Әрбір адам өз баласын дүниеге әкелгеннен бастап, өсіріп, білім беріп, үлкен азамат болуын армандайды. Болашағынан үлкен үміт күтеді. Ақылы мен кеңесін береді. Өзінің жолын қуып, ізін басқанына мақтанады. Бірақ, барлығы адам ойлағандай бола бермейді.
Осындай ізгі ниетті армандаған Бекетаев Әмірбек ағамыздың асыл ұлы Мейіржан Әмірбекұлының дүниеден өткеніне биыл міне 13 жыл толып отыр. Осыған орай, көп жыл бойы аудандағы спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан, спорт ардагері, шәкірттері көптеген облыстық, республикалық жарыстарда топ жарған үздік жаттықтырушы, бүгінде аудандық №1 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің әдіскері Бекетаев Әмірбек кіші футболдан ардагер спортшылар арасында ұлы Бекетаев Мейіржан Әмірбекұлын еске алуға арналған республикалық ІІ дәстүрлі турнирін өткізді. Турнир осымен екінші рет өткізіліп отыр. Турнир алғаш рет 2019 жылы бастау алып, биылғы жылы ауыспалы кубок ретінде ұйымдастырылды. Алдағы аталмыш турнирді жыл сайын өткізілу жоспарланып отыр.
Аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында орын тепкен «Байқадам» спорт кешеніне Тараз қаласынан, Жуалы ауданынан, Шырайлы Шымкент қаласы мен көршілес Сайрам ауданы Қарасу ауылынан және Түлкібас ауданының ауылдық округтерінен құралған ардагер командалар жиналып, жарысқа түсті. Жарысқа қатысушылардан бөлек спорт жанкүйерлері мен Бекетаев Әмірбектің ағамыздың достары мен ағайын туыс жекжаттары жиналды. Спортшылар арасында достық пен спорты нығайту мақсатында өткізілген турнирде 8 команда қатысып, бақтарын сынады. Турнирдің ашылуына Мейіржан Әмірбекұлының атасы Әлібек Бекетаев, спорт ардагерлері Ф.Абиханов, С.Мамыров, Б.Рашов және ел ағалар Қ.Сүгірбаев, А.Ақшалов және Сайрам мен Тараз өңірінен келген қонақтар сөз сөйлеп, Мейіржанды еске алып, жарысты тартысты өтуіне тілектерін білдірді.
Бекетаев Мейіржан Әмірбекұлы 1989 жылы Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов ауылында дүниеге келген. Аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылындағы “Құралай” жалпы орта мектебін үздік бітіріп, ару қала Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық политехникалық университетіне мұнай –газ мамандығында грант бойынша білім алып, үздік диплом алған. Енді жұмысқа орналасам деп жүргенде 2011 жылы жол апатынан қайтыс болды.
«Мейіржан жасынан футболға құмар болып өсті. Спорт журналдарын көп оқитын. Футболды сүймейтін, көрмейтін адамдарға таң қаламын- деп айтып отырушы еді»- дейді әкесі.
Қапыда көз жазып қалған ұлына әкесі Бекетаев Әмірбек турнир барысында 200 адамға құдайы ас беріп, құран бағышталды. Дұға тілектерін білдіріп, уағыздар айтылды.
Ардагерлер арасында өткен жарыс тартысты өтті. Көптің ішінен оза шауып, топ жарғандар марапатталды. Атап айтар болсақ, І орынды «Денсаулық» командасы иеленіп, 150 мың теңге қаржылай, ІІ орынды «Майлыкент» командасы иеленіп, 100 мың теңге қаржылай , ІІІ орынды алған Тараз қаласынан келген «Әулие ата» командасы иеленіп, 50 мың теңге қаржылай, ІV орынды Састөбе командасы иеленіп 25 мың теңге қаржылай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, жеңімпаз атанбаған, қатысушы барлық командаларға 10 мың теңгеден қаржылай сыйлықтар берілді. Сондай-ақ үздік қорғаушы, үздік қақпашы, үздік ойыншы номицияларға да естелік сыйлықтар үлестірілді.
Бір сөзбен айтқанда, ұйымдастырушы спорт ардагері Бекетаев Әмірбек жарысты жоғары деңгейде өткізіп, өзінің отбасы мен ағайын бауырларының қолдауымен қаржылай сыйлықтар берілді. Барлық ауданның спорт жанкүйерлер жиналған жарыста қызығып та, тамсанып та тұрған жандар көп болды. Осындай турнир келер жылы дәл осындай деңгейде өтуіне нәсіп етсін деп тілек білдірдік.