Жауынды — шашынды мамыр айының 17 жұлдызы күні шырайлы Шымкент шаһарындағы «Түркістан» Мәдениет сарайында мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық инженерлік академияның академигі, Кемерово облысының губернаторы қызметін 20 жылдан астам атқарған Аманкелді Молдағазыұлы Төлеевтің 80 жылдығына орай «Жеке тұлғаның қоғамдық – саяси өмірдегі рөлі» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді…» деп жырлаған қазақ әдебиетіндегі алыптардың бірі Ілияс Жансүгіров айтқандай бар саналы ғұмырын жат жерде өткізіп, туған жеріне деген сарғайған сағынышын өмір бойы баса алмай кеткен ұлы тұлғаның жүріп өткен жолдары әрине, тақтайдай тегіс болмағаны даусыз. Саяси жүйедегі аласапыран заманның ызғарынан тарыдай шашырап кеткен алмағайып сол кезеңде Аманкелді Молдағазыұлы Төлеев 1944 жылы 13 мамырда Түркімен ССР-і Красноводск қаласында дүниеге келген екен. Асқар таудай әкесінен жастай қалған шақалақ баланы анасы Мүнира Фаизқызы төркін жағына, Кемерово өңіріне алып кетеді. Осылайша қарадомалақ қазақ баласының алдағы өмір жолдары Кузбасс жерінде өтеді.
Орта мектепті үздік бітірген зерек бозбала Тихорецк темір жол көлігі техникумына, одан кейін Новосибирск теміржол институтына оқуға түсіп, мамандығына сай Новокузнецкідегі теміржол станциясында кезекші, бастықтың көмекшісі, станция бастығы, Кемерово облыстық партия комитетінде көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі, Кемерово темір жолының бастығы, облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып, РФ Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанды. 1997 жылдан Кемерово облысының губернаторы қызметіне кірісіп, 2020 жылға дейін жемісті еңбек етті. Үш мәрте РФ Президенттігіне кандидат болып тіркелді. Адал еңбегі мен іскерлігінің арқасында Ресейдің, Украинаның, Беларусьтің, Қазақстанның, Моңғолияның көптеген орден, медалдарымен марапатталды. Жеті кітаптың авторы атанды. 2023 жылы 23 қарашада дүниеден өтті.
Өмірден өтсе де артына өшпестей із қалдырған Аманкелді Молдағазыұлы Төлеевті еске алуға арналған ғылыми- теориялық конференцияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Төлеевтің 80 жылдығын атап өтуге байланысты құрылған комиссияның төрағасы Б.Тұрғараев, қазақтан шыққан тұңғыш косманавт, Кеңес Одағының Батыры, «Халық қаһарманы» — Тоқтар Әубәкіров, белгілі қоғам қайраткерлері А.Тшанов, З.Тұрысбеков, О.Асанғазиева, С.Жалмағамбетова, Б.Сқақов, К.Төлебаев және Кемероводан келген бір топ ресейлік зиялы қауым өкілдері тебірене сөз сөйлеп, Аманкелді Төлеевтің өнегелі өмір жолдарын сағынышпен еске алды. Белгілі қоғам қайраткердің көзі тірі кезіндегі еңбегін айғақтайтын деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Келешекте есімін мәңгі қалдыру үшін А.Төлеевтің мүсінін орнату, көшеге есімін беру мәселелері көтеріліп, бұл ұсыныс көпшілік тарапынан қызу қолдауға ие болды.
Конференцияға біздің өңірден аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбектің басшылығымен бір топ ардагерлер де қатысып, өмірден озған қоғам қайраткері Аманкелді Молдағазыұлын еске алуға арналған конференцияға қатысып, марқұмның рухына бағышталған құранға қол жайып қайтты.