Өнер — халықтың табиғи шежіресі. Сөз, әуен, қолөнер адамзат баласының сан ғасырдан бергі келе жатқан қол жетпес мұрасы. Өнер – көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі сезімге толы құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының шынайы формасы. Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай өзгертіп, түрлендіріп көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Ол қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де, адамның шындыққа деген шынайы қатынасы да, болып табылады. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік – эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Өнердің құдіреті – шексіз.
Бүгін біз осынау өнердің бір саласы болып табылатын – көркем сөз оқудың шеберлері туралы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз. Алғашқы қонағымыз есімі ауданға, облысқа кеңінен танымал түрлі әдеби-мәдени саладағы іс-шараларды жүргізуші, белгілі көркем сөз оқудың шебері, Машат ауылдық клубының меңгерушісі Бақытжан Каденұлы Байжұма болмақ.
Әңгімеміздің біссімілдасын өзіңнің өмір жолдарыңнан бастасақ…
— Мен ауданымыздағы табиғаты ең көрікті жерлерінің бірі, ағысы қатты Арыс өзені мен бастауын Ақсу-Жабағылы шатқалынан алатын Машат өзені түйіскен өңір — Машат елді мекенінде 1995 жылы 5 сәуірде дүниеге келіппін. Ауылдағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті үздік бітірген соң арман жетегінде алдымен Отырар колледжін, кейінірек Халықтар достығы университетін тәмәмдап, көптен күткен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолым өзім түлеп ұшып шыққан Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептен басталды. 2019 жылдан бері мәдениет саласына ауысып, Машат ауылдық клубы меңгерушісінің тізгінін ұстап келемін.
— Өнерге деген қызығушылығың қай кезден басталды?
— Бұл салаға деген қызығушылығым бала кезден оянды десем, артық айтпағаным. Алдымен сыныптас достарымның, жаныма жақын жандардың шағын отырыстарын, той- томалақтарын қызығушылықпен жүргізіп жүрдім. Кейінірек мұның ауқымы ұлғайып, бүгінде үлкенді-кішілі аудандық, облыстық дәрежедегі іс-шараларды өткізетін болдым. Шынымды айтсам, осы салаға деген құлшынысым артып, уақыт өте келе қасиетті сахна төрі менің екінші үйіме айнала бастады… Өнерге бір табан жақын ауыл жастарын қазіргі таңда ақысыз үйірмеге тартып, олармен тығыз байланыс орнату, үлкен сахнаға дейін баулу- біздің басты парызымыз болып қала берме-
— Өзің басқарып отырған Машат ауылдық клубының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айта кетсең?
— Қазіргі таңда бізде үйірмеге тұрақты қатысып жүрген 24 өнерпаз бар. Сонымен қатар, округ аумағында Әжелер ансамблі де жұмыс жасауда. Құрамында таланттары тасқындаған 10 әже бар бұл ансамбль — біздің мақтанышымыз. Жүздерінен мейірімділіктің шуағы төгілген олар мереке күндері өздерінің өнерлерін жан-жақты көрсетіп, жерлестерінің сенімінен шығып келеді. Ауылдық клубтың жұмысын жақсарту мақсатында көңілге қонымды, айтар ойы бар түрлі іс-шараларды тұрақты өткізіп тұрамыз. Ауылдық клубта биыл қыс мезгілінде республикаға белгілі сазгер – әнші Құралай Сәтмұхаметованың шығармашылығы аясында «Ауылға барам» атты кең ауқымды іс-шараны дүркіретіп өткіздік. Бұл іс-шараға ауыл өнерпаздарынан бөлек облыстық деңгейдегі белгілі өнер шеберлері де қатысып, жергілікті тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Жауһар жырдың жампозы» тақырыбында облысымызға танымал айтыскер ақындардың бастарын қосып, айтыс өткіздік. Мұндағы мақсат — ауылымыздан шыққан абыройлы азаматтарымыздың еңбегін кейінгі буындарға тереңірек насихаттау болатын. Айтысқа Карима Оралова, Бөрібай Оразымбетов, Тұрысбек Келімбетов сынды азулы ақындарымызбен бірге айтыс өнеріне алғаш қадам басып отырған жас ақындарымыз да бой көрсетті. Олардың осы айтыста тұсаулары кесіліп, үлкен сахнаға жолдама алғандары әрине, қуанышты жағдай болды. Ауылдық клуб болғандықтан тұрғындардың сенімдерінен шығу, оларға рухани азық сыйлау біздің қызметімізге деген адалдығымыз бен сүйіспеншілігіміздің арқасында ғана жүзеге асатынын жақсы білеміз.
«Үйренсе білім менен сан өнерін-білер еді-ау, өнердің не берерін»,-деп Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз айтқандай өнер әлемі үнемі ізденісті талап ететінін, сонымен қатар, теңіздей терең әлем екенін біреу білсе, біреу білмес. Неге десеңіз, өнер адамдары халықтың аз ғана шапалақ ұратын қошеметі үшін қанша маңдай тері төгілетінін білсе, жан тәнімен түсінсе дейміз.
— Енді отбасың жайлы айтып өтсең? Өзіңнің жолыңды қуған перзенттерің бар ма?
-Жанұям жайлы айтар болсам, Құдайға шүкір, әке-шешем бар. Асқар таудай әкем мал шаруашылығымен айналысса, аяулы анам үй шаруашылығына бейімделген. Өзім үйдің үлкенімін. Артымнан ерген екі қарындасым мен екі інімнен бөлек үш ұлым бар. Перзенттерім әлі кішкентай болғандықтан өнерге жақындығы бар ма, жоқ па оны анық білмеймін. Үлкен ұлым 2 сыныпта оқиды. Кім біледі, уақыт өте келе мүмкін әке жолын қуатын да шығар…Ал,жолымызды қуып жатса оған қуанбасам, ренжімеймін.
-Бүгінде өзіңді де, сан қырлы өнеріңді де қарапайым халық жақсы біледі. Ән де айтасың, күй де тартасың. Кез келген аспапта еркін ойнай аласың. Аудан, облыс көлеміндегі талай маңызды, жауапкершілігі мол іс-шараларды жоғары дәрежеде атқарып та жүрсің. Мәдениет саласында еткен еңбегің орынды бағаланып жүр ме? Қалай ойлайсың?
— Марапаттарға келетін болсақ, аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталғанмын. 2022 жылдың «Үздік мәдениет қызметкері» де атандым. Әрине, бұл марапаттардың бәрі жақсы ғой. Дегенмен, бойыңа қонған азды-көпті өнеріңді ойлы көрермен, қарапайым халық лайықты бағалап, үнемі қолдау білдіріп, шығармашылығыңа сәттілік тілеп жатса одан өзге мен үшін үлкен марапат жоқ қой деген ойдамын!
— Әңгімеңе рахмет, Бақытжан! Өнер биігінен әрқашан да жарқырап көріне беруіңе тілектеспін!
Орынтай КӨМЕКОВ