Мен бар саналы ғұмырымды білім саласына арнадым. Жастық шағымның жарқын сәттері күміс қоңырау үні сыңғырлаған мектеп ауласында өтті. Мақтанғаным емес, бала кезден армандаған мамандығыма адал болдым. Ұзақ жылғы еңбегім мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттардың иесі атанып, үлкен абыроймен зейнетке шықтым. Құрмет демалысына шықсам да аудандық ата-аналар ұйымының төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстардан шеткері қалып кеткен жерім жоқ. Өзіме таныс сала – аудан мектептерінде ұйымдастырылып, қазіргі таңда жұмысын жалғастырып жатқан «Әкелер мектебі», «Әжелер кеңесі» тағы басқа да шараларға белсене қатысып, ой-пікірімді ортаға салып тұрам.
Жасыратыны жоқ, бүгінде ара-кідік болса да қоғамда, кейбір отбасыларда кездесіп қалатын ата-ана мен балалар арасындағы түсінбеушілік, мектеп оқушылары арсындағы бұзақылық, мұғалімдерге деген салқын көзқарастардың бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Әрине, бұл көңілсіз оқиғалардың барлығын бір тәртіп сақшыларына жүктеп қою — дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл бала тәрбиесіне бәріміз де жауапты екендігімізді естен шығармағанымыз дұрыс. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген дана халқымыздың қанатты сөзі де осындайда бекерге айтылмаса керек. Осы орайда, кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы мен тәлім-тәрбиесі үшін тер төгіп, ақыл-кеңестерін айтып, оқушыларға ой салар түрлі игілікті іс-шаралар өткізіп, олардың болашақта өмірден өз орындарын табуына, адал еңбек етіп, ел болашағын нығайтуға үгіттеп, осы бағытта орасан үлестерін қосып жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбекке,аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашевқа, аудандық «Әжелер кеңесінің» төрайымы Гүлбүбі Ешенқұловаға, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Бөрібай Қыдыралиевке және аудандағы басқа да аталмыш салаларды басқарып отырған ардагер ағаларымыз бен апайларымызға айтар алғысым шексіз.
Олардың тәрбие саласында атқарып жатқан тынымсыз еңбектерінің арқасында аудан көлемінде жастар арасындағы тәртіп мәселесі оң жолға түсіп, бүгінде бұл салада Құдайға шүкір, түтініміз түзу шығып келеді. Мұны жоғарыда есімдері аталған аға буын өкілдерінің ұйымшылдықпен бірлесе атқарған берекелі істерінің оңды нәтижесі деп білемін. Еңбектеріңіз одан әрі жандана берсін, ардагерлер – асыл жандар!
Мирсалы МИРАЗИЗОВ,
аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы,
Түркістан облысы білім саласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.