Киелі Түлкібастың қосылған қос өзендері Арыс пен Машатты жағалай орналасқан біздің Мыңбай ауылымыздың табиғаты елден ерекше. «Тоғайым жасыл желек, жаныма берген тыныс»- дегендей, осындай кішкене ғана ауылдың ауызбіршілігі, ынтымағы ауыл тұрғындарының ажарын аша түскендей. Іргесі сөгілмеген ауылымызда ауыз толтырып айтарлықтай, мақтауға тұрарлықтай отбасылары мен керегені кеңейтіп отырған келіндеріміз баршылық.
«Келін» дегенде көз алдыңа жүзінен нұры төгілген, ізетті де инабатты, өн бойынан кішілік пен мейірімділік есіп тұратын, тал шыбықтай бұралған сүйкімді жан елестейді. Ежелден, сонау ықылым заманнан жаңа табалдырықты имене аттаған сәттен-ақ жас келін сол отбасы мүшелерінің жүректеріне шырақ жағып, үйдің қуыс-қуысының бәрін қуанышқа толтырады. Жаңа түскен келіннің аяғымен осылай әр шаңыраққа құт-береке енетін еді. Байқап қарасаң, қазір де солай. Жасырып қайтеміз, бірақ біз бойымызға кеңестік тәрбиені мол сіңіреміз деп, осы үрдісімізден жаңылып қала жаздадық. Бүгінде жаңадан түскен келіннің ертесіне үлкен адамдарға ізет көрсетіп, мөлдіреп отырып шай құйып беретіні де өз жалғасын табуда.
Осы орайда, көне көз әжелерінен тәлім тәрбие алып келе жатқан Қоңырбек бабаның келіндері жайлы сөз қозғамақпын. Көпті көрген Зайып, Ажар, Дүйсекүл, Жамал, Хадиша атты апаларымыз асылдың сынығындай болды десем де артық айтқаным емес. Біз осы аналарымыздың тәлім- тәрбиесін, үлгі- өнегесін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп отырған әр шаңырақтағы жалғастырушы келіндеріміз. Арамыздағы ең үлкені, еңбек ардагері, аудандық Кеңестің депутаты, звено жетекшісі болған, облыстық ЭТНО, ауылдық кітаптың тізіміне енген, «Асыл әжелер» тобының мүшесі, ақын Дербісәлиева Рабиға жеңешеміз. 2023 жылы жарық көрген «Көрсетпедім, көзімнің тамшыларын» атты кітабы кейінгі ұрпаққа өнеге. Көненің көзін көрген жеңгеміздің бізге кесте тігу, киіз басу, ұршық иіру және де қазақтың ұлттық ата-дәстүрін ұлықтауда көрсетіп келе жатқан өнегелі сөздерінің әсері мол. Сол әжелеріміз секілді біз де келін түсіріп, қыз ұзатып, немере көріп әдет-ғұрыптарымызды жаңартып, тәлім-тәрбие көрсетіп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін жасқа келіппіз. Халыққа қалаулы, елге елеулі болып, әулетіміздің абыройын асқақтатып жүрген жағдайымыз бар.
Жүз жасаған Жамбыл атамыздың 150 жылдық торқалы тойын ауылымызда дүркіретіп атап өткенде келін болып түскеніме небәрі 3-жыл толған екен. Сол кезде енем Дүйсекүлдің «Айналайын, келін, өзіңді ауылдың додасына қостым, басқан қадамың құтты болсын!» деп жүйрік атқа қондырып, ақ батасын берген сөзі әлі көз алдымда. Өйткені, марқұм Дүйсекүл енем ауылдағы айтулы, өте ақылды кісі еді. Шіркін, ауыл жастары атқа мініп, атақты Сара мен Жамбылдың айтыс өнерін сомдаған кездеріміз әлі ел аузында айтылып келеді.
Мектебімізде өтетін кез келген іс шарада осы әулет келіндері жүреді. Соның бірі Гүлбану келін «Сырлас жеңге, сұлу қыз» сайысына қатысып, қайын сіңлі арасындағы жеңгенің орнын қазақи инабаттылығымен, әдепті әрі тәрбиелі келін ретінде көрсетіп жүлделі 2- орынды иеленген болатын. Өзінің ізеттілігін, тәрбиелігін көрсетті. Түлкібас ауданында өткен «Ене мен келін» сайысына Гүлназ келініміз қатысып, 5 кезеңнің барлығынан сүрінбей, шапшаңдығы, биязы мінезімен ене мен келіннің татулығы мен ауызбіршілігінің арқасында жүлделі 1-орынды иеленген.
Мен, әулетке 30 жылдан астам еңбек етіп, Жамбыл атындағы ЖББМ бастауыш сынып бірлестік жетекшісі ретінде танылып келемін.
Қазақтың қанға сіңген қонақжайлық қасиетімен, кісі келсе «Қырықтың бірі- Қыдыр»-деп жарқын жүзбен, шын көңілмен күтетін тағы Лорихан әпкеміз бен Райхан апамыз, Гүлзина, Зылиқа жеңгелеріміз, Гулзираш, Ұмсынай, Баян, Динара, Жанерке, Жанат атты абысын-ажындардың татулығы бізден кейінгі жас ұрпаққа өнеге болары анық. Өзіміз апа болып қалсақ та келіндік әдебімізді ешуақыт та ұмытқан емеспіз. Сондай-ақ, бұл әулеттің келіндерінің салт-дәстүр, жөн-жоралғыны, ата дәстүрімізді әрі қарай жалғастыра беретіндері даусыз.
Осындай ынтымағы жарасқан қазақтың келіндері болғанымызды мақтан етемін. Қазақтың қасиетті дәстүрі жоғалмасын!