«Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері,Түлкібас, Бәйдібек аудандарының, Түркістан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұтты еске алу мен 2023 жылғы «Мархабат оқулары» байқауының қорытындысы 23 мамыр күні аудандық Мәдениет үйінде өз мәресіне жетті. Қорытынды байқауға облысқа, республикаға белгілі ақын- жазушылар Ханбибі Есенқараева, Захаридин Қыстаубаев, Тоқтасынұлы Есқара Закиржан Момынжанов, Сүннатула Акрарұлы, журналистер Ғалымжан Елшібай, Балзия Тәжібаева, Нұрғиса Төремұратов және сонымен қатар жазушының жары Қыздаркүл, қызы Ақлима, бауыры байырғы ұстаз, білім саласының ардагері Н.Байғұт және басқа да зиялы қауым өкілдері, облыстық кітапхананың кітапханашылары қатысып отырды. Абайтанушы, ғалым, Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов жиынды ашып, сахна төрінде қаламгер інісі жайлы ескірмейтін естелік айтты. Әдеби сазды кездесу Түлкібастың төл перзентінің көзі тірі кезінде атқарған еңбегі, жарыққа шыққан кітаптарын айғақтайтын бейнеролик көруден басталды. Сахна төрінде қасиетті Отан жайлы, жер жәннаты Түлкібас өңірі жайлы патриоттық әндер шырқалды. Одан әрі облыстан келген қонақтар жазушы-журналист Мархабат Байғұттың өнегелі өмір жолдарын сағынышпен еске алып, қаламгердің шығармашылығына жан-жақты тоқталып өтті.
«Шығармаларында адам өмірінің тылсым құпияларын адамгершіліктің асыл құндылықтарын, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, әдеп-ғұрпын, салт-санасын, табиғат сырын, адам психологиясын, жасөспірімдердің өмірдегі болмысын жан-жақты, қаз-қалпында бере білген қаламгер – ол Мархабат аға! Рух қажеттілігі мен рухани азық тапшы осынау заманда жанға азық, көңілге медеу болар дүниені көркем әдебиеттен іздейміз. Іздеген дүниелерді Байғұт шығармаларынан табасың. Жазушының қарапайымдылығы жан дүниесінің шексіз тазалығында болса керек. Жаратушының өзі сыйға тартқан ешкімге ұқсамайтын уыз тілі бар Мархабат аға әртүрлі тақырыпты көрегендікпен шынайы қозғайтын керемет дүниелерін халқына тарту етті. Қазақ өмірінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз тастай отырып, жаңаша өзгерістерді де көзден таса қалдырмады. Оның қаламынан туындаған титтей де жасандылық жоқ. Қазақ әдебиеті 2022 жылы 26 қарашада қара жамылды.Алты Алаштың мақтанышы, есімі кең байтақ ұлы дала еліне кеңінен танымал, қаламы қарымды қаламгер, проза жанрының майталманы, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлға, Түлкібастың төл перзенті Мархабат Байғұттың бұл жалған дүниеден өткеніне де екі жылдың жүзі болып қалды. Қарымды қаламгерді еске алу мен «Мархабат оқулары»байқауының қорытындысы қатар өтуінің мәнісі осыған тіреліп отыр»,- деген жүргізушінің сөзінен соң игі-шараның көбесі сөгіліп қоя берді…
Ауданымызда дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Мархабат оқуларында» ұстаз ретінде жастарды көркем әдебиетті оқуға, қызығушылығын арттыруға үлес қосқан Жанат Құрақбайқызы, Гүлжанат Жаңабайқызы, Айсұлу Жұматайқызы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Абай атындағы мектеп-лицейінің 7- сынып оқушылары Мархабат Байғұттың «Ақтолғай» шығармасынан сахналық көрініс көрсетті. Рыбалко атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары Белгібай Абылай, Юнусұлы Айнар жазушының шығармаларын жатқа оқыды. Гагарин атындағы ЖББМ 9 сынып оқушысы Ертай Бексұлтан, Тастұмсық ауылдық кітапхананың оқырманы Адалат Товшанов, Келтемашат ауылдық кітапхананың оқырманы Гүлсімай Сайрамбек, Азаттық ауылдық кітапхананың оқырманы Ұлмекен Құралбек, Әуезов атындағы ЖББМ 7 сынып оқушысы Саяжан Төленбек, Аманкелді атындағы ЖОМ 8-сынып оқушысы Динара Ерболқызы өз өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, Аружан Махаметжан (Гагарин атындағы ЖББМ), Еркемай Рүстембек (Кемербастау ауылдық кітапхананың оқырманы), Жұлдызай Мықтыбайқызы (Гагарин атындағы ЖББМ10-сынып оқушысы), Ағалы Ақжан Оразалықызы (Тастұмсық ауылдық кітапхананың оқырманы),Мамыш Асылхан (Рысқұлов атындағы ЖББМ 8 сынып оқушысы), Исаева Нұрсипат (Гагарин атындағы ЖББМ 10 сынып оқушысы), Болат Қарақат(Абай атындағы мектеп-лицейдің 4- сынып оқушысы), Оразбек Нұрайлым (Абай атындағы мектеп-лицейдің 7- сынып оқушысы), Нұрланқызы Дариға (Ломоносов атындағы мектеп-гимназияның 5- сынып оқушысы), Тұран Маржан ( Момышұлы атындағы ЖББМ8 сынып оқушысы), Маржан Қанатқызы (Тастұмсық ауылдық кітапхананың оқырманы), Сыдығалы Шұғыла (Тұрар атындағы ЖББМ 11-сынып оқушысы), Айдарбеков Қадыр («Түркібасы» ЖББМ 11-сынып оқушысы), Бөгенбай Нұрлыай (Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы) Құрмет грамоталарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.Марапатты облыстан келген сыйлы қонақтар салтанатты жағдайда табыс етті.
«Мархабат оқуларында» жазушының сыныптас досы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалаубек Анашев сөз сөйлеп,жастық шағы бірге өткен Мархабат Байғұт жайлы ескірмейтін естеліктерін ортаға салды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Мархабат-Мирас» қорының төрағасы, Түлкібас ауданының, Түркістан облысының Құрметті азаматы Сәтбай Қасымбек «Мархабат оқуларына» белсене қатысқан оқушыларға өзінің ризашылығын білдіріп, олардың шығармашылығына сәттілік тіледі. Жергілікті ақындарТұрысбек Аспандиярұлы мен Нұрислам Балқыбек Мархабат ағаларына арнаған жүректен шыққан өлеңдерін оқыды. Қорытынды сөз Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесенге берілді. Марат Сүгірәліұлы жазушы Мархабат Байғұт жайлы тартымды баяндама жасап, «Мархабат оқуларына» белсене қатысқан оқушыларды, жастарды алған марапаттарымен шын жүректен құттықтады. Алдағы уақытта бұдан да биік межелерді бағындыра беруге шақырды. Бұл іс-шараның тартымды өтуіне атсалысқан аудандық білім бөлімінің басшыларына, белсенді оқырмандарға, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне, алтын уақыттарын бөліп,түлкібастықтардың қуаныштарын бірге бөлісуге облыстан келген қонақтарға өзінің ризашылығын жеткізді.