Білім жолы – ауыр жол. Бұл жол асқан ыждағаттылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті, сарқылмайтын ерен күшті және көздеген мақсаттың орындалуын талапкердің бойынан талап етеді. Осындай жауапты да маңызды жолды таңдап, бар саналы ғұмырын білім және ғылым саласына арнаған Есенбек Үсенұлы Тәшеновтің есімі аудан көлеміне кеңінен таныс деп айтсақ, артық айтпағанымыз. Өзінің телегей теңіз білімімен мыңдаған шәкірттерін терең сусындатқан ағамыз бүгінде 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр. Қарапайым мінезімен, салмақты жүріс-тұрысымен үнемі ерекшеленіп тұратын ағамыздың өнегелі өмір жолдары жерлестерінің көз алдында әлі де жаңғырып тұрғаны әрине, жасырын емес.
1944 жылы шілде айының 6 жұлдызы күні ауданымыздағы Күмісбастау ауылында дүниеге келді. Соғыстың қызып тұрған кезінде туылған Есенбектің балалық шағы мен жастық кезеңі жалындап өткен жоқ. Ұлы Отан соғысының мүгедегі, асқар таудай әкесі Үсіп Тәшенұлы «Алғабас» колхозында ұзақ жылдар аянбай еңбек етіп, 2003 жылы 93 жасында өмірден озса, анасы Көлжан да балабақшада еңбек етіп, 86 жасында қайтыс болды. Қаршадайынан соғыс ызғарын сезініп өскен Есенбекті ата-анасы жастайынан еңбекке баулып өсірді. Мектеп қабырғасында жүріп, жазғы демалыста колхозда әр түрлі жұмыстарды атқарып жүрді. 1961 жылы Түлкібас кентіндегі №343 орта мектебін үздік бітіріп шыққан соң, сол кездегі жүйе бойынша бірден жоғары оқу орнына бара алмай үш жылдай әр салада, өндіріс орындарында жұмыс істеуіне тура келді.
1965 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы гидромелиоративті құрылыс институтына өз күшімен оқуға түсті. Әйтсе де, қазақ мектебін бітірген ауыл баласына аталмыш оқу орнында орыс тілінде оқу оңайға соқпады. Көзінде намыс оты ұшқындаған жас жігіт намысқа тырысып, бойындағы бар қарым-қабілетін тек оқуға арнап, институтты жақсы бағамен бітіріп шықты. 1970 жылы диплом қолға тиісімен институттың жолдамасымен Арыс-Түркістан каналы, Бөген су қоймасы басқармасына жіберілген жас маман бірден жоспарлау бөлімінің бастығы қызметіне қабылданады. Жауапкершілігі мол, маңызды қызметіне өзінің білімділігімен және іскерлігімен көзге түсіп, өз ұжымының арасында үлкен құрметке бөленеді. 1972 жылы елге оралып, Ванновка гидромелиоративті техникумына оқытушы болып жұмысқа тұрады. 1974 жылы Ресейдегі Новочеркаск қаласында екі айдай білімін шыңдап, жазған еңбегі жоғары деп бағаланады. 1982 жылы сол кездегі Түлкібас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Васильевтің ықпалымен аудандағы гидротехниктердің білімдерін арттыру мақсатында техникум он күндік курс ұйымдастырады.
Осы курста Есенбектің еңбегі жоғары бағаланып, аудан басшысының ризашылығына бөленеді. 1983 жылы ауданда сынақ ретінде және оқу практикасының сапалы өтуі үшін техникуммен бірге «Победа» колхозының егістік алқабына Есенбек Үсіпұлының жобасы аясында өздігінен жүретін екі қанатты, әр қанаты 400 метр құрайтын, 18 метрге жетіп тоқтайтын, позиция бойынша жаңбырлатып суғаратын «Волжанка» маркалы машинаның тұсауы кесіледі. Бір бағытта 1,44 гектар жерді суғаруға қауқарлы бұл жаңбырлатып суғаратын техниканың авторына жиналған қауым таңдана қарап жатты…
Аудан басшысы Ефименко өз ризашылығын білдіріп, ұстаз-өнертапқышқа Алғыс жариялады. Сол жылы осындай ерен еңбегі үшін Есенбек аға Ауылшаруашылығы Министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Осылайша, өз жұмысынан бөлек қоғамдық жұмыстарды да қабақ шытпай атқаратын жоғары санатты ұлағатты ұстаздың еңбегі жоғары бағаланып, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінде де болып қайтты. 2000 жылы мемлекеттік аттестациялау комиссиясының ұсынысы бойынша «ҚР Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
2001 жылы «Түлкібас агробизнес және саяхат» колледжі директорының орынбасары қызметіне бекітілді. Бұл қызметті де ұршықтай иіріп, өзінің іскерлігімен, ізденімпаздығымен ерекше көзге түсті. 2008 жылы бір салада тұрақты 40 жыл көлемінде қызмет атқарып, үлкен абыроймен зейнеткерлікке шықты. Жастайынан еңбек етпесе қарап отыра алмайтын еңбек ардагері «Нұрдәулет» шаруа қожалығын басқара жүріп, аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұрғанды жек көрмейді. Атап айтқанда, 2009-2021 жылдары «Нұр-Отан» ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің мүшесі, 2009-2013 жылдары аудандық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, 2009-2013 жылдары ардагерлермен жұмыс жүргізу жөніндегі комиссияның төрағасы және тексеру комиссияның мүшесі, 2010-2024 жылдары Майлыкент ауылдық округі ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, 2019-2024 жылдары Майлыкент ауылдық округінің қоғамдық кеңесінің мүшесі, 2023 жылдан бері Майлыкент ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Иә, «адал еңбек – шын бақыт» дегендей, аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқаны үшін «Нұр – Отан» ХДП-ның, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, аудандық ардагерлер кеңесінің, Майлыкент ауылдық округі әкімінің Алғыс хаттарымен, «Түлкібас ауданына 90 жыл» төсбелгісімен марапатталып, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды. Өзінің кіндік қаны тамған Күмісбастау ауылындағы ескі және жаңа мазараттарды қоршау, тас жол салу және қойма ғимараттарын тұрғызу жұмыстарына демеушілік жасап, жерлестерінің ризашылығына бөленгені де көпке аян. Аудан экономикасын көтеруге, көркейтуге 62 жылдан бері үлесін қосып келе жатқан ардагер ағамыз өнегелі отбасының иесі де. Құдай қосқан қосағы Нүрила Әбішқызымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, 2 ұл, 2 қыз өсіріп, олардан тараған 16 немере мен 10 шөбере сүйіп отырған жағдайы бар.
Ұлағатты ұстаз, Майлыкент ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің және қоғамдық бақылау кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Есенбек Үсіпұлы Тәшеновтің өнегелі өмір жолдары осындай. Сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған ағамызды осы бір мерейлі сәтімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық және әлемдегі бар жақсылықтарды тілейміз. Бұл ақ жарма тілегімізді тек біздің ғана емес бүкіл аудан жұртшылығының ақ ниеті мен ыстық ықыласы деп ұққайсыз.
Орынтай КӨМЕКОВ.