Жаным – арымның садағасы» демекші, әкем ең алдымен ар мен намысты жоғары көтере білген жан болды. Асқар тауымыздың өмірлік ұстанымы төмендегіше өрбитін еді.
«Алдымда – арым, артымда – намысым. Бойымда (болмысымда) – ата-анамның әруағы жүреді. Адал еңбек етіп, табысқа жетемін. Бұл қағида мені өмір бойы жетектеп келеді. Осы қағида – менің туым!»
Өмір – күрес, түйіндері мың орам демекші, жасыратыны жоқ, әкемнің көзі тірісінде басынан кешкен қиын кезеңдері де аз кездеспеді. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиында айтқан сөзі бар. «Елдің бағын ашпаса – ер мұратқа жетер ме, ерінің сағын сындырса – елі мұратқа жетер ме?» деген. Кезінде әкемнің де сағын сындырамын дегендер кездесіпті. Алайда әкемнің адалдығы, салмақтылығы бәрін ақылмен, сабырмен жеңе білетіндігі оларға жол бермесе керек. Әкеміздің өнегелі өмір жолдары – бізге қашанда да үлгі, жарқын болашағымызға әділ жол көрсететін бағдаршам іспеттес. Біз де өз кезегінде осынау ұлағатты да қасиетті жолдан ауытқымауға тырысамыз,- деп ұлы Махметғали әңгімесін аяқтаған кезде оның бойында асқар таудай әкесіне деген қимастық сезімі алаулап тұрған еді.
Иә, бүкіл саналы ғұмырын оқу — білімге арнап, табиғатты қорғауға, экологиялық тазалықты сақтауға, қоршаған ортаның гүлденуіне арнаған, арамызда жер басып жүргенде өзінің 90 жасқа толғанын жерлестерімен атап өтетін Нұрғали Сарыбековтей ұстаз ғалымның ерен еңбегі, өнегелі өмір жолдары, артына қалдырған мол мұрасы айналасына тот баспайтын жақұттай жарқырап, халқымен бірге мәңгі жасай беретін болады. Сонымен қатар, Жаңаталаптан шыққан тұлғаның есімі де ел есінде ұмытылмай сақталып қалары даусыз.