Аудан айнасы «Шамшырақ» газетімен қатынасым мектеп қабырғасында жүрген кезімнен басталды. Кейінірек өзім де мақала жазып тұрдым. Ол кезде түлкібастық тұрғындардың барлығы дерлік аудандық басылымды жаздырып алатын еді. Бір газетпен ғана шектеліп қалмай, бірнеше республикалық, облыстық газет, журналдарды да асыға күтіп отыратын.
1988 жылы Алматыдағы полиграфиялық училищені бітіріп келген мені сол кездегі баспахананың директоры Сармантай Қалыбаев әріп теруші мамандығымен жұмысқа қабылдады. Әрине, жұмысқа жаңа орналасқан жас маманға бастапқыда аздаған қиыншылықтардың кездесетіні белгілі жағдай. Осы орайда, жаңа ұжымға жатырқамай сіңісіп кетіп, осындағы апайларымның ақыл-кеңестерінің, көрсеткен қамқорлықтарының арқасында аз ғана уақыттың ішінде өз мамандығыма тез төселіп кеттім. Осы ұжымда көп жылдардан бері еңбектері сіңген, линотипте қорғасынмен әріп теретін Зәуре Қонысова, Надежда Прохорова, Гүлзипа Бегалиева сынды апайларым тоқырау кездері жарықтың бірде өшіп, бірде жанып, жұмыстарына қаншама кедергі болса да, уақытпен санаспай газеттің оқырмандар қолына уақытылы тиюіне ықпалдарын тигізді. Сол жылдары баспаханада көп таралыммен аптасына үш рет екі тілде шығатын «Шамшырақ» – «Маяк» газетін басушы Раиса Никифорова, газет беттеушілер Райхан Жанқожаева, Валентина Шкиндер, Рахия Тұрғынбаевалар да өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, қағаз түптеушілер Махбуба Рүстемова, Фая Исламова, бланк, журнал, анықтама қағазын басушылар Фатима Самандарова, Барно Шафаизова, әріп терушілер Валентина Шерваченко, Барно Абдрахманова, Римма Сайдарипова және Каралина, Оля, Тоня, Саятхан, Шахло есімді әріптестерім аянбай еңбек етті. Алтынбек Кенжебеков қағаз кесуші және газет басушы болып ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде «Шамшырақ» газетінде қызмет атқарып жүрген жағдайы бар.
Баспаханаға кезінде М.П. Мартынов, В. А Назаров, Нышан Байғұтов, А. П. Любин, Сармантай Қалыбаев, Жиенбек Сауытбеков, Оралбек Жауров, Ерғали Жүсіпбеков, Оразғали Қалдыбаевтардың басшылық жасағанын жақсы білемін. Аудандық баспахана заман талабына сай, барлық сала компьютерленуіне байланысты 2009 жылы жұмыс істеуін біржолата тоқтатты.
Әсілінде, редакция мен баспахананы егіз ұғым деп қабылдауға да болады. Өйткені, екі мекеменің бағыт-бағдары да, алдарына қойып отырған мақсаты да бірдей екенін аңғарамыз. Баспахана мен «Шамшырақтың» бірлесе атқарған жұмысының арқасында жергілікті тұрғындар аудан көлеміндегі жағымды жаңалықтармен дер кезінде қауышып, өздерінің рухани байлықтарын дамыта түсті. Киелі де қасиетті өңірдің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Кезінде аудандық газетте қызмет атқарғанымды, өз үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын.
Бүгінде түтіндері түзу шығып жатқан «Шамшырақтың» бас редакторы әрі директоры Марат Қалтаев бастаған ұжымды және баспа саласындағы байырғы әріптестерімді ортақ мереке — баспасөз қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қаламдарыңыз қарымды, өмірлеріңіз шуақты, денсаулықтарыңыз қуатты болсын!