Өткен сенбі күні таңертеңгі уақыт Түлкібас ауданы,Тұрар Рысқұлов атындағы мектебінің алаңы әдеттегіден өзгешелеу көрініп, көп адам жиналды. Бұл ардақтылар осы аталмыш мектептің 1979 жылғы алтын ұясынан қанат қағып өмір белесіне аттаған, осыдан 45 жыл бұрын бітірген түлектері болатын. Алғашқы қауышудың қандай әсерлі болатыны белгілі ғой. Ұзақ жылдар көріспеген сыныптастар құшақ ашып жолығысып, өзара қауқылдасып бір сәт мәре-сәре болысты. Сыныптастар кездесуге білім нәрімен сусындатқан мұғалімдерін де шақыруды ұмытпапты. Қолға қалам ұстатып, әріп танытқан алғашқы ұстазымен қауышып, сонау бейқам күндерді сағынышпен еске алып сөзге тиек етіп жатты. Мұғалімде дәл бұрынғыдай, оқушыларын аты-жөнімен атап, бір түгендеп шықты. Одан әрмен мектеп әкімшілігі қонақтарды қарсы алып мектеп басшысы Теньгибаева Гүлмира Алдашқызы жиынды ашып берді. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Жанесен Марат Сүгірәліұлы осы мектептің түлегі ретінде барша қонақтарды 45-жылдықпен құттықтап, аяулы ұстазы Иманалиева Слуша Жүрсінбайқызы апайымызды аудан әкімінің алғыс хатымен және “Еңбек қайраткері” орденімен марапаттады. Сынып жетекшісі Құлатаев Балқыбек ағайды да аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Ыстық сезімі мен сағынышқа толы мектеп түлектері мектепке ұстаздарға алғыстарын білдірді. Жиын шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Іс-шара соңында қонақтар мектеп мұражайын өздері оқыған сыныптарды аралап, шәкірттік шағын еске алып, өздері оқыған сынып парталарына отырып, естелікке суретке түсті. Кезінде тай –құлындай тебісіп, қатар өскен 1979 жылғы түлектері араға 45 жыл салып, еліміздің түкпір-түкпірінен ауылға жиылды. Айта кетелік, мектеп бастапқыда Алматы қаласына қарасты Қазақстан Темір жол станцсиясына қарайтын балалар үйі болған. Қажеттілікке байланысты бұл балалар үйі Қарағанды қаласына көшірілді. Балқаштан бастап бері, ар жағы Қызылорда облысының «Төретам» станциясынан бастап екі аралықтағы темір жолдың бойындағы бекеттердің жұмысшыларының балалары оқыған. Жамбыл облысының аумағы мен Арыстың аржағындағы станциялардың балалары яғни бүгін таңда 1979 жылғы түлектері оқып шықты. Кейіннен бұл мектеп №2 Тұрар Рысқұлов мектеп-интернаты болып ауысты. Ал, бүгінгі таңда Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы орта мектебі деп аталып келеді. Осынау Түлкібас жері Қаратау мен Алатаудың баурайын мекендеген талай дана азаматтарды қанаттандырып ұшырған қасиетті мекен. Осынау қастерлі мекеннен балалық пен шәкірттік шағы өтіп, қазір ел болашағының өсіп өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар мен азаматшаларымыз аман болсын.
Ендігі сөздің басын «Оқушыңды өзіңнің қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген Л.Н.Толстойдың кереметтей сөзімен бастағым келеді. Себебі, өзінің қарапайымдылығымен, мейірімділігімен және сауаттылығымен кез-келген шәкірт жүрегін жаулай білетін сүйікті ұстаз, осы шағын ғана мақаланың жарыққа шығуына түрткі болып отыр. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт-пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді. Осындай қасиеттердің барлығын дерлік ұстаз Иманалиева Слуша Жүрсінбайқызының бойынан көре аласың. Ал, тоқсан жасқа келіп ел-жұртының қошеметіне бөлену екінің бірінің пешенесіне жазылмаған. Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсеткен сүйегі асыл жандар. Бүгінде немере-шөбересінің ортасында тамырын тереңге тартқан бәйтеректей сая болып отырған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге. Біз бүгін аяулы анамыз Слуша Жүрсінбайқызы туралы сөз қозғамақпыз. Осы апта ішінде ұлағатты ұстаздың үйіне барып, көзбе –көз тілдесудің сәті түсті. Мен тілші болғандықтан сан қилы кейіпкерлермен әңгіме құрып, сұхбат алып жатамыз. Әр түрлі тағдырларын естіп отырып, өткен шаққа оралып мың құбыламын. Менің бұл жолғы кейіпкерім мен үшін тарихи сәттердің бірі ретінде із қалдырды. Ғасырға жуықтаған ардақты ұстаз, тыл еңбеккері, мінезі жайлы ақкөңіл жан, көп балалы ана, аяулы жар, сүйікті әже және ең бастысы жүзінен нұр төгіліп тұратын асыл жанмен кездесу болды. Мен үйіне енген бойда Слуша әжеміз немерелерімен үй бақшасында тұт теріп жүр екен. Икемі ширақ кеуанаға қарап таңдағаным өтірік емес. Одан әрмен амандасып, хал-жағдай сұрасып, дастархан барысында әңгімемізді бастап кеттік.
Бір ғасырдың куәсі болған Слуша әже 1934 жылы 4 қаңтар күні Түлкібас ауданы, Балықты елді мекені, Көкбұлақ ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектеп ошағын 1943 жылы Балықты ауылындағы орта мектепке барып, 1950 жылы тәмамдайды. 1950-1954 жылдары Шымкент қаласы, Педагогикалық училищесін аяқтап шықты. Еңбек жолын жолдама бойынша, 1954 жылы Түлкібас кентінің №343 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. 1962 жылы Түлкібас кентінің Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп интернатына жұмысқа ауысады. Осы аталған мектепте озат мұғалімі атанып, 40 жыл қызмет атқарып, абыроймен зейнеткерлікке шығып, соңғы жылдары бастауыш сынып бірлестігін басқарған. Ауыл мәслихатының депутаты болып, 4 жыл халыққа қызмет атқарды. Тыл ардагері. Мақтау грамоталары мен алғыс хаттарының саны шексіз. Отбасын, ошақ қасын дөңгелете жүріп, алғашқы колхоз құрылысы кезінде ауыл мұғалімі қызметін атқарды. Қарт ұстаз шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, өнегелі өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған. Ғасырға иек артып отырған әжеміздің еңбек жолы да, өнегелі өмірі де бүгінгі ұрпаққа үлгі. «Ана алақанының аясы-ақ шынардың саясы» демеші, ақ жаулықты ананың 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген балаларынан немерелер,шөберелер және бір шөпшек сүйіп әжейдің өмірін жалғап, шаттыққа бөлеп отыр. Бала-өмірдің мәні десек, немере баладан тәтті, шөбере мен шөпшектің жөні тіпті бөлек. Міне, осындай бақыттың базарында, ұрпағының назарында отырған әжемізге ұзақ жасау тән-ақ. Ғасыр ғұмырды еңсерсе де, еңсесін түсірмей, ширақ қимылдап, анық сөйлейтін Слуша әже адам баласымен ұрысуды жаны қаламайтын мейірімді жан әрі ортасына өте сыйлы ақкөңіл жан. Ұрпақтары еңбегімен елге абыройлы, ортасына сыйлы болып отырған үлгілі, мерейлі шаңырақ. Көкірегі қазына, жүрегі жылылыққа толы әженің ұзақ өмір жасауының құпиясы да осы шығар, ата-анасын жерге қаратпаған бала бар, ұлағатты ұрпақ бар. Ал,қариясы бар үйдің қазынасы бар екені әмбеге аян. Ана ретінде көркем мінезімен, адал пейілімен ауданымызға тек жақсы атымен ғана сыйлы анамызға қандай марапат берілсе де лайықты.
Жұбайы Иманалыұлы Жаппар 1934 жылы Түлкібас ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. 1941-1951 жылдар аралығында,Түлкібас поселкесі, №343 қазақ орта мектебін бітіріп, 1951-1955 жж Шымкент қаласы Педагогикалық училищесінің қазақ тілі-әдебиеті мамандығын бітірген. 1956-1966жж Түлкібас поселкесінің №343 қазақ орта мектебінің, қазақ тілі-әдебиеті мұғалімі болып жұмыс жасады.1957-1962 жылдар аралығында, Шымкент қаласы, Педагогикалық институттың (сырттай) қазақ тілі-әдебиеті мамандығын алған.1966-1968 жылдары Кемербастау ауылындағы мектепте, оқу тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 1968 жылдан бастап Кемербастау ауылындағы мектепте біраз жылдар бойы директор қызметін атқарды. Ұзақ жылдар бойы білім беру ошақтарында педагогика саласында жемісті ұстаздық атқарған, мыңдаған ұрпақтарға үлгілі тәлім – тәрбие берген, білім жүйесінің нағыз майталман маманы бола білген, өзінің қызметін атқара отырып, жұмыс жасауына өзіндік мол үлесін қосқан. Жаппар атамыз 68 жасында өмірден озды.
Слуша анамыз ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп, демалысқа шығады. Балаларының барлығына жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасаған «Алтын алқа» иегірінің перзенттері де бүгінде әр саланың білікті маманына айналған. Ұстаздар отбасында үлкен қызы Ханшайым әпкенің 45 жыл бойы ұстаздық қызмет етіп, зейнетке шыққан. Екінші қызы Роза әпкенің-ағылшын тілі пәнінен білгір маманы еді. Іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылған, Замира есімді қызы-жоғары математика пәнінің мұғалімі, толағай табыстарға қол жеткізген. Төртінші қызы Қалдынұр-медицина саласындағы жеке кәсіпкер. Ұстаздық қызметтерін мақтанышпен айту, жазу үшін балалары да ізін жалғағаны Алладан берілген қасиет. Ал ұлдары оның ішінде үлкен баласы Бауыржан ағамыз-Түлкібас мелкомбинат зауытында жұмыс жасаған, екінші баласы Маршал ағамыз-Ауғанстанда соғыс ардагері, қызыл орденнің иегері, ал үшінші баласы Қанат ағамыз-облыстық департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі болып зейнетке шықты, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы. Кенже баласы Архат-аудандық мәслихат аппаратының қызметкері. Бұл үлкен отбасында барлық мамандықтың иелері табылады. Расында да, кеудесі өсиетке, тұлғасы қасиетке толы ақ жаулықты әжелеріміздің өсер ұрпаққа берер өнегесі жетерлік. Бәрі ұлт болашағы мен ұрпақ қамы үшін деп тер төкті емес пе?! Ендеше, ғасыр көрген ғазиз ананың тәуелсіз елінің тұғырлы болғанына куә болып жүргені де бір бақыт.
«Өзім оқуды бітіргеннен кейін, осы мектепке мұғалім болып ауысып келдім. Сондағы бірінші әрі жұмыс бастағаным, әрі бірінші алған оқушыларым осы сынып болатын. Сонымен бұлармен өз балдарымдай болып бауыр басып кеттім. Бәрі жақсы оқыды.Тәртіпті болды», — дейді жастық шағын бір сәт еске алып ардақты ұстаз Слуша Жүрсінбайқызы.
«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған ұстаз бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырам деп тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұстаз – ұлы есім. Ұлт ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов та «мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақ. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» дейді. Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан, батыр да, ақын да, басшы да, қосшы да осы ұстаздан тәлім-тәрбие алады. Әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз. Жасы жүзге жуықтаған ұлағатты ұстаз Слуша анамыздың өмір ғұмырдариясы осылай жалғасып жатқан бақытты жан. Міне, биылғы соңғы қоңырау үнін қайта тыңдауға мүмкіндік алған шәкірттері Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 1979 жылғы түлектері қолдарына қалам ұстатып, әріп танытқан ұстазына деген ерекше ризашылығын білдіріп, газет бетіне тарих ретінде із қалдырып, алғысын жаудыруда.