Ауыл келбеті, тазалығы – оның әр азаматына сын. Қызмет ететін мекеменің сырт келбетінде мін болмай, айналасының тап-таза болып, талдары жайқалып, гүлге оранып тұруы көңілге қуаныш, әрі туған жердің көркіне көрік қосып, мәдениетіміздің деңгейін көрсетеді. Иә, тазалық дегеніміз – үлкен мәдениет. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары көптеген жастарымызда жүрген көшемізді, қоршаған ортаны ластауға болмайды деген тәуір түйсік қалыптасқан.
Жақсы өзгерісті әр адам өз отбасы, ошақ қасынан, ауласынан, тұрған үйінің маңайынан бастауы тиіс. Ауылыңның тазалығын сақтауға, көркейтуге титтей үлес қоссаң, ол да болса адамгершіліктің нышаны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауылдарымыз, қалаларымыз абаттандырылып, жаңарып,жайнай түскеніне куә болудамыз. Біздің аудан орталығы да жыл сайын көркейіп, жасыл желекке, гүлге оранған әсем аймаққа айналып келеді. Тазалық жұмыстары назардан тыс қалмай, тұрғындар сенбіліктерге жаппай, белсене қатысуға дағдыланған. Сонымен, тазалық шараларында алғашқылардың бірі болып, белсенділік танытқан «Аmanat» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұжымы болды. Партия филиалының атқарушы хатшысы Ержан Әліұлының мұрындық болуымен, демеушілердің есебінен ғимараттың сыртына әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жаңартылды, стендтер ілінді. Бүгінде ғимарат ішін жөндеу, жаңғырту жұмыстары атқарылуда.