Сөз қадірін бәрінен де жоғары қоя білетін дана халқымыздың сан ғасырдан бері ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан бата беруі- тамыры терең тарихымен тағдырлас. Сынаптай сырғыған уақыттың небір талқысына түссе де, елдің тұрмыс салтында бата-тайға таңба басқандай ізін қалдырған. Бата – қазақтың салт-дәстүрінің ішінде әлі күнге дейін қолданыста жүрген дәстүрдің бірі. Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Мұндағы мақсат: батаны қастер тұтқан халқымыздың дәстүрін одан әрі үзбей жалғастыру, батагөй ақсақалдарымыздің айтқан батасын көпшілікке тарату, өшпес рухани байлығымызды үйреніп, игі қасиеттерімізді бойымызға ұялату. Ел азаматтарын бірлікке, ынтымаққа шақыру — асыл-қазынамыз іспеттес аға буын ағаларымыздың бойындағы қасиеттерді дәріптеу арқылы қоғамымызға рухани байлық сыйлау болып табылады.
Ақылы мол қазына қариялар,
Өнер, мақал, батаға дариялар.
Үлгі-өнеге болсын деп кейінгіге
Уақыт келді ел-жұртқа жариялар, — деп ақын жырлағандай «АMАNАТ» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен және аудандық ардагерлер ұйымы, мен аудандық мәдениет бөлімі бірлесе атқарған жылдағы дәстүрлі аудандық «Батагөй қария» байқауы үстіміздегі жылғы шілде айының 24 жұлдызы күні аудандық мәдениет үйінде түңлігін көтерді.
Іс-шараға елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, тәжірибелі дипломат, осы ауданның тумасы Зауытбек Қауысбекұлы Тұрысбеков қатысып, байқаудың беделін биікке шығарды. Аудан тұрғындары мен замандас жерлестеріне жігерлі сөзін арнаған Зауытбек Тұрысбекұлы, бата беру дәстүрі – ұлтымыздың киесіне баланғанын айтты. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақты баталы тілек қана біріктіретінін тебірене жеткізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметін айта отырып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ ұлттық қауымының тарихи ерекшеліктері, қадір-қасиеті жөнінде қызықты деректер келтірді.
«Қазақта үлкен тұрғанда кіші сөйлемейді деген сөз бар. Бәріміз жас болдық, ақсақалдардың ақылын тыңдап, тәрбиесін алдық. Жастар – жаңашылдықтың жаршысы. Осынысымен жастар – бізден бір батпан артық! Қасиетті Түлкібас жерінен Тұрар Рысқұлов шықты. Батыр Бауыржан Момышұлы – Азаттықта еңбек етті. Шерағаның да туған жері – осы аймақ. Солардың ізін жалғайтын ұрпақ көптеп шықсын!»,- деген тілегін жеткізді.