Қазақ руханиятын дәріптеп, шынайы өмір көріністерін сахна тілімен сөйлете білген, тартымды әрі мағыналы қойылымдарымен көрерменнің жүрегіне жол тапқан «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының басшысы, Түлкібас ауданының тумасы, жерлес бауырларыңыз Мадияр Серікбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сұхбатымызда әр сөзін әзілмен әрлесе де, астарлы мағына сын бағамдай білетін Мадияр Серікбаевты жақынырақ тани түсетініміз анық. Сонымен қатар, оның өмірлік тәжірибелері мен бала тәрбиесінде өзі қолданатын парасатты пайымдарымен танысқыңыз келсе, мұқия оқып шығуыңызды сұраймыз.
-«Түлкібасты көбі тұлпарлар туған, сұңқарлар қонған жер» деп біледі, бағалайды. Сіз сол киелі топырақта туып, тамаша табиғаттың сыйын бойыңызға дарытып өскен азаматсыз. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген бар. Ауылыңызға қаншалықты жиі келесіз?
-Иә, өте орынды айтылған сөз. Адамнан ауыл көшпейді. Ауыл тазалықтың, ынтымақ пен бірліктің, береке мен молшылықтың ошағы ғой. Қаншама қала аралап, ел кезсек те ауылдың тынысы мен тіршілігіне ештеңе жетпейді. Ат тонымызды ала салып ауылға қайтқымыз келеді кейде. Ауылға деген, туған жерге деген жүректегі махаббат ерекше. Жүрген жерімде әзілдеп «Мені әкім сайлаңыздар, мынау алып қаланы ауылға айналдырамын» деп айтып жүремін. Осы әзілдің астарында ауылға деген сағынышым жатқан болар. Ол махабатты сөзбен жеткізу қиын. Бала шақтың куәсі, болашағымның тілекшісі болған ауылға қолым босай қалса баруға тырысамын. Жоқ дегенде айына бір рет ауылға ат басын бұрып, Түлкібастың таза ауасын жұтып, қымызы мен айран сүтін ішіп, доп теуіп, атқа мініп, бала шаққа саяхат жасап кетуге тырысамын.
-Балалық бейқам шағыңыздың жылы естеліктерімен бөліссеңіз.
-Қызықтың бәрі балалық шақта ғой. Менің балалығымның қызығын қой мен тау көрді(күліп). Қой бағып, тауға кететінбіз. Осындай әртіс болып, елдің алғысына бөленемін деп бала кезде ойламаппын. Бірақ көп қиялдайтынмын. Ала-құла айқайлап тарсылдатып ән айтатынмын. Бірақ, күндіз теледидардан көрген Ван Дам, Брюс Лиді күн батып жатқанда тауға қарай жүгіріп соларды өз бетімше қайталайтынмын. Істеген әрекеттерін, қимылдарын жасап, батып бара жатқан күнге қарап, өзімше бір «А», «О» деп таяқтарымды сермеп, Брюс Ли болатынмын. Арманым солардай шапшаң болу еді. Сөйтіп жүріп ақырындап әртістікке деген махабатым оянған болса керек. Балалық бейқам шағымның жылы естелігі болып мектептегі бір іс-шара есімде қалыпты. Әлі күнге дейін ойлансам күлкім келеді. Сол бір мерекелік іс-шарада сыныптас екі-үш жігіт болып жабайы үндістердің рөлін сомдайтын болдық. Жалаңашпыз. Апайларымыз қып-қызыл ерін далаппен бет аузымызды бояп берген. Бұтымызға қойдың терісін жауып алғанбыз. Дала аяз. Түлкібастың аязын білесіздер ғой. Сахнамыз басқа ғимаратта болса, біз дайындалатын сынып басқа ғимаратта. Екеуінің ортасы әжептеуір жер. Содан теледидар құрғырдан көргеніміз бойынша ақ бояумен боянуымыз керек қой. Ақ бояуды ауыл баласы қайдан тапсын. Содан тіс жуатын пастаны ерін, бетімізге одан қала берді саусақ ізін салып денемізге жақтық. Ал енді шығыңдар дегенде анадай түрмен арғы ғимаратқа алып ұшып барғанбыз ғой. Тізеден қар, дала боран. Тоңып қалғанбыз. Тоңғаны былай тұрсын, әлгі пастамыз қатып, сөйлеуге шамамыз жоқ. Сахнаға атып шыққанымызды қайтейік, сөйлей алмаймыз дірілдеп. «Ойбай-ау, мыналарың сөйлемесе де әртіс қой» деп ағай-апайларымыз айқайлып, ішек-сілесі қатып күлгені бар. Сол кезден бастап мені көрген адамның бәрі «Әй мынау таза әртіс болатын бала», «Әртіс Мадияр» деп айтысып, болашағымды болжап берді. Соның бәрі бала Мадиярға қанат бітірсе керек, әйтеуір армандауды бастап, мақсат қойып, сол жолда ізденуге кірістім.
Машатты білмейтін адам жоқ шығар. Жаз айында біздің ауылға келіп демалатындардың қарасы қалың болады. Көбісі қаладан келетіндер ғой. Біз ауыл балалары ат пен ешекке мініп, тау асып сол жаққа беттейміз. Оларға ат мінгізіп, ешекке отырғызып, орнына кәмпит печеньесін алып, мәз болатынбыз. Бірде дәл осылай кәмпитке тойып келе жатқанда көл жағасынан кеди тауып алдық. Ауылдан ары аспаған біз үшін ана кедидің түрі әлі есімізде. Әдемі, жап-жаңа, әжептеуір ақша тұратыны көрініп-ақ тұр. Содан қасымыздағы дос бала ілді де кетті. Кеш батып келе жатқан. Ауылға жақындай бергенде әлгі досымыз ана кедиды менің қолыма ұстатты да, кейін алармын деп өз жөнімен кете барды. Ойымда ештеңе жоқ алыппын да үйге келдім. Есіктен кіре бергенім сол еді анашым айқайға басты. «Кімнен алдың, ұрладың ба, кімнің заты, неге аласың, қайдан алдың сол жерге апарда-апар» деп ұрсып, жер-жебіріме жетті. Күннің батқанына, кештің түскеніне қарамай апарып орнына қойғызған. Осы кезде анамның мені тәрбиеге, өзгенің затына қызықпауға, дүниені жақсы көрмеуге, құнықпауға үйреткенін қазір ұғынамын. Міне, біздің кездің әр сәті жылулыққа, үлкен тәрбиелік мәні бар естелікке толы еді.
-Сатира жанрына келуіңізді өміріңіздің қай тұсымен байланыстырасыз? Ең алғашқы сахналық образыңыз қандай болды?
-Біздің қазақ текті ғой. Баласының болашағын жүрісінен, жатысынан байқаған. Менің де өнер саласына келіп, әртіс болатыныма ауылдағы аға-жеңгелерімнің үлесі бар. Мені көрген сайын «Сен әртіс болатын жігітсің. «Бауыржан шоуға», «Тамашаға» барсай» деп мені үгіттейтін. Қазір ойлансам сол азаматтар менің бала күнімнің мотиварторлары болған екен ғой. Ауылда бөтен адам жоқ. Ол жақта бәрі туыс, бәрі ағайын. Рамазан айында ауыл тұрғындары кезекпе-кезек қой сойып, ауызашар беретін. Бүкіл ауыл жиналып, таңнан кешке дейін ауыз ашатын уақытқа дайындалатынбыз. Сонда ауыл ақсақалдары Фатиха, Ықылас, Нас сүрелерін бізге жаттататын. Әлгі ауыз ашарда бізді шақырып алып құран оқытып, батасын өздері қайырып отыратын. Міне, тәрбие, тағылым деген осы. Сол жиында көргеннің бәрі «Өркенің өссін, балам. Әртіс бол. Елдің ұлы бол» деп арқамды қағып, батасын беретін. «Батаменен ер көгерер» дегенге дәлелі осы шағым болар. Құран оқып, сүре жаттап жүріп, мен медреседе дәріс алғым келді. Содан екі рет бағымды сынап медресеге бардым. Адам толып, екі ретте үлгермедім. Қайырлысы деп, 11-сыныпты бітіргеннен кейін Алматыға өнерге түстім. Бірақ, түбінде сатира мен руханиятты қатар алып, елімді, жерімді, халқымды жақсылыққа шақырып жүрмін. Қазір менің емес Алланың дегені болатынына, менің дегенімнен Алланың дегені мың есе қайырлы болатынына көзім жетті.
— Бүгінде «Өнер қырандары» театрының өзіндік аудиториясы өте кең. Тіпті еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін сіздердің әр қойылымдарыңызды асыға күтеді. «Күлдіріп тұрып, жылатады өмір» деп жырлаған Мұқағалидің осы бір сөзін сіздің ұжым әдемі әрі әсерлі жеткізеді. Сыры неде?
— Әрине, өнердің әзіл саласында жүрміз. Концертімізге келіп, күліп отырып, жан рахаттаналады. Адам баласының мақсаты да сол. Яғни, күлдіре отырып, жүректі елжірету, көзден біртамшы да болсын жасты шығару. Жүрек жыласа, көз де еріксіз жасқа толады. Алдымен Алла Тағаладан осы көрерменнің құр қайтпауын, жүрегіне жетуін сұраймыз. Осыдан соң көрермен тарапынан талай-талай алғыстар естіп жатамыз. Қойылымнан соң, бойындағы жаман әдеттерінен арылып, арағын тастап, араздасқан ағайындар татуласып, дұрыс жолға бет бұрып жатқандары да жоқ емес. Көп адамның тілегі, ата-анасына, дос-құрбысына айта алмаған дүниелерді осылар айтса екен деу болды. Кез-келген ортада біреудің бойындағы жақсылық әрекеттерін, көркем мінезін алып кетуге тырысу керек. Сол себепті, біз де әрбір келген көрерменнің қолына қомақты ақша салып жібермесек те, бойымызға бітірген өнер арқылы халықтың руханиятын көтеріп, жақсы мінез қалыптастырып жіберуге тырысып бағамыз.
Сондай бір ерекше оқиға Рамазан айының басталуына орай өткізген «Берекелі мереке» атты концертімізден кейін орын алып еді. Сол концертімізде тағдыры қиын жетім балалардың өмірін бейнелейтін «20 жылдық кездесу» атты қойылымды сахналадық. Тұл жетімдердің интернаттағы аянышты ғұмыры, мектеп бітіргеннен кейінгі қиындықтары бейнеленді. Бірақ, қиыншылықтарға мойымай, ержетіп, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толғанда кездесіп, араларындағы біреуі 10 жетімді асырап алуын қойылымының өзегі ретінде көрсете білдік. Осы қойылымнан кейін сол жетімдердің әкесінің рөлін сомдаған Құдірет бауырымызға бір әйел телефон соғып: «Айналайын, жастық кезімде ойнақтап жүріп, от бастым. Екіқабат болып, баламды туа салысымен, жетімдер үйіне өткізген едім. Сендердің қойылымдарыңды көргеннен кейін, қатемді түсініп, баламды алу үшін жетімдер үйіне келіп тұрмын», — деп өксіп жылапты. Мұндай оқиғалар баршылық.
— «Өнер қырандары» театрының өзге театрлармен салыстырғандағы басты айырмашылығы- әрбір қойылымының руханилығында. Неге осы бағытты таңдадыңыздар? Жалпы, осы жолға келулеріңізге нендей жағдай сеп болды?
— Басты себеп Алланың әмірімен жігіттердің бәрі намазға жығылуында. Сосын кіші қажылыққа барып келуінде. Сол қажылықта бір жайтқа куә болып өз басым үлкен ой түйдім. Әкелі балалы шетелдік азаматтарды байқадым қажылықта қағбаның жанында отырып. Әкесін арбаға отырғызып алған баласы арбаны сүйреп қағбаны айналдырмақшы болды. Сонда ағыл-тегіл жылаған қария арбаны тоқтатып қалтырап-дірілдеп өзім жүремін деген сыңаймен тұрмақшы болды. Бірақ жүрмек түгілі аяғын басуға қауқары келмейді. Қайта арбасын құшып, бір-бірін құшақтап жылады. Сырттай бақылап отырып, Алладан келген құлшылықты жастайыңнан бастағанға не жетсін дедім.
Біреуге күнің қарап, бойыңнан күшің кеткеннен кейін емес жағдайың барда, денсаулығың жарап тұрғанда, қаржы таба алатындай қауқарың барда қажылығыңды өтеп келу керек екен ғой деп ойландым. Ауылға келе сала жігіттерді жинап осы бір ойыммен бөлістім. Олар да қажылығын өтеп келгеннен кейін бәріміз бір ауыздан ақиқатты айтып, елді дұрыс жолға бағыттауды мақсат тұтып «Берекелі Мереке» деп Рамазан айына қарсы үлкен концертті бердік. Неге Рамазан айына қарсы деген сұрақ туатын шығар. Өйткені, Асыл дінімізде адамнан емес Алладан әмір болып бекітілген екі мерекенің бірі осы Рамазан айы. Біз осы мерекені емес Жаңа жылды айлап күтеміз. Дайындаламыз, қыруар қаржыны безендіруге бөлеміз. Кейбір адамдар тіпті оразаның қай уақытта басталып, қай күні біткенін де білмей қалады. Бірде шөп ору науқанында ауылға барғанда бір ағам су іш деп алып келді. Ораза екенімді айтсам мынандай ыстықта неменеге ораза тұтып жүрсің демесі бар ма? Ой Алла дедім де ойланып қалдым. Сол кезден бастап адамдарға қасиетті айдың келе жатқанын ай бұрын айтып, ойлануға мүмкіндік беру керек екен ғой дедім де, осы шешімге келдім. Содан алғашқы концертті бердік. «Ассаламуалейкум» , «Алла» деген сөздерің бар деп сол концертті телеарналар эфирге шығармай қойды. Қиындықтар көп кездесті. Бірақ, “31″ арна бізді қолдап, рейтингтері өсті. Қаралым көбейді. Ел қолдады. Көрермен қатары көбейді. Міне, Алланың дегені қайырлы болатынына дәлел біздің осы бастамамыз болды.
-Әртіс үшін ең үлкен бақыт не?
-Әртіс үшін ең үлкен бақыт- қарапайым болу. Асқақтап аласармай, қарапайым пенде екеніңді сезіне білу бақыт. Аспанға асқақтатып атақ абыройыңды қанша көтеріп жатса да, ұшқанмен ұшып, қонғанмен қонып жүрсең адами құндылығыңды жоғалтқан қызықсыз адам боласың. Алай-дүлей абыр сабыр қоғамда сабырлы болып, бағаңды біліп, жәй ғана құл екеніңді сезіне білсең сол бақыт.
-Қоғамның ортасында жүргендіктен сіздің есіміңізді қайырымдылық шараларында жиі есітеміз. Әлеуметтік желілерден де байқаймыз. Жалпы, адамға қайырымдылық жасай білу үшін немесе өзгеге көмек қолын соза білу үшін қыруар қаржы керек пе, әлде адами құндылық қажет пе?
-Иә көп адам қайырымдылық жасау үшін қаржы керек деп түсінеді. Қайырым жасау үшін адам руханиятты түсіне білу керек. Қайырымдылық деген- қайырсыз жауап қой негізі. Қайтарымын тек Құдайдан күтесің. Сөзбен де, іспен де көмек берсең соның өзі қайыр. Қайғысын жеңілдететін сөз айтып, күш беруіңнің өзі де қайыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады «Көшеде келе жатқанда кедергі келтіретін тасты былай қойсаң да қайыр» деп. Міне, осы сөзден ақ түсіне білуге болады.
-«Харекет» қайырымдылық қоры туралы тоқталып өтсеңіз. Нешінші отбасы осы қордың көмегімен баспаналы болды. Жалпы, баспана табыс ету үшін нендей дүниелерге басымдық беріледі?
-«Өнер қырандары» театрының қайырымдылық қорға қандай қатысы бар деген сұраққа жауап бере кетейін. Біз осы руханият бағытын таңдағаннан кейін концертімізге келген көпшіліктен көмек сұраушылар қатары көбейді. Олардың қамкөңілдерін қуантқымыз келіп, өз бетімізше қаржы жинап шама-шарқымыз жеткенше әрекет жасайтынбыз. 6 жыл бұрын. Сөйтіп жүргенде Гүлмира Мұқанқызы деген апайымыз 3000 оқырманы бар фейзбук парақшасына «1000 теңгеден гәп ойнасақ болады екен ғой» жазылған комментарияны алып бізге әкелді. «Мадияр, мынандай ұсыныс болып тұр. Әр қазақтан 1000 теңгеден алып бір отбасыны пәтерлі етсек» деген. Қуандық. Біз басында тек өнер адамдарынан ғана құралып қайырымдылық жасайық дегенбіз. Мына ұсыныс тіпті жақсы ғой деп қолдадық. Сөйтіп мен әлеуметтік желілер ашып, халықпен жақын араласа бастадым. Ең алғашқы баспанамыз Сәтпаев қаласындағы 8 балалы отбасына берілді. Аз-маз ақшамыз бар еді басында. Көңіліміз жүдеу кейіпте енді қалай болар екен деп жүргенбіз. Ойда-жоқта бір қалталы ағамыз хабарласып «Осындай бастамаларың жайлы естідім. Рас па?» деп сұрап, қажетті соманы счетымызға аударды. Оған біз қуанып, тез арада үй табайық деп іздеп, бір отбасыны үйлі еткен жайымыз бар. Бұл қазақтың қуанышы, жасаған ортақ қайырымды ісі деп білемін. Театрымызға 5 жыл толғанда бұл кісілердің отбасына барып, оларды да құттықтап, кездесіп, хәл сұрасып келгенбіз.
Бүгінге дейін 912 баспана табысталды. Туыс-таныс деген ұғым жоқ. Барлығы тексерістен, сұраныстан өтеді. Өйткені қаржы халықтың аманаты. Басты басымдық көпбалалы ана, жалғызбастылық, мүмкіндігі шектеулі балалар болса, асыраушысы жұмысқа жарамсыз болса, көмекке мұқтаждықтары көзге көрініп тұрса деген сияқты дүниелерге беріледі. Тиісті әкімшіліктерден, көрші-қолаң, ауылдастардан барлығынан сұралады. Айтып та, айтпай да тексеріледі. Барлық жағынан көмекке зәруліктеріне көз өткеннен соң ғана баспана табыс етіледі.
-Жерлес жақындарыңыздың әрбірі сіздің тілекшіңіз, тілеулес бауырларыңыз. Сіздің өнеріңізді бағалаушы һәм құрметтеуші. «Мадияр Серікбаев менің жерлесім, ол түлкібаста туған» деп көкірек керіп, кеуде соғып масаттана айтып мақтанған жерлестеріңіз барда сіздің әрдайым жолыңыз ақ, шығармашылығыңыз жандана түспек. Өйткені, қазақта «Батаменен ер көгерер» деген сөз бар. Батасын беріп, арқаңызды қағатын жерлестеріңізге айтар ақ тілегіңіз болса, мархабат.
-Жерлестеріме айтар тілегім қашанда тыныштық, амандық, саулық. Жүректеріңіздегі иман нұрын сөндірмей, адалдықта, амандықта қауышып жүруді нәсіп етсін. Қолымыздағы барға шүкір етіп, жоққа сабыр қылуды бұйыртсын. Әр қазағым байып, берекелі молшықта өмір сүруді жазсын. Уақыт бөліп, менімен сұхбаттасқан газет ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. «Ерім бар деп ел іздемесе, ермін деп кеуде соққаннан не пайда» деген сөзді көп есітетінмін. Ел алдындағы ер екенімді, елдің ұлы екенімді сезіндіріп, бата беріп, асқақтатып отырғандарыңызға Алла разы болсын. Шығармашылық табыстар тілеймін.
-Уақыт бөліп, сұхбаттасқан Сіздей өнерлі ағамызға біз де алғыс айтамыз. Ел алдында абыройыңыз артып, беделіңіз биіктеп, алғысына бөленіп жүре беріңіз. Шығар биігіңіз көп болсын.