Осыдан біраз бұрын Уақыт газетінде (№04 04.02.2014ж.) жарияланған «Танылмай жүрген тұлға бар Төле деген» атты мақаланы оқып, түрлі ойларға баттым. Танымал жазушы, «Уақыт» газетінің бас редакторының орынбасары Момбек Әбдәкімұлының бұл мақаласындағы Қарқара палуанның немересі Базарбекұлы Төленің тарихи тұлға екендігі ашып айтылыпты. Иә, осы тарихи дерекке қатысты, ертеректе естіген әңгімені менің де айтуыма тура келіп тұр.
Шымырдың Марсымынан тарайтын Қарқара палуанның немересі Төле туралы сол кісінің ұрпағы, кезінде болыс болған, кейіннен «бай-кұлақ» атанып, ұзақ жылдар Сібірдің түрмелерінде отырып шыққан Мырзакұлұлы Әжіқұл атамыздың, көпшілік отырған жерде аманат ретінде айтып отыратын бір әңгімесі бар еді. Сол бір ел басына күн туған аласапыран заманда болып, бұл күндері көмескілене бастаған сол оқиғаны келешек ұрпақтарға жеткізсем деген оймен, колыма калам алдым.
Жауға шапқанда қол бастаған батырлығынан бөлек, ақыл парасаты мен ұстамдылығына, айтар сөзге келгенде шешендігіне де талай рет куә болған Әбілхайыр хан, Төлені өзінің кеңесшісі, әрі елшісі ретінде де біраз жерлерге аттандырған екен. Сондай алмағайып күндердің бірінде, мекені Билікөлдің жағасында отырған Төлеге Түркістандағы Әбілхайыр ханнан шұғыл шақырту келеді. Өзін босқа шақырмағанын сезген Төле де тез аттанып, ханның алдына барыпты. Төленің қартаң тартса да әлі де бүгіле қоймаған батыр тұлғалы бітіміне сүйсіне қарап тұрған Әбілхайыр хан оны қасына отырғызып, шакыртқан себебін айтып кеңесіпті.
— Біз қазақ болғалы, әлімсақтан бері, бір де бір елді басып алу ниетімен шапқыншылық жасағанымыз жоқ. Әйтсе де кұдайдың берген осы кең жерімізге қызыққан өзге елдердің, бізді жаулап алмақшы болған шапқыншылығынан көз ашпай келеміз. Олардың қаскөй озбырлығынан халқымыз да әбден шаршады. Біздің өз еліміз бен жерімізді қорғаған көп жылдарғы соғыстан әбден қалжырағанымызды біліп, енді мына жақтан қоқан шықты қодыраңдап. Олардың да ойы бесенеден белгілі. Сені шақыртқан себебім де осыдан. Сен шұғыл түрде аттанып, солардың ханына бар. Қазақтың жерін аламын деп келген басқыншылардың ешқайсысының өз мақсатына жете алмай, жер құшқанын айт. Сондықтан өз елінің тыныштығы мен халқының амандығын ойлайтын болса, бізге соктықпай жайына жүрсін. Түсініспей жүрген нәрсесі болса онысын айтсын деп,біраз әңгімелер айтса керек.Сөзін қорытындылай келе:
-«Жауды жеңу-бір басқа, жауықпас ету-бір басқа»деген емес пе?! Сондықтан осы істі тындырып қайтады деп саған сеніп отырмын.Қоқан ханының алдына баруға жүрегің дауаламай отырса оныңды айт.Басқа айтар нең бар?-депті Төленің бетіне сынай қарап.Сонда Төле:
-Елім, жерім үшін аянып қалған жерім жоқ. Келешек ұрпақтарымның амандығы үшін жас кезімнен жаумен айқасып, қаншама рет жекпе-жекке де шықтым. Енді елге тұтқа болар кезімізде қоқаннан қорықсам,келешек ұрпақтарымның сүйегіне таңба болмай ма? Сенім білдіргеніңізге рахмет! Тек маған өзіңіз мінетін бесқасқа тұлпарыңызды барлық әбзелдерімен және алтын сапты қылышыңызды қынымен бірге беріңіз,-депті ойлана келе нық сөйлеп.
-Мынау өзі қалай-қалай сөйлейді?- деген сол жердегі уәзірлер бұның ханға қасқая қарап айтқан талабын түсінбесе керек. Сонда Әбілқайыр:
— Сендер неге қобалжисыңдар? Ойындағысын мәймеңкөлемей тіке айтатын Төле бүйтпесе Төле болар ма? Көкейіндегіні ешкімнен жасқанбай қасқая қарап айта алатын батыр Төлені осы қасиеті үшін де қоқанға қарай жұмсап отырған жоқпын ба? Қоқан ханының мысын баса алмайды, оның айбатынан жасқанып бүгежектемей, біздің талабымызды нықтап айта алады деп елшілікке Төлені тандағанымның да бір себебі осы. «Елдестірмек — елшіден» дегендей, жіберген елшісіне қарап-ақ, ол халықтың қандай ел екенін білуге болады емес пе? Мен оның не үшін сұрағанын біліп тұрмын. Сондықтан Төленің айтқандарын беру керек, — дей келе, тұлпарын ер-тұрман, әбзелдерімен, алтын сапты қылышын күміс қынабымен беруге пәрмен қылыпты.
Осылайша касына үлкен ұлдары Мырзакелді мен Байсейітке коса аз ғана топ ерткен батыр Төле енді «елші Төле» болып Қоқанға карай аттанады. Бұл көктемнің соңғы кездері екен. Қоқан хандығына жақындағанда дарияны бойлай жүріп келе жатқан Төле бір кезде судың арғы бетінде аң аулап жүрген Қоқан ханының тобын байқап қалады. Табан астында тасып жатқан дариядан өтудің амалын таппаған ол қоқандықтардың жүріс-тұрыстарын бақылапты. Олар өрге жүрсе бұлар да өрге, төмен жүрсе бұлар да қапталдасып төмен жүріпті. Бұлардың бейсуат жүрген тегін адамдар еместігін пайымдаған Қоқан ханы адам жіберіп жағдай сұрапты. Қайықпен өтіп, жүргіншілердің кім екендігін айтып келген шолушыларына Қоқан ханы енді өзінің бас уәзірін жіберіпті. Бес қаруы сай мына қазақтардың, өздерін арнайы іздеп келгендіктерін бірден аңғарған қоқандық уәзір;
-Сендер Әбілхайыр ханның елшісі екендіктерінді немен дәлелдейсіңдер? — депті дандайсыған кейіпте өктем сөйлеп.
— Мен мінген тұлпар барлық әбзелдерімен және мына алтын сапты қылыштың тек хандарға лайықты дүние екендігін танып тұрған боларсың? — деген Төленің сөзі уәзірдің барлық күдігін сейілтті.
— Олай болса Әбілқайыр ханның мөрі басылған хатын бер, ұлық ханымызға апарайын, — деген уәзірге:
— Ол хат саған емес, сендердін хандарыңа арналған. Сондықтан мен оны өз қолыммен тапсыруым керек,- депті сөз осымен бітті дегендей. Өзінен титтей де именбей, «сенге» «сен» деп тұрған қайсар қазаққа бас уәзірдің айтар басқа сөзі калмаса керек. Қасына ерген серіктеріне:
— Егер үш күннің ішінде қайтып келмесем, онда мені күтпей елге қайта беріңдер, — деген Төле осылайша олармен бірге дариядан өтіп, Қоқан ханының алдына барыпты. Шатырына кіріп келіп, қазақы дәстүрмен оң қолын көкірегіне қойған қалпы басын сәл иіп:
-Ассалаумағалейкүм! — депті саңқ етіп. Мына қазақтың қасқая тұрысынан, оның талай жаумен бетпе-бет келіп тайсалмаған жаужүректігін әккі коқан бірден аңдаса керек. Өйткені өзіне келген өзге елдің елшілері мұның айбынынан жасқанып бүгежектеп тұрса, мына қазақтың тіпті именетін де түрі байқалмайды. Жүрегінің түгі бар қайсар мінезді батыр қазақтың айбатынан сескенді ме, әлде мысы басып кетті ме кім білсін, әдеттегі уәзірлерінің бірі де оның жолын кескестеп, қолындағы әкелген хатын ала алмады. Осылайша бұл жерде де өзін еркін сезінген Төле батыр нық басып келіп, Әбілхайыр ханның хатын Қоқан ханына өз қолымен тапсырыпты. «Егде тартқан елшісінің өзі мынандай болғанда, басқалары қандай екен?» деген ой осы кезде Қоқан ханының санасын осып өткені ақиқат болатын. Алдына келіп тұрған кайсар казақтың мысын баса алмайтынына көзі бірден жеткен хан Төлені жылы қабылдап, біраз мәмілеге келіпті. Әйтсе де, оның ішінде сақтаған түпкі пиғылын ойнақшыған көзінен аңғара білген Төле бұған көп сене беруге болмайтындығын ұғады. Сол күні Қоқан ханының кұрметті қонағы болған Төле ертеңіне елге карай аттанады.
Күні-түні жүрген жанындағылар Төленің жер танығыш касиетіне де куә болыпты. Қайтар жолдарында алғаш аялдаған ну тоғайлы Арыс өзенінің бір жеріне келгенде найзасын су түбіне қадап тұрып үлкен ұлы Мырзакелдіге:
— Балам, мына найзаның ұшы қадалған жерді көріп жіберші,- дейді ат үстінен. Шешініп жіберіп суға сүңгіген Мырзакелді әлгі жерден әкесінің кездігін алып шығады.
Өткен жолы Қоқанға қарай бара жатқанымызда кездігімді осы жерде түсіріп алған едім. Елдің амандығы үшін үлкен іске бара жатып, арзымайтын кездікке бола аттан түсіп, кідіруді сол жолы қаламадым. Бұл сол кездік қой,- депті қасындағыларды таң қалдырып. Өйткені бұл уақытта түн болып, бұлар осы жерге басқа бағыттан келсе керек. Енді бір күн жүрсек Түркістанға жетеміз деген бұлар осы жерге қоныпты. Бір шетінде сылдырай ақкан Арыс, екінші бетінде қырдың қурайы жұпар шашқан жазыкты жайылымы бар ну тоғайға әр өткен сайын қызыға қарайтын Төле бұл жерді өзі туып-өскен Билікөл аймағына қатты ұқсатады екен. «Түгін тартсаң майы шығып тұрған жер екен» деген абыз ақсақалдың осы жерге қызығып тұрғанын ұққан ұрпақтары Мырзакелді мен Байсейіт, Тоқсан арада біраз жылдар өте келе осында келіп қоныстанады. Сол маңайдағы ел үшін «Шымыр ауылы» атанған кішкентай ауыл бүгінде үлкен елді мекенге айналып, өсіп-өнуде. Төле бабамыздың киелі кездігі мен басқа да кітап мұралары атадан балаға беріліп, Әжіқұл атамызға жетіпті. Бабамыздың қауіп қылғанындай-ақ бар екен, арада төрт-бес жыл өткенде Қоқан хандығы қасындағы елдерге қодыраңдауын тағы бастапты. Бұл енді басқа әңгіме