ХХІ ғасырда мемлекеттер қара күшпен емес, біліммен, сол арқылы жеткен озық технологиямен озады. Жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де ең әуелі білім керек. Қазір бір елдің ғана емес, адамзаттық деңгейдегі проблемалардыойлайтын кезең. Ауыз судың азаюы, климаттың өзгеруі сынды күрмеуі қиын мәселелерді шешу үшін ұшқыр ойлы, ғылымға бет бұрған ұрпақтың өскені абзал. Ал, ол үшін не істеу керек. Ең әуелі, балаға болашағым деп қарап, оның келешегі үшін кемел қадамдар жасай білуіміз керек? Баламыздың сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, барлық жағынан саналы түрде дамыта отырғанымызда жөн. Балаларымыздың қалыптасуына ең бірінші ата-ана ықпал жасаса, мектеп пен ұстаз қосымша күш болады. Сол себепті барлық жанашыр жандар баланың болашағын ойлап, әрекет етсе, түбі берекетін берері анық. Алда барша бала асыға күтетін ең тамаша «Алғашқы қоңырау» мерекесі өтеді. Барлық білім ошақтарынан сыңғырлап қоңырау соғылады. Жаз бойы мәре-сәре болып ойнаған балалар енді, мектеп формасын киіп, білім мен ілімге уақыттарын арнайды. Осындай тамаша мереке қарсаңында Дауан атындағы жалпы білім беретін мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын біліп, тыныс-тіршілігімен танысу үшін мектеп директоры Елубаева Гүлжан Ізбасарқызын әңгіме тарттық.
— Қайырлы күн, Гүлжан Ізбасарқызы, қызу жұмыс барысынан бізге аз уақыт бөліп, сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіремін. Ең алғашқы сұрақты мектептің тынысынан бастасақ.
— Қайырлы күн. Біздің ұйымшыл ұжымға назар салып, жұмыстарымызды аудан жұртшылығына таныту мақсатында келген қадамдарыңызға рахмет. Біздің ең әуелгі мақсатымыз заман талабына жауап беретін құзыретті тұлға тәрбиелеуде білім мен ғылым, өнер мен өнеге жолында аянбай еңбек ететін болашағы жарқын азаматтарды тәрбиелеу. Осы мақсатта талай жұмыстар атқарылып келеді. Біз өзіміздің жұмыс жоспарымызбен емес, шәкірттеріміздің жеткен жетістіктерімен мақтанамыз. Олардың әрбір жетістігі біздің жұмысымыздың нәтижесі. Ұстаз үшін шәкіртінің биік белесті бағындыруы, білімнің шыңынан көріне білуі үлкен бақыт. Осы жолда шәкірттеріміз біздің үміттерімізді ақтап, мектебімізді облыс, республика деңгейінде танытып келеді. Одан артық бақыт ұстаз үшін жоқ деп білемін. Жалпы, біздің мектепте 49 мұғалім қызмет етеді. Олардың 16-зерттеуші, 12- сарапшы, 8- модератор, 13- педагог санатын құрайды. 2023-2024 оқу жылында мектебімізде 12 мұғалім біліктіліктерін арттырды. Мектебіміздің бағыты айқын, мақсаты биік. Оған мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің бүгінгі қызметтері мен жетістіктері дәлел. Олар қазіргі таңда мемлекетіміздің түрлі салаларының дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Оза туып, оза шапқан әрбір шәкіртіміз біздің мақтаныштарымыз. Сонымен қатар, ұстаздарымызда Президентіміз бекіткен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», «Құрмет» ордендерінің, «Үздік педагог», «Білім беру ісінің үздігі» сынды марапаттардың иегерлері. Ұстаздар арасында түрлі байқаулар өткізіп, мұғалімдердің жан-жақты дамуына да мүмкіндіктер береміз. «Өнерлі ұстаз 2023» номинациясымен Саржан Ақтөре, «Менің шағын Отаным» байқауынан ІІІ-орын Айтбаев Н, Ыбырай оқуларының аудандық кезеңінен Қасқарауова Г І- орын, облыстық кезеңінен ІІІ-орын, Жеңіл атлетика бойынша Сауғанбаев С ІІІ орын, республикалық Би байқауынан Иманбекова М ІІІ-орын, «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсының аудандық кезеңінде «Шеберлік политрасы» бағытында ІІ орын ағылшын тілі пәнінен Утаралиева Ш, математика пәнінен ІІІ орын Сатимова С, тарих пәнінен ІІІ орын Құлжабаева А. иемденіп мектеп мерейін асырды.
-Оқушылардың жетістіктері қандай? Ұстаздар үміті қаншалықты деңгейде ақталып жатыр?
— Дәл осы сұраққа ауыз толтырып жеткен жетістіктерімізді айта аламын. Оқушылар бір-бірінен өткен ізденімпаз, білімге деген құштарлықтары тамаша. Ондай зерек балалармен жұмыс жасауда ұстазға ерекше шабыт сыйлайды. Мектепте жалпы саны 313 оқушы білім алады. Бізде биылғы оқу жылында 1 сыныпқа 28 бала, мектепалды даярлыққа 27 бала қабылданды. Тарыдай болып табалдырығымызды аттаған әр балаға үлкен жауапкершілікпен қарап, болашағының жарқын болуына сүбелі үлесімізді қосуға дайынбыз. Тек қолдау болса жеткілікті. Оқушыларымыз бүгінге дейін аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларды бой көрсетті. Қоржынымыз бос қалған кез болмаған. Оқушыларымыз қашанда үмітті ақтауға барын салды. Аядай ғана ауылда орналасқан алақандай білім ошағымыздың атын қазір република таниды десем артықтық болмас. Оған дәлел жетістіктеріміз. Жақсылық Кәусар ғылыми жоба бойынша аудандық, облыстық деңгейден І орын, республикалық деңгейде қорғап І орынды иемденді, жетекшісі Ғаббасова Жанар. Аудандық олимпиада, ғылыми жоба, облыстық ауыл олипиадалары, Лингвистикалық олимпиадалар, Алтын сақа олимпиадасы, Алтын түлек олимпиадасы, спорт саласындағы түрлі сайыстар, үйірме жұмыстары бойынша байқаулардың барлығынан оқушыларымыз жүлдесіз оралған емес. Бұл мен үшін мақтаныш, мәртебе. Тек қана білім бағытында ғана емес спорт бағытынан да оқушыларымыз керемет нәтиже көрсетті.
Қазақ күресінен 2006-2007 ж.т жасөспірімдер арасындағы Есіркеп батыр атындағы XXIII-ші республикалық турнирінде 50 келі салмақ дәрежесінде III орынмен Боздақ батыр атындағы жүлдені Дауан атындағы ЖББМ нің 11 сынып оқушысы Алпысбай Асылжан марапатталды. 25 қазан — Республика күніне арналған еркін күрестен 2010-2011ж, 2012-2013ж, 2014-2015ж.т жасөспірімдер арасында өтетін облыстық ашық турнирде 32 келі салмақ дәрежесінде I-орынмен 6 сынып оқушысы Нарзула Нұрислам марапатталды. Қазақ күресінен 2003-2005 ж.т жастар 2006-2007 ж.т жасөспірімдер және 2008-2009 ж.т кіші жасөспірімдер арасында өткен Түркістан облысының “Жас барыс” турнирінде 46 кг салмақта 1 орынмен Дауан атындағы ЖББ мектептің 10 сынып оқушысы Құрманғали Асанәлі Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен марапатталды. Қазақ күресінен 2003-2005 ж.т жастар 2006-2007 ж.т жасөспірімдер және 2008-2009 ж.т кіші жасөспірімдер арасында өткен Түркістан облысының “Жас барыс” турнирінде 50 кг салмақта 1 орынмен Дауан атындағы ЖББ мектептің 10 сынып оқушысы Қуанышбек Жомарт Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен марапатталды. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай еркін күресінен 2009-2010 жылғы жасөспірімдер арасындағы аудандық турнирінде 52 кг салмақта 1 орынды Дауан атындағы ЖББ мектептің 9 сынып оқушысы Мусан Бақытжан дипломмен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай еркін күресінен 2011-2012 жылғы жасөспірімдер арасындағы аудандық турнирінде 41кг салмақта 3 орынды Дауан атындағы ЖББ мектептің 6 сынып оқушысы Ешенқұлов Рахымжан дипломмен марапатталды. Қазақстан Республикасының құрылған күніне орай өткізілген “Ұлттық мектеп лигасы” аясында гандболдан 5-6 сынып қыздар арасындағы аудандық жарысында жүлделі 1 орынмен Дауан ЖББ мектебі марапатталды. Үздік ойыншылар: Зиябек Айдана, Маманова Шабнам. Үйірме жетекшісі: Абилов Б.Ж.
Қазақ күресінен кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер және жастар арасындағы “Жас Барыс” Республикалық турнирінде 50 келі салмақ дәрежесінде Дауан атындағы ЖББ мектептің 10 сынып оқушысы Қуанышбек Жомарт I-орынмен марапатталды. Дауан атындағы ЖББ мектептің 10 сынып оқушысы Қуанышбек Жомарт Алмасұлы қазақ күресінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы. Түркістан облысының “Жас барыс” турнирінің 50 келі салмақ дәрежесінде “Жас барыс” атағының иегері және республикалық “Жас барыс” турниріне жолдама алып, қазақ күресінен кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер және жастар арасындағы “ЖАС БАРЫС” Республикалық турнирінде 1орынмен марапатталып “Жас барыс” атағын иеленді. Сонымен қатар Түркістан облысы “ QAZAQ KURESI” федерациясының 2023 жылдың жылдық қорытындысында үздік спортшы атанып мадақтамамен марапатталды. Жаттықтырушысы: Шажалиев Алмас
-Білім ошағында мектеп басшысы ретінде көңіліңіз толмайтын олқылықтар бар ма?
-Мектептің барлық дүниесіне көңілім толады. Мен ойлағаннан да тамаша жұмыстар атқарылып жатыр. Ол менің ғана емес ұжымның еңбегі деп білемін. Дегенмен, кейде ата-аналар тарапына кішкене қынжыламын. Ана мектеп жақсы, мына мектепте білім жоқ деген түсінікпен шектеліп, Қарағашты ауылында тұратын балаларын аудан орталығындағы мектептерге береді. Бұл алалау ма әлде өздеріне ыңғайлы ма түсінбедім. Бірақ, оларға ренжімеймін. Баланың оқуға деген қабілеті болса, ынта-жігері болса қай жерде оқытсаңда оза шығады. Ынтасы жоқ баланы ең мықты лицейде ақылы оқытсаң да, кері кетеді. Бұл бала, сосын ата-ана мен ұстазға байланысты. Ауыл тұрғындары осыны түсінсе екен деймін.
— Қарағашты ауылында халық жақсы қоныстанған. Өзге ұлт өкілдері де баршылық. Олардың балалары да қазақ тілді мектепке барады ма?
— Иә, дұрыс айтасыз бізде әзірбайжан ұлты көп. Өкінішке орай, біздің мектеп тек қана қазақ тілді мектеп санатында. Ал, өзге ұлт өкілдерінің дені орыс сыныптарына жібереді. Сол үшін де болар, бізде бала саны едәуір үлкен емес.
— Алда үлкен қуанышты мереке. Жаңа білім, оқу, ізденіс жылы. Дайындық барысы қалай жүруде?
— Иә, барша мұғалімдер қауымын алда қарбалас жұмыс, ізденіс күтуде. Дайындық жақсы. Мектептің іші-сырты толық жөндеу, тазарту жұмыстарынан өтті. Тап-таза, әдемі сыныптарды балаларды күтетін боламыз. Тың жобалар да баршылық. Алла қаласа алдағы жетістіктерімізге куә боласыздар деген сенімдемін. Басытысы, балалар мектептен қажетін алса, сол түйгендерін болашақта іске асырса. Біздегі ниет те, мақсат та осы. Барша әріптестеріме тек сәттілік тілеймін. Жаңа оқу жылы жаңа жетістіктерімен қуантсын дегім келеді.
Сұхбаттасқан:
Аяжан МӘМЕТ.