Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол, ортамызда жүрген қазыналы қарияларымыздың кезінде ел дамуына қосқан үлестері мол болғанын ешкім де бүгінде жоққа шығара алмайды. Ел басына қиын-қыстау заман туғанда қара жұмыстың қамытын киіп, бел жазбай, тізе бүкпей тер төгіп, егін егіп, мал бақты. Мемлекетіміздің бар саласында, жұмыс таңдамай аянбай еңбек етті. Сөз қадірін бәрінен де жоғары қоятын дана халқымызда «Көп жасағаннан емес- көпті көргеннен сұра» деген нақыл сөз бар. Сондай көргені мол, көңілге түйгені мол, кейінгі жастарға айтары бар абыз қариялардың бірі, тоқсан жасты тақымдап отырған Азаттық ауылының тұрғыны Нышанбай Түймебаев ағамыз.
1934 жылы Түлкібас кентінде дүние есігін ашқан ол кісінің балалық шағы тақтайдай тегіс өте қойған жоқ. Ашаршылықтың ызғары әлі сейіле қоймаған сол бір ызғарлы кезеңде Қызыл жол елді мекеніндегі бастауыш мектепте сауатын ашып еңбекке ерте араласып кетті. Ойынға тоймайтын шағында Ұлы Отан соғысы басталып, ауылда қалған егде кісілермен, әйелдермен қатарласа уақытпен санаспай жұмыс істеді. Содан он бір жасында асқар таудай әкесі қайтыс болып, бұғанасы бекімеген жас баланы шешесімен бірге Жабағылыда тұратын әкесінің ағасы Тасыбай ақсақал өз қамқорлығына алады. Қара жұмысқа әбден шыңдалып өскен бозбала 1954 жылы өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын атқару үшін әскер қатарына шақырылады. Үш жылдай Шығыс Германияда, Владивостокта, Мәскеуде қызмет атқарып, өмірді көріп қайтқан Нышанбай Түймебаев ағамыз Түлкібас теміржолында, Сахартрестегі шахтада ұзақ жылдар еңбек етіп, 1963 жылы анасының ұйғарымымен Азаттық ауылына көшіп келеді
Жаңа ортаға келген ол өзіне қолайлы мамандық таңдап жатпай колхоз басшыларының жылқы бақсаң қалай болады деген ұсыныстарын қабыл алып, қолына құрығын ұстап жылқышы болды да кетті. Ал, Құдай қосқан қосағы сауыншы болып іске кірісті. Міне, осы қиындығы мол салаға 23 жылын арнаған біздің кейіпкеріміз адал еңбегінің арқасында озат аға жылқышы атанып, талай марапаттарға ие болды. Осы аралықта өздерінен тараған 10 перзенттерді жан-жақты етіп тәрбиелеп өсірді. Олардың өмірден өз орындарын табуларына өз ара ынтымағы мен татулығы жарасқан ата-ана орасан үлестерін қосты. Осылай еңбек ете жүріп зейнетке шықты.
-Аллаға шүкір, бүгінде балаларымның, немерелерімнің ортасында жүріп жатырмын, — дейді 90 жастағы Нышанбай ағамыз қанағаттанарлық сезіммен. Өткен өміріме өкпем жоқ. Бірақ, өмірлік серігімнен ажырап қалғаныма 16 жыл өткені болмаса…Өзімнен өрбіген ұл-қыздарымнан тараған тоқсан шақты немере-шөберелерім бейне бір жан-шуағым іспеттес. Мен соған қуанам. Бәрі ата, аталап үстіме шық жуытпайды. Аяғымды жерге тигізбейді. Денсаулығым да күні бүгінге дейін сыр берген емес. Айналайын жастарымызға Құдай қуат берсін. Көк байрағы көкте желбіреген еліміз көркейіп, гүлдене берсін. Бәріміз де аман болайық,-деп тоқсан жасқа табан тіреп отырған қария батасын берді.
Бұл батаға біз де қол жайып, бар саналы ғұмырын адалдықпен, ізгілікпен өткізген қазыналы қарияның деніне саулық, отбасына амандық тілеп, береке ұялаған шаңырағынан көңілді кейіпте шыға бердік…
Орынтай КӨМЕКОВ.