Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Ортада жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше құрметке лайық. Бүгін осы ретте аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және орынбасары Ербол Орманов 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай небір сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыздың үйлерін арнайы аралап, ерекше сый-құрмет көрсетті.
Бірінші кезекте аудан басшысы Майтөбе ауылына табан тіреп, еліміздің бір туар азаматы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының шаңырағына болып, ғасырға жуық жас жасаған атамызға сый-құрмет көрсетіп, иығына дәстүрімізге сай шапан жапты.
Осындай игі іске мәз-мейрам болған қариямыз шынайы ризашылығын білдіріп, Нұржан Жақсылықұлына өзінің «Абайтану» атты он томдық жинағын тарту етіп, еліміздің мәртебесі биіктеп, ел-жұртымыздың аман болуын тілеп батасын берді.
Содан соң, аудан басшысы аудан орталығындағы ғасырдан аса жас жасаған Вера Севирикованың шаңырағында болып, бүгінде 104 жасқа келген анаға мерекелік құттықтауын жеткізіп, сый-сыйапат жасады.
Айта кетерлік, осы бағыттағы игі шаралар ауданымыздың барлық бөлігінде аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен мерекеге орай өз жалғасын табуда.