Түлкібас ауданы –Түркістан облысының оңтүстік –шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Аудан орталығы –Тұрар Рысқұлов ауылы. Дала мәдениетінің ошағы болған, руханияттың қайнар бұлағы болып табылатын Оңтүстік өлкесі –бақ дарыған құтты мекен.
Тарихы бай, табиғаты тамаша Түлкібас өңірінің киелі топырағынан шығып, абыройын бүгінде асқақтатып жүрген мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері , халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза сияқты асылдары- бар киелі өлке.
Тарихы терең , табиғаты тамаша Түлкібас жерінде 27 ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүріп келеді. Осындай киелі топырақта туып өсіп, тамырын тереңге жайып , жайқалып өскен шынар ағашындай отбасынан шыққан , есімі бүкіл Қазақстанға белгілі азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы жерлесіміз Айтбай Қайрат Орынбайұлы туралы айтпақшымын.
Еліміздегі «Наурыз» мерекесінен бастау алған айтулы мерекелер қарсаңында Қайрат ініміздің ұйымдастыруымен Түлкібас ауданындағы Көксағыз және Түлкібас ауылдарына жақын орналасқан «Шынар бұлақтың» аумағында халықтың, әсіресе жастардың рухани дамуына зор үлес қосатын игі іс-шаралардың куәсі болдым.
«Әруақ ырза болмай, тірі байымас» демекші Қайрат Айтбайұлы ата-анасын еске алу мақсатында көзін көрген ақсақалдарды, туған туыстарды және аудан жұртшылығын жинап құран бағыштап, әдеби сазды шаралар өткізді.
Көптен бері бітеліп қалған, зәмзәм суы бұрқылдап шығып жатқан бұлақтың басына айналдыра орындықтар орнатылған. Бастаудың айналасында түрлі ағаш талдар мен жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Бастау аумағында жас жеткіншектерге арналған «Алтыбақан», кітап оқитын, спорт ойындары шахмат, дойбы ойнайтын орындар жасақталған.
Сол күнгі өткен ісшараларға арнайы қонақ болып келген, Қазақстанның қоғам қайраткері, қазақтың салт дәстүрін жырлап жүрген, ардақты Зейнеп Ахметқызының шырайлы жүзін көріп, аяулы алақанынан ақ батасын алдым. Іс-шараға еңбек ардагерлері, абыз ақсақалдар, аудан тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар, Алматы, Шымкент қалалаларынан, іргелес жатқан Жуалы, Төлеби, Сайрам аудандарының азаматтары қатысты. Ісшараға қатысушылар Қайрат бауырымыздың жасаған сауап істеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтып, тарап жатты.
Менде, осындай жер жәннаты Түлкібастай жерде туып өсіп, өзімнің және өз ұрпақтарымның туған Отанына –Тәуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеуіне қызмет жасап, Қайрат інім сияқты туған жерге тағзым ететін, әке жолын асқақтататын, ана махаббатын ардақтайтын азаматтар етіп тәрбиелегенімді мақтан ететіндей, үлкен сезіммен отбасыма оралдым.