Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі» екенін атап өтті. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіне тоқтала келе, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет екенін айтып, бұл стратегиялық міндет екенін ескерткен болатын. Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл ретте, саланың дамуына көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, осы бағытта тұрғындардың кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Ауданда мал басы жылдан-жылға артып келеді. Бұл Түлкібас жұрты аталған саладан мол табыс табуға болатынын түсінгенін байқатады. Қазір көктемде сепкен дән саласы басталуға жақындады. Тіпті ерте көктемнен бақша салуға ашылған жердегі өнімдердің алды пісіп жатыр. Бұған дейін ауыл шаруашылығы саласын толайым табыспен қорытындылайтын аудан шаруалары биыл да үлкен өнімнен үмітті. Себебі, соған сай тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сала заманауи техникалармен жарақталып, шаруалар табысы еселенуде. Әлемнің озық дамыған елдерінде ауыл шаруашылығын дамытуды қолдау, өздерін азық-түлікпен толық қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттің әскери-техникалық, яғни қорғаныс қабілетімен пара-пар десек артық айтқандық емес. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның қазіргі ауыл шаруашылығы қандай деңгейде? Өзге елдер қызығып, әрі қызғанып қарап отырған кең байтақ жерімізде неге өзімізді толық әрі сапалы азық-түлік өнімдерімен қамти алып жатырмыз ба? Осы және өзге де сауалдар жайлы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Еркебаевпен сұхбаттасып, саладағы өзекті мәселелер туралы пікірлестік.
— Қуатбек аға, алдымен сұхбатымызды жергілікті шаруалардың жай-күйінен бастасақ? Ауыл шаруашылығының даму қарқыны қалай?
— Ауыл шаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Қазіргі таңда аудан көлемінде бүкіл ауыл шаруашылығы өндірілген өнімдерден байқауға болады. Мысалы 2022 жылы 55031,8 млн тг, 2023 жылы 61266,0 млн тг орындалған. Биылға жоспар 67400,0 мнл тг құрайды. Түлкібас ауданы көлеміндегі ауылшаруашылығы саласының мәліметіне сүйеніп айтар болсақ ауданның барлық жер көлемі -227 504 га,барлық ауыл шаруашылығы алқаптары -148 579 га, егістік жерлері-64 500 га, оның суғармалысы -13 973 га,шабындық -3 211 га, жайылым -58 136 га, көпжылдық екпе ағаштары -3 346 га, шаруа қожалықтар саны — 4 045, өндірістік кооперативтер- 70, ЖШС саны- 119. Халқымыз «Қалауын тапса, қар жанар» дейді. Түбі елімізде ауыл шаруашылығы өркендейді. Өйткені әлем халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Тек осы саланы дамытудың жолын таба білуіміз қажет.
— Аудандағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтсеңіз?
— Ауданымызда жыл сайын 24 мың гектарға масақ дәнді дақылы егіледі. Алма бау көлемі 3000 гектарға жетті, оның ішінде қарқынды алма бау 750 гектарға жетті. Ауыл шаруашылығы саласын интинсивті дамуға көшіру қажет. Ол дегеніміз жерден мол өнім алу және ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып немесе жаңбырлатып суару технологиясын қолға алу қажет. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша жылдық жоспар 96 дана жаңа техника сатып алу қажет. Қазіргі таңда нақты орындалғаны 51 дана, яғни 53,0 % құрайды.
-Аудан бойынша дән-дақыл егілетін жер көлемі қандай?
-2024 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 64,5 мың гектарға орналастырылды, оның ішінде 15,4 мың га бидай, 8,6 мың га арпа, 0,4 мың га жүгері, 0,3 мың га бұршақтық дақылдар, 27,0 мың га мал азықтық дақылдар, 10,1 мың га мақсары, 1,2 мың га картоп, 1,5 мың га көкөніс. Қазіргі мерзімге мал азықтық дақылдар жиналуда бүгінгі күнге 189,1 мың тонна (жоспар 189,1 мың тонна)шөп жиналды (99 %). Аудан көлемінде масақты дәнді- дақылдардың пісіп жетілуіне орай астық ору жұмыстары басталады.Бүгінгі күнге 24,0 мың га (2023 жылы 24,3 мың га) масақты дәнді дақылдардың 10,5 мың гектары орылды. Бидайдың өнімділігі гектарына 23,0 центнерді, арпаның өнімділігі гектарына 21,0 центнерді құрауда, бүгінгі күнге 23,6 мың тонна өнім алынды.
— «Балық-байлықтың көзі» деп айтып жатады атам қазақ. Ауданымызда балық шаруашылығымен айналысатын шаруашылық жөнінде айтып өтсеңіз?
— Түлкібас ауданының экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бірден бір себеп бизнес болса, оның тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы болып тұр. Ауданның климаттық жағдайы мен су қоры жеткілікті болуына байланысты шаруашылықтың бұл түріне ден қойғандар саны артып келеді. 2024 жылы Түлкібас ауданы көлемінде балық шаруашылығымен айналысатындар және айналысуға ниет білдірген саны 60 жуық шаруалар бар, қазіргі таңда нақты 27 ШҚ жұмыс жасауда. Аудан көлемінде тоғанға жіберілген шабақ 360 200 дананы құрайды. Жалпы жер көлемі 71,05га. Шаруалардың басым бөлігі форель, сазан, карп және дөңмаңдай балық түрлерін өсіруде.
-Бүгінде «Ауыл Аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылудама?
-Иә, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылу үстінде: оның ішінде атап айтар болсақ өсімдік шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту, құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу. Сондай-ақ 2024 жылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ауданнан 4 ауылдық округ таңдалды. Олар: Арыс, Жаскешу, Ақбиік және Кемербастау ауылдық округтері. Аталған 4 ауылдық округтен несие бойынша бағыттары анықталып және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Атап айтар болсақ Арыс ауылдық округінен – «GF AgroGroup», Жаскешу ауылдық округінен – «Жаскешу өнімдері», Ақбиік ауылдық округінен – «Ақбиік дән» және Кемербастау ауылдық округінен – «Ауғанбай ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері. Құрылған АШӨК-тер «Ырыс» микро қаржы ұйымына несие алу бойынша тиісті құжаттарын тапсырып, бизнес жоспарларын ұсынуда.Облыстан қаржы мәселесі шешілсе 4 ауылдық округ тұрғындары өз кәсібін ашып, жұмыс ұйымдастырады.
-Қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенің негізінен қай салаларын дамытуға күш салған жөн?
-Ауыл шаруашылығы негізінен екі бағыттан тұрады. 1-мал шаруашылығы, 2-егін шаруашылығы. Қазіргі таңда егін шаруашылығы 2023 жылдан бастап өндірілген өнім бағасы өте төмен болуда. Себебі, Украина мен Ресей арасындағы болып жатқан жағдайға байланысты Ресей мемлекетінен өте арзан бағада дәнді дақылдар келуде, соған байланысты егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығында дамытуға көп көңіл бөлуді қолға алып жатырмыз. Қорытындылай келгенде, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдаулар мен сол көмекті ұтымды пайдалана білген өңір шаруаларының еткен еңбектері ауданда ауылшаруашылығы саласын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашып отыр.
-Қуат аға, ашық сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Күн НҰРЫ.