Тарихы тереңге жайылған Түркістан облысының төңірегінде мазмұнды мақалаларымен, тың тақырыптарымен көп жылдар бойы оқырманның көңілінен шығып жүрген журналистер аз емес. Солардың қатарында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Орынтай Көмеков те бар. 1994 жылы Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетіне қызметке шақырылған ол содан бері осы басылымның қазанында бірге қайнап, ыстық-суығын бірге көріп келеді. Зейнеткерлікке шықса да аталған басылымның жұмысынан әлі де қол үзген емес. Себебі мамандыққа деген махаббат қалам ұстамай, құр жатуға дес бермей тұр.
Әдебиетке әуестігі бала кезден байқалған білікті журналист өз саласында ерекше белсенділігімен көзге түсіп, 2006, 2014, 2017 жылдары Түлкібас ауданының әкімшілігі ұйымдастырған «Жыл адамы» номинациясы бойынша «Жылдың үздік журналисі» атанған. Осы аралықта «Нұршуақ» атты жеке газет шығарып, оның бас редакторы да болды. Осылайша оңтүстік өңірдің журналистика мектебін қалыптастыруға аз да болса өз үлесін қоса білген қаламы қарымды маманмен журналистика саласы жайында аз-кем тілдескен едік. Әңгіме барысында «Әмбебап журналист дегеніміз кім? Ол қандай болу керек?» деп сауал қойдық.
– Әмбебап журналист дегеніміз – барлық тақырыпқа еркін қалам сілтей алатын маман. Олар алдын ала жазатын мақалаларына сергектікпен қарап, жан-жақты дайындалады. Жазатын тақырыбы жайында арнайы кітаптан, әлеуметтік желіден ізденіп, қарап, бәрін сүзгіден өткізіп барып қолына қаламын алады. Мұны анық әмбебап журналист деп айтсақ жарасады. Өкінішке орай, қазір ондай әмбебап журналистер арамызда көп емес. Сондықтан да болар, кейбір ақпараттар оқырманға дұрыс жетпей жатады. Себебі зерттеліп жазылмаған мақаладан тұшымды дүние шықпайды.
Әйтсе де, бір ғана тақырыпта жазатын журналистер де бар. Оларды салалық журналистер деп атайды. Яғни, біреу қаржы тақырыбында жақсы қаузай алса, енді бірі құқық, заң саласын зерттеп жазуда өте шебер. Тағы бірі медицинаны, енді бірі экономиканы жақсы білуі мүмкін. Әйтсе де, мұның қай қайсысына да болсын, қалам тербеу оңай емес. Бұған да көп ізденіс, оған қоса уақыт пен тәжірибе керек. Егер журналист үнемі бір ғана тақырыптың төңірегінде іздене берсе, ол сол салада машықтанып, оқырманға жақсы танымдық материалдар ұсына алатын болады.
Негізі шын журналистің сезімтал, құймақұлақ болғаны дұрыс қой. Адам жанының инженері болса құба-құп. Содан соң «Нағыз журналист әмбебап болу керек» деген пікірге де қосыламын. Менің пайымдауымша, егер әмбебап бола алмасаң мықты журналист болуың екіталай, – деді қаламы жүйрік журналист.
Технологияның қарқынды дамуы қоғамның өзге салаларына да әсер етті. Жылдар өткен сайын журналистика саласы да едәуір өзгеріске ұшырағаны анық. Сөз арасында бұрынғы журналистика мен бүгінгі журналистиканың айырмашылығын да сұрадық.
– Менің баспасөз саласында жүргеніме 30 жыл болыпты. 1994 жылы Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетіне әдеби қызметкер болып қабылданып, бүгінде зейнеткер болсам да жарты ставкамен әлі істеп жатқан жағдайым бар. Ол кездегі жағдай қиындау еді ғой. Газетіміз баспаханада қорғасын әріппен теріліп, басылатын. 1994 жылдары электр қуаты жиі өшіп қалатын, сөйтіп түн ортасына дейін баспаханада жүретінбіз. Ал, интернет, компьютер дегендер түсімізге де кірмейтін. Содан соң газет басылатын қағаз мәселесі де тапшы болғаны жасырын емес. Сөйте тұра әр мақаламызды махаббатпен жаздық.
Ал қазір дамыған заман, ақпарат алу да, тарату да оңай болып кетті. Бұл бір шеті журналистердің жұмысын жеңілдеткендей болғанымен кейбір ақпараттардың шын-өтірігін ажырату қиынға соғып қалды. Сол жағынан сәл кемшін түсетіндейміз. Әйткенмен біздің кездегі журналистикамен салыстырғанда қазіргі журналистикада қарыштап даму әлдеқайда басым. Себебі қазір технология дамыған, жылдам ақпарат таратуға барлық мүмкіндіктер бар. Телеарналар тек көк жәшікпен, газеттер тек қағазбен ғана ақпарат таратпайды, әлеуметтік желідегі ресми парақшалары арқылы да көрерменге жедел жаңалықтар жібере алады. Осылайша журналистердің күнделікті жаңалықтар жариялап, ақпарат беріп, тікелей эфирлер жасауына ғаламтор көп мүмкіндік беруде. Бұл – заман дамыған сайын журналистиканың да қоса дами беретінінің бір көрінісі. Демек, болашақта журналистика саласы одан әрі жандана түседі деген сөз, – дейді Орынтай Көмеков.
Түлкібас ауданының абыройлы журналисті еркін тақырыпқа қалам сілтегенді ұнататынын айтады. «Оқырман оқымайтын мылжың мақаланы жазғым келмейді. Оның орнына ел ішіндегі сирек мамандық иелері жайлы, қарапайым еңбек адамдары туралы жазғанды жаным сүйеді. Одан бөлек өнер, спорт саласы жайлы жазуды да онша жек көрмеймін», – дейді ол.
Сөз соңында ардагер журналистің жас журналистерге айтар ақыл-кеңесі қандай болар екен деп, құлақ түрдік.
– Жас журналистерге айтарым: көп оқыңдар, көп ізденіңдер. Аға буын өкілдерінің арасында жиі болыңдар. Олардың ақыл-кеңестеріне көбірек құлақ асыңдар демекпін. Себебі, үлкендердің жылдар арнап жиған тәжірибесі құнды әрі бағалы. Жастар алдыңғы аға буынға қарап аяқ басса жаман болмайды деп ойлаймын, – деп жымиды ол кісі.
Иә, өткір ойлы, орақ тілді журналистің аталмыш саладағы еңбегі елеусіз. Өзінің орамды ойларымен, ерекше жазу стилімен оқырман жүрегін жаулап жүрген Орынтай Көмеков ағамыз мағыналы да мәнді мақалаларымен әлі талай жанның жүрегіне жылу ұялатары анық.
Мақпал ЫБЫРАЙ.