Абай атындағы мектеп – лицейдің мәжіліс залында аудандық «Әкелер мектебі» төрағаларының бастарын қосқан семинар болып өтті. Семинарға аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Тұрар Қадырбаев, облыстық ардагерлер кеңесі пленумының мүшесі Қуанышбек Оңғарбеков, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мырсалы Миразизов, аудандық ішкі істер бөлімі ИДН инспекторы Әсел Наурызқұлова, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бөрібай Қыдыралиев , Абай атындағы мектеп-лицейдің директоры Нұрғали Сағындықов және аудандағы «Әкелер мектебінің» төрағалалары қатысып отырды. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Бөрібай Қыдыралиев «Әке жолы – ізгі жол» тақырыбында баяндама жасады.
— Қоғамның бүгінгі дамуы адамзат баласының табиғатын өз болмысынан біршама ауытқып, жаһандық мәдениеттің біртіндеп сіңуі арқылы ұлтымыздың болашағына алаңдаушылық туғызуда. Қазіргі жастардың мінез-құлқы мен жүріс тұрысына бақылау жүргізсек, қоғамда орын алып отырған көптеген келеңсіз құбылыстар мен қайғылы оқиғалардың көбейе түскенін байқаймыз. Бүгінгі күні осынау мәселелер қоғамдық сипаттан мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп, бұл жағдайға баршаны жұмыла кірісуге үндейді. Бала тәрбиесіндегі келеңсіз құбылыстарға мектеп мұғалімдері мен психологтар, отбасында ата-аналар дей отырып, аналарымыздың бала тәрбиесіне мән бермеуі деп кінә тағып келеміз. Әйтсе де, атам қазақ отбасының егесі мен соңғы түйінді қоюшы да отбасындағы әке, яғни ер азамат демеуші ме еді.
Осы орайда Әл-Фарабидің отбасы жайлы айтқан мына сөздері еске түседі. «Үй төрт бөлімнен тұрады. Ері мен әйелі, ата-анасы мен балалары, мүлкі мен мүлік иесі. Кімде-кім осы төртеуінің арасын біріктіріп, ынтымағын орнықтырар болса, сол адам осы үйдің қожайыны болады». Бірақ, ұлы ғұлама ол қожайынның ері ме, әйелі ме, оны ашық айтпаған. Бүгінгі күні ер азаматтарымыз қаншалықты отбасы жүгін көтеріп жүр? Әйелдеріміз ерлерін бас ием, сүйенішім деп арқа сүйеп жүр ме? Міне, әңгіме төркіні қайда жатыр?»
Баяндамашы осы сауалға жан-жақты жауап қайтарып, әр отбасыда асқар таудай әкенің алар орны ерекше болу керектігін қадап тұрып айтты.Семинар барысында аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Миразизов, аудандық ішкі істер бөлімінің ИДН инспекторы Ә.Наурызқұлова, ардагер-ұстаз С.Әбілмажанов, Әуезов атындағы ЖББМ «Әкелер мектебінің» төрағасы Т. Сықақбаев, Абай атындағы мектеп-лицейдің директоры Н.Сағындықов және басқа да «Әкелер мектебінің» төрағалары өз ойларын ортаға салып, «Әке беделін қалай көтеруге болады», «Қатыгез балалар қайдан шығады?», «Әкеге қарап ұл өсер» деген мақалдың астарында не жатыр?» деген сауалдарға өздерінің нақты жауаптарын қайтарды.
«Әкелер мектебі» төрағаларының аудандық семинары ұлағатты ұстаз, «Алтынсарин» медалінің иегері, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Тұрдықұл Айтжанов ақсақалдың семинарға жиналған қауымның жұмысына берген аталық ақ батасымен өзінің соңғы нүктесін қойды.