Бүгін аудан орталығында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бастамасымен, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Парктер шеруі – 2025» табиғатты қорғау шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы. Бұл акция ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бекіткен 2025 жылғы 20 наурызға дейінгі «TazaLike» салтанатты бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жиынға аудан әкімі Асқар Естібаев қатысып, тұрғындарға арнайы үндеу жолдады.
– Ауданымызда әр аптаның жұмасы «Жалпыаудандық тазалық күні» ретінде белгіленіп отыр. Осы ретте Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына үн қосып, көктемгі сенбіліктерге, көгалдандыру және өзен-көл жағаларын тазарту жұмыстарына белсене атсалысуға шақырамын, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Сахит Қынтаев акцияның тарихына тоқталып, бұл игі бастаманың табиғатты аялауға қосар үлесі зор екенін атап өтті.
«Парктер шеруінің» негізгі мақсаты – аудан табиғатын таза әрі көрікті ұстау, қоғам мен үкімет, бизнес өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары мен тұрғындардың экологиялық мәселелерге назарын аудару. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттердің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімдерін ояту.
Жыл сайын наурыз айынан маусымға дейін өтетін бұл халықаралық шара Дүниежүзілік «Жер күніне» және Табиғатты қорғау күніне арналған. Биылғы акция «Балалар саябағында» ағаш отырғызумен басталып, «Арыс» өзені бойында өткен сенбілікпен жалғасты.