Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде облыс, республика көлеміне есімі кеңінен танымал ақын, ұлағатты ұстаз, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медалінің иегері, «Ақбота» кітабының авторы Серғазы Бакуадинұлы Әбілмажановтың шығармашылық кеші «Жырлайды жүрек» тақырыбында аудандық орталық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен тұсауын кесті. Ұстаз-ақынның шығармашылығынан сыр шертетін арнайы кітаптар сөресі сахна төрінен орын алды. Осынау әдеби шараға қатысып отырғандар кеш иесінің өмір жолдарымен терең танысты.
Серғазы Бакуадинұлы Әбілмажанов 1960 жылы 2 қаңтарда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Ұялы ауылында дүниеге келген. 1977 жылы № 83 Ұялы орта мектебін бітірді. Сол жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп,1981 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1981- 1995 жылдары Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Кәукей ауылындағы №225 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 1997 жылдан бері Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Түлкібас кентіндегі Б. Момышұлы атындағы орта мектепте өз мамандығына сай мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 2023 жылы зейнеткерлікке шықты. Жазған өлеңдері мен ойлы мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді. 2007 жылы «Тәуелсіздік – ел тірегі» атты, 2012 жылы «Ынтымақ, бірлік, татулық» атты аудандық жазба ақындарының байқауында бірінші орынға, 2018 жылы Түлкібас ауданының 90 жылдығына байланысты ұйымдастырылған жазба ақындарының мүшәйрасында екінші орынға ие болды.
Шығармашылық кеште ақын өлеңдерінен бөлек Түлкібас өңірі жайлы патриоттық әндер шырқалып, ауданның тарихынан сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Кеш барысында жыр сүйер қауым тарапынан қойылған «Өлең жазуды қай кезеңнен бастадыңыз?Ақын болуды бала кезден армандадыңыз ба? Қай ақынның өлеңдері сізге ұнайды?» деген сан алуан сұрақтарға ақын толыққанды жауап қайтарып, естелік алушы талапкерлерге өзінің қолтаңбасын қалдырды. Олармен бірге суретке түсті. Аудандық орталық кітапхананың қызметкері Нұрбол Нышанбай шығармашылық кешті тартымды да қызықты жүргізе білді.
Аудандық мәслихаттың депутаты Оспан Көлбаев әдеби іс шараны қорытып, ұстаз -ақынға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырып, иығына оқалы шапан жапты. Өзіне көрсетілген мұндай құрметі үшін Серғазы Бакуадинұлы аудан әкімшілігі мен аудандық орталық кітапхана ұжымына және кешке арнайы қатысқан жыр сүйер қауымға өзінің шексіз ризашылығын білдірді.
Орынтай КӨМЕКОВ.