Марат Алмабекұлы — Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында ерен еңбек етіп, ерекше үлесін қосқан еңбекқор жан, парасатты басшы. Пайымы мен ойы, мақсаты мен жоспары айқын азамат бүгінгі күнде де елге абыройлы қызмет етіп келеді. Марапатталды, мадақталды, еңбегі еленді.
Жанында жүрген азаматтарға қашан да қолдау көрсетіп, білмейтінін үйретіп, мол тәжірибесімен бөлісуге асығып тұратын ақжүрек Марат Алмабекұлының біз үлгі алатындай істері мен тындырымды тірліктері жетерлік.
Қарапайым, іскер, еңбекқор, парасатты азамат екендігін сөзбен емес, ісімен әлдеқашан дәлелдеген жан. Қашан көрсеңіз жұмыс орнынан табылып, көпшіліктің ой-пікірін біліп, жұмысында басшылыққа алатын.
Есімі қалың көпшілікке таныс Марат Алмабекұлы мемлекеттік салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді. Еліміз тәуелсіздіктің туын алған жылдары алғаш мемлекеттік салаға қызметке орналасқан Марат Алмабекұлы егемен елмен бірге өсіп, бірге көгеріп келеді десек те болар. Өйткені, жас мемлекетті дамыту жолында болған көптеген өзгерістерге қарамай өзіндік мінезімен талай жерден тапқырлығын танытып, күні бүгінге дейін сол бір қызметтен алыстаған емес. Осыдан ел ағасының ел мен жерге, туған топырағына деген шексіз махаббатын аңғармау мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстанның өзге алып елдермен терезесі тең келе алатындай аяғын нықтап басуына даму жолында 30 жылдан аса уақыт қызмет етіпті.
«Тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған жер», табиғаты тамаша, ауасы таза, Қаратаудың баурайында орналасқан, ер Түріктің бесігі саналған ғажайып Түлкібас ауданы Бақыбек ауылында туылып, елдің болашағы үшін аянбай еңбек етуді көздеген Марат Алмабекұлы 1986 жылы Жамбыл жеңіл тамақ және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының жеңіл өнеркәсібінің машиналары мен аппараттары, инженер-механик мамандығы бойынша білім алады. Бір ғана мамандықтың аясында шектеліп қалмай, әрі қарай ілімін жалғастыру мақсатында 2006 жылы «Әулие ата» университетінің құқықтану, заңгер мамандығы бойынша білімін шыңдап, тәжірибе алмасады. Ауылдан шыққан қазақ баласының қызмет жолы 1978 жылы Жамбыл қаласы, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында лаборант, оқу шебері болып басталады. Онда екі жылға жуық жұмыс істеп, ел алдында азаматтық парызын өтеу мақсатында ГДР-де, Кеңес әскер қатарына аттанады. Әскерден аман-есен елге оралған азамат көп ұзамай еңбкке қайта кіріседі. Сөйтіп, 1982 жылы Жамбыл қаласы, Жамбыл ет комбинатында слесарь, механик-оператор болып жұмыс істейді. Жамбыл қаласында біраз уақыт жұмыс бабымен жүрген Марат Алмабекұлы 1988 жылы туған топырағы Түлкібас ауданына келеді. Білімі мен тәжірибесін жан-жақты қалыптастырған Марат Алмабекұлы елге оралып, алған біліктілігін елдің дамуы мен гүлденуі жолында жұмсағанды жөн санайды. Сөйтіп, еңбек жолын өзінің туып өскен жері Түлкібаста түрлі салада еңбек етті.
Келген бойда еңбекке құштар жас маман комсомол комитетінде нұсқаушы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ІІ-ші хатшысы болып маңызды мемлекеттік қызметтерді атқарады. Абыройлы қызмет, жауапты міндетті сезініп, атқарған Марат Алмабекұлын 1991 жылдан бастап Түлкібас аудандық партия комитеті- саяси ұйымдастырушысы қызметіне тағайындалып, үлкен жауапкершілік пен міндеттерді жүктейді.
Марат Байғарашев «Ақ қанат» агрофирмасында инженер-механик, аудандық халық депутаттары кеңесінің іс-басқарушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық тіл басқармасының бастығы, аудандық маслихаттың ұйымдастыру-құқық бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы болып тағайындалып, түрлі салада өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
2006 жылдан бастап Алматы қаласындағы «МашСервисТрейд» ЖШС директоры, Шымкент қаласындағы «Клиника-Ақ-Ниет» ЖШС бөлім бастығы, Сарыағаш қаласындағы ҚР АШИ АӨК МИК Сарыағаш аудандық-аумақтық инспекциясының бас маманы, кадр жөніндегі инспекторы болып жұмыс істеді. Марат Алмабекұлы Леңгір қаласында қызмет бабымен 3 жылға жуық еңбек етті. Онда ол ҚР АШМ АӨК МИК Леңгір қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы-кадр жөніндегі инспекторы, аудан әкімі аппаратында ұйымдастыру бөлімінің басшысы болды. Сөйтіп, 2013 жылдан бастап Түлкібас ауданы әкімінің кеңесшісі қызметін абыроймен атқарды. Еңбекке құштар, тапсырмаға жауапты, талапшыл басшы «КазТрансГаз» АО Түлкібас бөлімшесінің басшысы болып бірнеше жылға жуық қызмет етті.
Көп нәрсеге байыппен қарап, дұрысынан шешім шығару, халықтың жағдайын алдыңғы орынға қойып, халық тарапынан оң бағытта жұмыс жасау секілді бірнеше қағидаттарды басшылыққа алады. Үлгі алатын тұстары көп.
Көп жыл бойы бірнеше мекеменің басшысы, көптеген абыройлы қызметті өз деңгейінде атқарып шыққан Марат Алмабекұлы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры болып қызмет етті. Елдің даму жолында аянбай еңбек еткен азамат халықтың батасының арқасында көптеген жетістіктер мен қызметтік нәтижелерге қол жеткізді. Аудандық мәслихаттың депутаты болып, халық қалаулысы атанды. Тәуелсіз елдің даму жолында еңбек етіп, бүгінгі жетістікке бірге жетті. Тарихы терең, тамыры кең елдің ардақты азаматтары, сыйлы тұлғалары жүріп өткен жол, көрген-білген тәжірибелері қызметтегі жас мамандарға үлкен өнеге, үлгі. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген бар қазақта. Ел ісіне білек сыбана кіріскен азаматтардың қасында жүрген кез-келген тұлға халқына қалтқысыз адал қызмет ететін азаматтар болатынына сенім мол. Өйткені, олардың тәрбие, тәжірибе мектебі мықты.
Бар саналы ғұмырын адал еңбекке, шынайы жауапкершілікке арнай білген Марат Алмабекұлы тек қана мемлекеттік басқару қызметтерінде емес түрлі салаларда өзінің қолтаңбасын қалдыра білді десек те болады. Аядай ғана ауданнан басталған еңбек жолы әрмен қарай үлкен жауапкершілікке ұласты.
Марат Алмабекұлы өзінің жүріп өткен жолында ізгі із тастап, әр аяқ басқан жерінде сүйсінерлік ісін, жақсы атын қалдыруды мақсат тұтқан абзал азамат. Осындай мерейін өсіріп, асқақтатқан игі істерімен халық арасында елеулі азаматқа айналған.
Отбасында 3 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отырған ардақты әке болса, немерелері үшін асқар таудай ата.
Көп жылғы маңдай тері мен еліміздің өсіп-өркендеуі жолында нәтижелі ісімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген Марат Алмабекұлы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен, облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, аудандық мәслихаттың Құрмет граматасымен марапатталды
Туған жері Түлкібас ауданының өсіп өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Түлкібас ауданына 90» жыл медалімен марапатталып, ауданның «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Атаның емес елдің баласы болып туып, халыққа адал қызмет ету жолында саналы ғұмырын сарп еткен білікті басшы, адал азаматқа қандай құрмет пен қошемет көрсетсек те артықтық етпес.
«Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген қанатты сөздің айтылуы бекер емес. Марат Алмабекұлы адал еңбегімен өмір жолында текті азаматтығынан, өз биігінен төмендеген емес. Даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, қызметте қай тізгінді ұстаса да білімі мен біліктілігімен, жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оның әлі талай биік белестерді бағындыратыны хақ.
М.ҚАЛТАЕВ,
редактор.