Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны бар. Сондай мәртебелі де бейбіт мамандықтың бірі – құрылысшы мамандығы екендігі баршаға аян. Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері бұл сала «Қазақстан құрылысшылар күні» деп жарияланып келеді. Құрылыс саласы – экономиканың негізгі іргетасы болып табылады. Кез келген мемлекеттің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының қарыштай дамуына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей қолдауымен бүгінде кең байтақ елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалған. Отандық құрылыс индустриясы қанатын кеңге жайып, жыл өткен сайын құрылыс бұйымдарын шығаратын өндіріс орындары да көбейіп келеді. Мұның жарқын көрінісін ауданымыздың бүгінгі кескін-келбетінен – ақ айқын аңғаруға болады. Артта қалған отыз үш жылдың бедерінде табиғаттың әсем бесігінде тербелген Түлкібас өңірінде көптеген құрылыс нысандары бой көтеріп, өз мерзімінде ел игілігіне пайдалануға берілгені көз алдымызда. Дегенмен, бұл оңды көрініске тоқмейілсініп қалуға болмайтынын сынаптай сырғыған уақыттың өзі көрсетіп отырғанын ешкімнен де жасыра алмайсың. Жалпы, аудандық құрылыс бөлімінің тарихы жайында не білеміз? Болашақта қандай ауқымды жұмыстар атқарылмақ? Осы көкейде жүрген сауалдарды аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Сейілхан Рүстембекұлы Құлжабаевқа қойған едік.
-Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы мемлекеттік мекемесі 2001 жылы құрылды. Ол бөлімнің алғашқы басшысы болып Әділбек Әуелбекұлы Төлепбергенов тағайындалды. Жаңа басшы бұл салада екі жылдай қызмет атқарып, ауданның көркеюіне және аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне елеулі үлесін қосты. Одан кейін бұл бөлімнің тізгінін Қасымбек Кембайұлы Қалмырзаев, Қуандық Ахметов, Болат Әбдіқадырұлы Сыздықбаев сынды өз мамандықтарын жетік меңгерген басшылар ұстап, аудан көлемінде құрылыс саласының одан әрі жандануына себепкер болды. Осы аралықта көптеген мектептердің, бала бақшалардың, Мәдениет үйлерінің, ауруханалардың жаңа ғимараттары бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ауылдар арасындағы жолдар жөнделіп, тұрғындардың құрылысшыларға деген ризашылығы арта түсті. Баспанасыз жүрген кей азаматтар тұрғын үйлермен өз уақтысында қамтамасыз етілді. Мұның бәрі әрине, құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбектерінің арқасында жүзеге асып жатқандарын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бүгінде «Түлкібас ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы» мемлекеттік мекемесі бөлімінің басшысы қызметін Н.Ештаев атқарып келеді.
— «Түлкібас ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы мемлекеттік мекемесі» бөлімінің тарихы жайлы біраз мәліметтерді білдік. Енді аудан көлемінде әр жылдары жұмыс атқарған басқа да құрылыс ұйымдары жайлы не айтасыз?
-Ауданда 1972-1992 жылдары «Шымкент сельстрой тресіне қарасты ПМК-1804 құрылыс мекемесі жұмыс атқарды. Аталған құрылыс мекемесінің тізгінін әр жылдары И.И.Кондратенко, О.К. Ерметов, Ж.К.Бейсенбаев, Қ.К. Қалмұрзаев, С.Дауылбаев ұстаса, Балықты ауылындағы ПМК-2 құрылыс мекемесін И.Әзімбаев, Ш.Ғатауов, П.Нұрымов, Қ.Тұманбаев, В.Я.Редер, Д.Нарымбетов, Қ.Оңғарбеков басқарды. «Шымкенттрестрой Быт»АҚ мекемесін 1972-1996 жылдары З.Әбдібеков, «Фирма Курс» ЖШС-ін М.Мәмбетәлиев басқарып, ауданда құрылыс саласын дамытуға орасан үлестерін қосты. Ал, аудандағы сәулет саласынының алғашқы басшылары болған Мықтыбек Маханов пен Амангелді Бердашевтің сынды азаматтардың ерен еңбектерін жерлестері ешқашан да ұмытпайды. Міне, аудандағы құрылыс саласының қысқаша тарихы осындай.
— Енді өзіңіз қызмет атқаратын «Түлкібас ауданының құрылыс және сәулет және қала құрылысы мемлекеттік мекемесі» бөлімінің алда атқарар жұмыстары жайлы айтып өтсеңіз?
-2024жылы іске асырылатын құрылыс жұмыстары жайлы айтар болсам, коммуналдық тұрғын үй сатып алу жұмыстары бойынша бүгінде бізде 3200 азамат тіркелген. Оларға ағымдағы жылы 68 тұрғын үйлерді сатып алу жоспарланған. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында» (бұл мақсатқа) 68 пәтер сатып алуға 974,453 млн.теңге бөлініп отыр. Иірсу ауылының электр желісі, газ және су жүйесінің құрылысының жұмысын «BN Project» ЖШС жүргізіп,бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарының 90 пайызын орындады. «Спецтехника-23» ЖШС-нің атқаруындағы Жабағылы елді мекенінің дамуына 15,0 га жер теліміне инженерлік инфрақұрылым құрылысы (газбен жабдықтау) жұмыстары 90 пайызға орындалып, таяу күндері пайдалануға берілетін болады. 2024 жылға қаралған 50,0 млн. теңгеге Шақпақ баба ауылының дамуына инженерлік инфрақұрылымының құрылысын жүргізуге, Дәубаба ауылындағы 100 орындық клубтың құрылысын жүргізуге қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекеттік сату сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық бюджеттен Құлан, Ынтымақ елді мекендеріндегі ауылдық клуб құрылыстарына 1 500,0 мың теңге қаралып, мемлекеттік сату сатып-алу конкурсына тапсырыс берілді. Бір сөзбен айтқанда, аудан көлемінде құрылыс қарқыны қарқын алмаса, бәсеңдемейтін болады.
-Газет оқырмандарына өзіңізді таныстыра кетсеңіз?
-1975 жылы Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келгенмін. Алматы сәулет-құрылыс институтының түлегімін. Алғашқы еңбек жолым 1989-1992 жылдары МПМК мекемесіндегі ПТО қызметінен басталды. Одан кейін біраз жылдар «Қызыл Жұлдыз» колхозында құрылыс саласының маманы, «Бексұлтан» шаруа қожалығының төрағасы, Түлкібас ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары, 2022 жылғы 11 шілдеден бастап Түлкібас ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет атқарып келемін. Отбасылымын, 4 перзентті тәрбиелеп, олардан тараған қылықтары балдай тәтті немерелерімнің қызығын көріп отырған жағдайым бар.
— Әңгімеңізге рахмет! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!
Орынтай КӨМЕКОВ