1994 жыл. Тамыз айы. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік Университетінің президенті Жұрынов Мұрат Жұрынұлы арнайы Түлкібас агробизнес және Туризм колледжіне іс-сапармен келіп колледждің оқу корпусын, жатақханасын барлық материалдық базасын аралады. Ол кісінің қасында 4-5 кісі болды. Олар Жанабаев Бәкен проректоры, химия ғылымының докторы, профессор Байтанаев Болат филология ғылымының докторы тағы басқа да кісілер бар. Колледждің материалдық-техникалық базасын толық аралап көргеннен кейін, сол кездегі Түлкібас ауданының әкімі Мелдебеков Әзімхан да келді. Колледж директоры Анашев Қалаубектің кабинетінде осы кісілердің барлығы жиналып отыр екен, мені арнайы шақыртты. Әңгіме осы колледжің базасы жайында болып отырғаны мәлім болды. Әңгіме осы колледждің базасы толығымен университеттің Түлкібас филиалын ашуға лайықты, тек бір ғана мәселе жатақхананың әжетханасы қазіргі заманға сай емес екендігі, оны тез арада күрделі жөндеуден өткізу керектігі талқыланды. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің шаруашылық жөніндегі орынбасарына тапсырма берілді. Тез арада сметалық документация жасатып жоба бойынша оның бағасын шығарып жөндеуге кірісу керектігі шешілді. ХКТУ президенті Мұрат Жұрынов колледж директоры Анашев Қалаубектен осы филиалдың басшысын тағайындау керектігін айтты. Анашев Қалаубектің ұсынысы бойынша және аудан Әкімі Мелдебеков Әзімханның келісімімен мені бұл қызметке бірауыздан бекітті. Мені қызметке тағайындауға Жанабаев Бакен Жаңабайұлының да үлесі бар екенін кейіннен білдім. Колледжге кейін тағы да үлкен делегация мүшелері келді, оның арасында Кемал Зейбек Намық та бар және Түркия елінен 2 кісі бар, делегацияны бұл жолы да президент ХКТУ Мұрат Жұрынов бастап келді. Жөндеу жұмыстарын «Ауыл Құрылысы» мекемесімен шартқа отырып, басшысы Даулбаев Сламхан ойдағыдай жүргізіп жатқан. Университет студенттеріне жатақхананың 4-ші қабаты толығымен берілді. Жатақхананың әр секциясында бес студенттен екі бөлменің бір жағында екі студент екінші жағында үш студент жатады. Бөлмелері толық жабдықталған, жатын төсектер столдары, әр бөлмесінде киімге арналған шкафтар, кіре беріс бөлмесінде, сырт киім ілінетін ілгішінен жасалған арнайы киім ілгіштер, әр этаждың (қабаттың) әжетханалары, жуынатын бөлмелері, тамақ істейтін бөлмелері толық жабдықталған.
1994 жылы қабылдау емтихандары Түркістан қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің базасында өтіп, студент болып қабылданған, экономист, менеджер мамандығы бойынша 50 студент, бірі қазақ тобы, екіншісі орыс тобы. Оқу жылы Түлкібаста, Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің филиалында 1-ші қыркүйекте басталды. Мен студенттердің барлық жағдайын жасап жатақханаға орналастырып, оқу аудитроияларын таныстырып, сәттілік тіледім. Осы жерде айта кететін мәселе, қазақ және орыс топтарында Түркиядан келген 20 студент оқитын болды. Ол оқитын студенттерді Ташкент қаласына барып, аэропорттан арнайы автобуспен күтіп алып, Түлкібасқа алып келдім. Түркиядан келген студенттердің барлығы қазақ тілі мен орыс тілінен арнайы дайындық курсынан өтіп емтихан тапсырып, бірінші курсқа оқуға дайын болды. Алғашқыда біраз қиыншылықтар болды, қазақ еліне үйренгенше олармен қосымша тәрбиелік жұмыстар жүргізілді. Оқу процессі басталған кезде үлкен қиыншылықтар болды. Өйткені, оқу процессін жүргізу менің қарамағымда болғаннан кейін, оқу процесін жасау, оқу бөлімінің жүктемелері, жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету, алдыңғы қатардағы еліміздегі жоғарғы оқу орындарымен байланыс жасап, ол оқу орындарының көрнекті ғалымдармен тікелей келісім шартқа отыру, студенттермен байланысын оқу-тәрбие жұмыстарының барлығы менің мойнымда болды. Оның үстіне жаңа ашылған жоғарғы оқу орны болғаннан кейін келім-кетім өте көп әртүрлі тексерістер… Оқу-әдістемелік құрал-жабдықтармен жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету, не керек мен үшін күн-түн демей, тәулігіне 18-20 сағат жұмыс істеу керек болды.
Сапалы білім беру мақсатында, Алматыдан, Шымкенттен, Тараздан, Түркістаннан жоғарғы оқу орындарынан білімді, білікті республикаға әйгілі ғалымдар мен білікті профессормен келісімге отырып лекциялар оқылды. Атап өтетін болсам Жанабав Бакен Жанабайұлы академик, химия ғылымының докторы, Мырзахметов Мекемтас профессор, филология ғылымының докторы, Шеденов Қазақ Ұлттық Университетінің академигі, экономика ғылымының докторы, Тұрдалин Қуандық профессор, экономика ғылымдарының кандидаты, Кубаев Қазиолла Еркенұлы – профессор, экономика ғылымының докторы, техника ғылымының докторы, Сәбден Оразалы академик, экономика ғылымдарының докторы, Сұлтанбеков Тұрлыбек – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Орманов Нұрлан физика-математика ғылымының кандидаты, доцент. Әбілдаев Құрманбек филология ғылымының кандидаты, доцент. Махмутов Әбдіжаппар профессор ғылым кандидаты және ауданымыздағы белгілі атақты аға оқытушылары Бердалиев Амантай математика пәнінің оқытушысы, Омаров Әсілбек филолог-тарих (жатқан жерің жәннәтта болсын), Мәлібеков Н. т.б.оқытушыларды арнайы шақыртып жұмысқа қабылдап студенттерге дәріс берді. Арнайы компьютерлік кабинет ашып, оған білікті алғашқы қарлығаштар компьютер саласы бойынша Қылышбаев Бағлан, Қуандықов Батырбекті сияқты білікті мамандар жұмысқа қабылданып жоғарғы деңгейде сабақ берді. Ағылшын тілінен Америкадан келген білікті ұстаздар Мистер Андерсон, Дэвид Кнаус, Пик Марта сабақтар берді. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Яссауи Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінде ұйымдастырылған біліктілікті арттыру мақсатында арнайы курстарға ағылшын тілінің оқытушылары Әуезова Асыл Амановна мен Жанар оқуға жіберілді. Сабақтың сапасын тексеру мақсатында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік Университетінің оқу-әдістемелік орталығының директоры Байтанаев Болат әр ай сайын тексеріп қадағалап отырды. Біздің тікелей кураторымыз Жанабаев Бакен Жанабайұлы да жүйелі түрде үнемі келіп тұрды. Түркия Республикасының өкілі бұрынғы оқу-білім және мәдениет саласының Министрі болып қызмет атқарған Кемал Зейбек Намық та жүйелі түрде келіп тұрды. Ол кісіні мен Т.Рысқұлов ауылындағы Ақсу-Жабағылы санаториясына орналастырып, арнайы люкс бөлмесінен орын алып бердім. Ол кісі бір апта болып, барлық жұмыстарымызды тексеріп, әрі танысып, көңілі толғанынан шын пейілмен ризашылығын білдіріп кетті. Алматыдан, Шымкенттен, Тараздан, Түркістан қалаларынан келген академиктерді, профессорларды, доценттерді өзіміздің жатақханадағы арнайы бөлмелерге жайғастырдық. Әсіресе, Мекемтас Мырзахметов ағамыздың дәрістеріне үнемі қатысып, үлкен тәжірибе алатынмын, ол кісінің әр сабағы өте тартымды қызықты өткізіп, құнды материалдарды Мәскеудегі мұрағаттардан жинап, Орынбордағы бұрынғы Қазақстан Республикасының астанасы болған қаладан, мұрағаттардан алынған құпия материалдарды жік-жігін ажыратып, үлкен ыждапаттықпен түсіндіретін. Әсіресе Ресей империясының Қазақстанға жасалынған зорлық-зомбылық іс-әрекеттерін рет-ретімен жақсылап айтып беретін. Экономика саласы бойынша Алматыдан келген ҚазҰУ-дың академигі экономика кафедрасының меңгерушісі Шеденовтың сабағы да керемет жоғары дәрежеде өтетін, ол кісінің дүние жүзі бойынша экономика саласындағы мәліметтері дәлелдемелері әр тыңдаушыларды ерекше қызықтыратын. Ал Байтанаев Болаттың ол кісі филология саласының корефейі деуге болады, ғалымдар отбасынан шыққан, Қазақтың бір туар азаматы еді, әттең дүниеден ертерек өтіп кетті. (жатқан жерің жәннәтта болсын). Үлкен ғалым еді, ол кісіден де үлкен тәлім тәрбие алуға болады. Жерлесіміз, Балықты ауылының тумасы, профессор Тұрдалин Қуандық та тәжірибесі мол, бұрынырақ Тараз қаласында Мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болып, кезінде қызмет атқарған, экономика саласының майталманы деуге болатын.
1995 жылы жаңа оқу жылынан бастап университетке жаңа туризм мамандығы бойынша студенттер қабылдайтын болдық. Ендігі мәселе сол мамандық бойынша оқу жоспарын жасау керек. Қазақстанда еш жерде туризм мамандығын даярламаған екен. Түркиядағы бір оқу орнынан Измир қаласынан оқу жоспарын алдырттық, ағылшын тілінде жасалған екен. Оның аудармасын өзіміздің оқытушылардың көмегімен қазақшаға және орыс тіліне аударттық. Оқу жоспарының мамандық даярлауға арналған жоспарының біліктілік деңгейі өте төмен болғандықтан, басқа республикалардан іздеуге тура келді. Іс-сапармен Украинаға Киев қаласына бардым. Мен бұрын Киев қаласында білімді жетілдіру мақсатында оқуға барған болатынмын. Ұмытпасам 1986 жылы. Ол жердегі университеттердің біразын білетінмін. Киевке қайта баруға тура келді. Киевтен екі жұмыс оқу жоспарын алып қайттым да, қайтарда Алматы арқылы келіп, Алматыдағы оқу орнынан туризмге арналған оқу жоспарларын іздеп, Т.Рысқұлов атындағы Нархоз академиясына кірдім. Ол жерде академияның 1-ші проректоры, оқу-ісі жөніндегі ректордың орынбасары Қубаев Қазиолла Еркенұлы екен. Ол кісі менің 1-ші бітірген оқу орнымдағы менің тікелей диплом жұмысының жетекшісі болған. Ол кезде доцент, техника ғылымдарының кандидаты, өзі Ресейдің Саратов облысының тумасы еді. Кейін докторлық ғылыми жұмыстарын жасап, қорғап, доктор техникалық сала бойынша қорғаған, Қубаев Қазиолла Еркенұлы экономика саласына ауысып, алдымен кандидаттығын қорғап кейіннен докторлық атаққа дисертация қорғап, экономика ғылымының докторы, профессор атағына ие болған екен. Екеуіміз құшақтасып көрісіп амандастық. Менің шәкіртім келді деп ол кісі де қатты қуанып қалды. Сонан соң мен өзімнің келген шаруаларымды айттым. Қазиолла Еркенұлы дереу оқу бөлімінің бастығын шақыртып алып, ол кісіге маған керекті барлық оқу жоспарларын, оқу бағдарламаларын, қысқасы барлығын тауып беруге тапсырма берді. Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан деген осы екен. Мен барлық керекті құжаттардың барлығын алып, коробкаға толтырып салып, өзімнің бұрынғы жетекшіме шын ризашылығымды білдіріп, ол кісіні Түлкібастағы филиалға келіп біраз маған бір жағынан көмек, екінші жағынан студенттерге біраз экономикалық пәндерден дәріс беруін сұранып, шын пейілмен ризашылығымды білдіріп қайттым.
Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік Университетінің Түлкібас филиалын штаттық кесте бойынша бірақ бірлік, тек маған ғана берілген, сондықтан жаңағы айтылған жұмыстардың барлығын өзім ғана атқаратын болдым. Оқытушылардың жалақысы олардың тек өткізген сабақтарына ғана ғылыми атақтарының кітапшасының көшірмесі бойынша және жұмыс өтіліміне қарай анықтама бойынша төленеді. Ал, анықтаманы мен кесте бойынша өткізілген сабақтарға беріп отырамын. Жоғарыда айтып кеткендей Алматыдан, Шымкенттен, Тараздан, Түркістаннан келген академиктер, профессорлар, доценттер шақыру бойынша оқу жүктемелеріне байланысты он күнге кейбіреулері жиырма күнге келіп, жүктемелерін толық орындап, емтихандарын алып, оқыған сағаттарымен анықтама берілгеннен кейін жалақыларын алып есептесіп кетеді. Оқу кестесі ай сайын өзгертіліп тұрады, өйткені тұрақты оқытушылар өзімізде аз болғандықтан шақырылған оқытушылар сабақтарын бітіргеннен кейін, қайтадан кесте жасауға тура келеді. Мен ай сайынғы кестені арнайы тігіп отырамын, бір данасын бухгалтерияға беріп, олар өздерінің папкасына тігіп отырады. Ал, екінші көшірмесін орталықтағы Түркістандағы бас есепшілерге ай сайын есеп беріп өткізіп отырамын. Ал, оқу процессі толық өзімнің ғана қадағалауымда студенттердің оқу-тәрбие жұмыстары, олардың сабақтан тыс кездеріне бақылау жасау, мәдени іс-шараларға белсене қатысуын қадағалау, студенттерді конкурстарға даярлап оларды қатыстыру, спорттық жарыстарға қатысуын ұйымдастыру, студенттердің біліктілігін бақылау мақсатында тест түрінде ай сайын бақылау өткізу, нәтижелері бойынша студенттермен жекелей жұмыс жүргізу. Бұл айтылған жұмыстар күнделікті күн тәртібінен түскен емес және де үшін тәулігіне 18-20 сағат жұмыс істеуіме тура келді. Өзімнің сүйікті жұмысым болғаннан кейін, әр уақытта студенттердің қабілеттілігін, қызығушылығын арттыру мақсатында, уақытпен санаспай студенттердің біліктілігін жоғарылату, рухани-адамгершілік білім берудің қабілеттілігін ашуға, арттыруға күнделікті бақылау жасау және ұйымдастыру — менің негізгі жұмысым болды. Осылай жұмыс істеген әрі қиын, әрі қызықты өзімнің сәттерімді бүгінде сағынышпен еске аламын. Осындай қиыншылыққа шыдамдылық, төзімділік атадан-анадан қалған тәлім-тәрбие және әкенің қанынан ананың сүтінен берілген қасиет деп ойлаймын, Әкем Әмірбектің, анам Зейнекүлдің мені еңбекке баулып төзімділікке, шыдамдылыққа еш қиыншылыққа мойынсынбау, тізе бүкпеу қасиеттері өміріме үлкен пайдасын тигізіп нәтижесін көрдім. Оның үстіне менің жан-жарым Гүлсараның тікелей қолдауының арқасында, өзімді өмір бойы жақсылыққа ұмтылуға дем беріп, тілеуші болып тек алға ұмтылуға қозғаушы күш беріп отырушы еді, жандары жәннәтта болғырлар. Бір сөзбен айтқанда, Қожа Ахмет атындағы ХҚТУ Түлкібас филиалының ашылуы аудан тұрғындары үшін үлкен жаңалық, айтары жоқ қуаныш болғаны даусыз. Басқасын білмеймін сол кездер мен үшін аса ыстық көрінетіні ақиқат!
Құрманбек ӘМІРБЕКОВ,
ардагер — ұстаз.