Қазір біз өскелең ұрпаққа еңбектеніп жүрген азаматтардың өнегелі өмірін үлгі етіп айтып жатамыз. Алайда өзі өмірден өтсе де ұрпағына ұлағатты тәлім-тәрбие қалдырған, қиын-қыстау кезеңнен сүрінбей еңсесін тік ұстап, ғылым мен білімнің нәрімен сусындаған адамдар жайлы да айтып отыру парызымыз деп ойлаймыз. Олардың еңбек жолы, өмірі бұралаңы көп тағдыры жайлы сыр шерте отырып, бүгінгі жастардың зердесіне құяр өсиет көп. Кешегілер жайлы оқып білу арқылы бүгінгі буын болашағына бағыт болар тағылымды ой түйері сөзсіз. Сол себептен де біз бүгін Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының электроника кафедрасының доценті болып еңбек еткен ардагер ұстаз, жүздеген шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, жастардың өсіп-өркендеуіне сол үлес қосқан – Алтынбеков Құлжабай туралы сөз етіп отырмыз.
Адамзат бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзі Қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ.
Ұлы Абайдың адамзатқа қаратып айтқан осы шумақ өлеңінде қаншама мән—мағына жатыр. Өмірдің ұзын көшінде дәмі таусылып, 52 жасында мәңгілік мекеніне қайтқан Құлжабай Алтынбековты Түлкібастықтар мен Шымкент қаласының зиялы қауымының үлкен-кішісі ұмытқан жоқ. Мұның сыры жақсы адамның ғұмырының мағыналығында, жер бетінде қалдырған соқпағының айқындығында еді.
Алтынбеков Құлжабай 1944 жылы 25 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Қайыршақты ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, әжесінің тәрбиесінде болған. Жастайынан зерек болған деседі білетіндер. «Болар бала он бесінде баспын жер» дегендей ерте ат жалын тартып мінді. Мектепті бітіргеннен кейін ауылда еңбек жолын тракторшы болып бастайды. Адал еңбектің арқасында жас болса да өз ортасында сөзі өтімді, беделді болды. Жоғары білім алу керектігі оның қол қусырып, барға қанағат тұтып отыруына жол бермеді. Ол үнемі ізденісте жүреді, қалайда жоғары оқуға түсуді армандайды. Оқуға түсуге дайындалып жүріп, тапқан табысы ішер ас пен киер киімінен артылмаса да, ол қол байлау болып сағын сындырмады. Білім алсам, ұстаз болсам деген арманының биіктігі сонша поезда билет алуға ақшасы болмағандықтан, бір жүк вагонының үстіне мініп, құлап кетпеу үшін вагонға белін жіппен байлап, Қызылордаға аттанады. Жолы болып, физика-математика бөліміне конкурстан өтіп, оқуға қабылданады. Бұл 1962 жыл еді. Білімге қызығып барған ол сабақты жақсы оқиды. Лениндік стипендиясының иегері болып, 1966 жылы Қызылорда педагогикалық институтын физика мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Алтынбеков Құлжабай білім мен спортты қатар алып жүрді. Еркін күреспен айналысып, Кеңес одағының спорт шебері атанды. Үнемі күрестен институттың, облыстың, республиканың мәртебесін көтеріп, көптеген жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атағын иеленді.
Жас маман 1966-1967 оқу жылы өзінің өскен Ильинка (қазіргі Керейт) ауылындағы С.М.Киров атындағы орта мектепте жоғары сынып оқушыларына физика пәнінен сабақ берді.
1967 жылы күзде Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына шақырылып, физика кафедрасының оқытушысы болып еңбек етті. 1970-1972 жылдары Киев мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. 1973 жылы осы университетте физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын үздік қорғайды, міне кішкене ғана ауылда дүниеге келген бала 29 жасында ғылым кандидаты болды. Көп уақыт өтпей 1974 жылы конкурс бойынша Жамбыл гидромеллиоративтік-құрылыс институтының электротехника кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Өзінің білімі мен тәжірибесін маман ретінде аспиранттар даярлауға үлес қосты. Көптеген ғылыми мақалалар жазды. Ол кезде тек «Электротехника» мамандығы бойынша емес, барлық салада оқу құралдары қазақ тілінде мүлдем болмады. Студенттер өз тілінде оқулықтардың тапшылығынан зардап шекті. Бұл жастардың білім саласына кері әсерін тигізді. Сондықтан Алтынбеков Құлжабай қазақ тілінде оқу құралын жаза бастады. Он жыл көлемінде осы мәселемен айналысып, үлкен нәтижеге қол жеткізді. 1985 жылы науқастануына байланысты Шымкент қаласына қайта оралды. Қазақ химия-технология институтының электротехника кафедрасының доценті болып жұмысқа орналасып, өмірінің соңына дейін осында қызмет етті. 1996 жылы өмірден өтті. Содан бері қанша уақыт өтті. Бәрінің жақсының – ғалымның есімі жылдар тасасында қалмайды екен. Ол дәуір алмасып, заман өзгерген сайын жаңғыртып, бір кездері қоғамның алдыңғы қатарында жүргенін, сонысымен де келешекке қызмет еткенін көрсетіп отырады. Ол отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген қадірлі әке, немерелеріне асқар таудай ата, адал жар, парасатты азамат болды. Үлкен баласы Бақыт әкесінің жазған ғылыми еңбектерін жинақтап, институт, университет ғалымдарынан кеңес алып, «Электротехниканың теориялық негіздері» атты монографиясын 2004 жылы жарыққа шығарды. Қазір студенттер пайдаланып жүр. Қызы Гүлжан әкесінің өмір бойы жинаған кітаптарын, оқу құралдарын, сөздіктерін Оңтүстік Қазақстан университетінің кітапханасына сыйға тартты.
«Жақсының аты, ғалымның хаты» өшпейді. Бұл фәниде пенденің жолы ылғида тақтайдай түзу бола бермейді. Ол қай жерде болса да өзінен кейінгі жастарға тәрбиеші бола білді. Жақсы адамның артында ісі қалады.