Ісім оңсын десеңіз,
Сол істің маманы болыңыз.
Даңқым шықсын десеңіз,
Көпшіліктің адамы болыңыз, — деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, өз істерінің маманы бола білген ұстаздардың әрқашан мәртебесі биік. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұстаз да диқан іспеттес. Ол әрбір шәкірттің жүрегіне білім нәрін себеді. Әр шәкіртін жеке аялап, тәрбиелеп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлдеп айтқанда, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Бүгінгі сыр сұхбаттың кейіпкері — ардагер ұстаз Сапарбек Тоғысбаевпен әдемі сұхбат орнады. Зейнетте болса дағы қазіргі кезде Түлкібас кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық және қоғамдық келісім кеңестерінің мүшесі, аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, Түлкібас кентіндегі П.Шевцов жалпы орта мектебінде «Қамқоршылық кеңесінің» төрағасы, үш тілде оқылатын «Дарын» мектеп-интернатында әкелер кеңесінің белді қатысушысы. Түлкібас ауданының Құрметті азаматы ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, экс-мектеп директоры, еңбек ардагері Сапар Тоғысбаевтың әсерлі әңгімесіне куә болайық.
— Сапарбек аға, алдымен өмір жолыңыздан бастасақ? Бала Сапарбек қандай болды?
— 1949 жылы желтоқсан айының 1-ші жұлдызында Түлкібас ауданы Кемербастау ауылында дүниеге келдім. 1967 жылы Түлкібас станциясындағы № 343-ші орта мектебін үздік тәмамдадым. Ал, бала Сапарбек оқуға оның ішінде әріпті тануға құштар болды. Бала Сапарбек бала күнінен ұстаз болуды армандаған. Қазақ ертегілері, Ер Тарғын, Қобыланды, Ертөстік, Қамбар батыр сияқты эпостық жырларын оқып елге жанашыр, елін қорғайтын, отансүйгіштік қасиеттерді болмысыма сіңіру үшін үлгі алып өстім. Көрші ауылдың балаларымен спортқа бейім болдық, ауыл-ауылға барып футболдан жолдастық кездесулер өткізген бозбала болдық. Қарапайым отбасында өстім. Әкем Тілебалдиев Тоғысбай Алғабас колхозының Кемербастау ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының қатысушысы болып, соғыстан мүгедек болып оралды. Алғабас колхозында бригадир қызметін атқарған кезде Кемербастау учаскесінде суармалы өнімнен өнім аларда облыстық чемпионы және Еңбек Қызыл ту орденінің иегері болған. 1947 жылы Анам Зәйкүл Жасұзаққызына үйленген. Анам үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысты. Әкем 80 жасында өмірден озды. 10 жылдан кейін аудандық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезде Түлкібас кентіндегі бір көшенің атауын әкемнің атына бердім. Бір ана бір әкеден 8 ұл, 2 қыз болдық. Әскери борышты өтеген соң, Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетін шет тілдер пәндерінің оқытушысы мамандығын аяқтадым. Бірнеше рет шет тілдерін меңгердім. Сондай-ақ Кемербастау елді мекеніндегі республикалық «Гүлдер» балалар санаториясында оқытушы-тәрбиеші аға тәрбиеші, осы санатория директорының оқу-тәрбие жұмыс жөніндегі орынбасары, «Солнечный» пионер лагерінің бастығы, М.Бағысбаев, Ә.Молдағұлова атындағы мектептерінде директордың орынбасары, аудандық білім бөлімінде әдістемілік кабинетінің меңгерушісі қызметінде болдым. 2004 жылы Америка құрама штатында 3 апта көлемінде білім және мәдениет саласы бойынша іссапар алмасуға бардым. Одан бөлек Австрия, Париж, Стамбул, Ресей елдерінде болып турист әрі тәжірбиеден өттім. Отбасылық өмірімде бірінші некем сәтсіз аяқталды. Екінші отбасымды неміс қызымен бас қосып, кейіннен Германия еліне отбасымен көшетін болғандықтан бір баламды алып сол елге кетті. Мен анамды тастап кетпедім. Германиядағы баламмен әлі байланыстамын. Бүгінде жан-жарым Сәбирадан 1 ұл, екі қызды өсірдік. Ұлым теміржолда инженер болып жұмыс жасайды. Келінім Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұстаз. Перизат қызым тіс дәрігері, кіші қызым «Дарын» мектебінің түлегі биыл 124 бал жинап, қалаған мамандығының иесі атанбақ.
— Сіздің ойыңызша ұстаз деген кім және қандай болу керек?
— Мұғалімнің белді болуы болу-болмауы өзіне байланысты. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың бір сөзі бар. «Мұғалім өз ісінің әуейі –фанаты болу керек»деген. Сонымен бірге мұғалім мінезді болуы керек. Ортада өзін-өзі ұстай білу керек. «Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар» деген бар. Сіздер өте білімді болуларыңыз керек, себебі қазіргі шәкірттер озық ойлы. Оларда ақпараттар көп, компьютерден бәрін қарап, біліп отыр. Сондықтан мұғалім өз білімін үнемі толықтырып отырмаса, баланың алдында ұятқа қалуы мүмкін. Оқушы мамандық таңдарда оның жүрек қалауындағы саланы таңдауға мүмкіндік беру керек. Осы тұста бір жағдай есіме түсіп отыр. Бір уақытта аудан әкімдерінің алдында кездесу болды. Бірнеше рет білім үшін текетіреске де түстім. Анасының құрсағында жатқан кезде –ақ Алла Тағалам баланың пешенесіне қандай мамандық таңдайды, жасының ұзақ қысқа болуы, оның бақытты болмаса бақытсыз болатынын жазып қойған. Қазір не көп прокурор, сот, дәрігер, мұғалімдер көп. Неліктен электрик, шаштараз, етікші мамандықтарын көбейтпеске деп ойымды айтқанда мектеп директорлары қол соғып мені қолдап жатты. Мектептің беделін көтеру үшін көп әрекет еттім.
— Байқайсыз ба, жетістікке жеткен адамдардың өмір тарихынан көбіне ұстаздары бала кезінде «Адам болмайсың!» деп айтқанын жиі оқимыз. Өзім де көп мұғалімнің балаға сенімсіздік білдіріп, арманына «балта шапқанын» көрдім. Мысалы, актер болғысы келетін балаға «сенен актер шықпайды, мұғалім боласың» дейтін ұстаздар бар. Меніңше, ұстаз оқушы үшін шешім қабылдаушы емес, жол нұсқаушы болуы керек секілді. Осы жерде сіздің ойыңыз қандай?
— Жоғары да атап өткенімдей әр бала пешенесіне жазылғаны көреді. Яғни мұғалім алдында отырған оқушының барлығының неге қабілетті, болашақта қандай адам болатынын біле алмайды деп ойлаймын. Қандай дана ұстаз болса да, ол мүмкін емес! Себебі, алдыңдағы бала күн сайын дамып, талғам-дүниесі өзгеріп отырады. Сондықтан да мұғалім оған жол көрсетуші емес, тәлімгер болуы керек. Ал болашағы қандай боларын бала өзі шешеді, біз тек дем берушіміз. Өзіміз де кейбір баланың мінездеріне налып, сенімсіздік білдірген кездеріміз болды. Өз ара ішімізде «Осы кім болар екен?» деп айтып қалатынбыз, кейін араға жылдар салып сол балаларға қарасақ біз ойламаған салада жетістікке жетіп жатады. Сондай да өзіңнің қате пікірлеріңді мойындайсың! Кейін сол қателікті қайталамайын деген оймен алдыңда отырған әр балаға сеніммен қарауға тырысасың. Жаңартылған білім берудің бір жақсы тұсы, баладан тек теорияны ғана талап етпей, оның бойына дағдыларды қалыптастыруға назар аударасың, өз ойын еркін айтып, керегін ала білуіне басымдық бересің. Ендігі жерде мектеп оқушылары толыққанды азамат болып шығады деп сенемін. Себебі, олар бұрынғы оқушылар сияқты мұғалімнің алдында қымсынып тұрмайды, ойын еркін айтады. Өз пікірін дәлелдей алады және ақпараттық ағымның әсерінен қоғамдық және әлемдік жағдайлардан хабардар болып отырады. Оған қазіргі оқулықтардың да ықпалы бар.
— Ұстаздық жолыңыздағы ұстаздарыңыз кімдер? Олар жайлы бүгінгі шәкірттеріңізге айтып отыратын боларсыз.
— Мектеп бітірушілер 20 жылдық, 10 жылдық кездесулер ұйымдастырып отырады. Мені міндетте түрде шақырады. Бірінші кезекте мешітте құдайы тамақ беріп, жағдайы нашар жетім-жесірлерге, мүгедектерге қаржылай болмаса үй берген талай игілікті істердің куәсі болып келемін. Мен түлектерімнің бұндай бастамаларына шын ризамын. Сондай-ақ құдайы тамақ берілгенде бұл өмірден өтіп кеткен ардақты ұстаздарымды жиі еске алып жүремін. Ес білгелі мектепте маған сабақ берген ұстаздарымды, менімен қызметтес болған әріптестерім, менен кейін жасаған әріптестерім бәрінің де есімін ұмытпай яғни 49 ұстаздың атын еске алу кезде құран ішіне қосамын.
— Педагогикалық ұстанымыңыз бар ма?
— Әр педагогтің өзінің ұстанымы бар. Менікі – оқушыға тұлға ретінде қарау. «Бұлақ көрсең, көзін аш!» демекші, шәкірттің бойындағы бір ұшқынды көріп, оны әрі қарай лаулатып жандыру қажет.
— Сіз ізденіс үстіндегі ұстазсыз. Осы ізденіс жолдарыңызды кітаптармен қаншалықты байланыстырасыз?
— Әрине, жиі байланыстамын. Кітапханадан бір кісі келіп тұр ауданда кітап оқырмандарының жарысы болады, соған қатысып көрсеңізші деді. Мен жарайды деп келісе кеттім. Сұрақтар онлайн түрде болды. Көптеген сұрақтар болды соның ішінде ат тергеуге қатысты сұрақтан мүдірмей өткенім үшін жеңімпаз атанып, жүлделі болдым. Кітап –рухани байлығым десем қателеспеймін. Ақын Мұқағали Мақатаевтың 50 ге жуық өлеңдерін әлі күнге дейін жатқа білемін. Кітапхананың тұрақты оқырманымын.
— Қоғамдық жұмыстарға белсене араластыңыз ба?
— Негізі қызметті атқара жүріп Түлкібас ауданық мәслихаттың 3-ші шақырылымдағы депутаты, ондағы бір тұрақты коммиссияның төрағасы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мен қазақ ұлттық-мәдени орталаығының төрағасы, аудандық «Даму» қоғамдық қорының президенті, аудандық наградтау комиссиясында төраға орынбасары, аудан мектептері директорлар кеңесінің төрағасы, аудандық білім бөлімінде аттестаттау комиссиясының мүшесі, аудандық кәсіподақтар кеңесінде президиум мүшесі қоғамдық негіздері қызметтерін абыроймен атқардым.
— Қазіргі заманымыздың оқушы мен ұстаз арасындағы сыйластыққа көңіліңіз тола ма?
— Өзіңіз сұрақ бергендей, Кеңестік және Тәуелсіздік жылдарындағы білім беруді салыстырдым. Меніңше, Кеңестік кезінде ұстазға деген құрмет жоғары болды. Өзім ауылда жұмыс істеп жүрген кезімде мұғалімдерді дүкенде кезексіз өткізе беретін. Бізге «ұстаз» деп ерекше құрметпен қарайтын еді. Бүгінде педагогтердің жалақысын бірнеше есеге көтеріп, «Мұғалім мәртебесі» туралы заң қабылданды. Осы бойынша ағартушылар мәртебесі артуы тиіс. Қоғамда сондай түсінік қалыптасқан да болар. Дегенмен, кей жағдайда, заманауи талаптарға жауап бере алмайтын оқытушылар кездесіп жатады. Қазіргі оқушылардың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы мүлде басқа. Олар ақпараттық технологияны жете меңгеріп, кез келген мағұлматты еркін таба алады… Ал қазір көбіне мұғалім «қолбала» болып жүреді. Сондықтан ұстаздың мәртебесін көтеру өзіне де байланысты. Өйткені, білімді мұғалім өзінің орнын біледі. Өкінішке қарай, соңғы уақыттары білімсіз ұстаздар шығып жатыр. Енді олар соның орнын толтыру үшін бастыққа жалпақтауға, жағымпаздануға бейім болады. Сол үшін де оның ел алдындағы мәртебесі де төмендейді.
— Өскелең ұрпаққа айтар ақылыңыз?
— «Қазірде елімізде ұстаз мәртебесі жоғары дәрежеде деп ойлаймын. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Bіlіm jбne Ǵylym!» атты тамыз конференциясының пленарлық отырысында болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет екенін ерекше атап өтті. Елімізде жасалған білім реформаларының арқасында жалақымыз едәуір артты, меніңше, ұстаздың мәртебесін мемлекет барлық жағынан қолдап жатыр. Мемлекет басшысы ұстаздың қоғамдағы айрықша рөлін атап өте келе, ұстаздың мәртебесін көтеру жұмсалған реформалардың тиімді болғанына барша ұстаздар байқады деп ойлаймын. Ұстаз – қоғамдағы ең сыйлы адам, себебі оның еңбегі ұшан-теңіз, әрі кемел келешекті қамтамасыз ететін азаматтарды тәрбиелейтін аяулы жан. Өскелең ұрпаққа айтарым, кітап оқыңдар, ғылымға жақын болып, оқуға құштар болыңдар.
— Өзіңізге ұқсайтын шәкірттеріңіз жақсылықтарымен қуанта берсін. Тамаша әңгімеңіз үшін рақмет!
Күн НҰРЫ.