Спорттың адам өмірінде алар орны ерекше. Онымен шындап айналысқан адамның денсаулығы мықты, жүйкесі шыдамды, ағзасы шымыр болатыны анық. Біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ «тәні саудың – жаны сау» немесе «бірінші байлық – денсаулық», — деп бекер айтпаған. Бірақ, осы қанатты сөздің салмағын, жүгі зілдей жауапкершілігін бүгінде шынайы сезініп жүрміз деп нық сеніммен айта аламыз ба? Осы орайда, аудан көлемінде спорт саласында кейінгі жылдары қандай ілкімді жұмыстар атқарылуда? Мемлекеттің болашағы – жастар үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр? Көкейімізді көптен бері мазалап жүрген бұл сауалдарды Түлкібас аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сайдуллаевқа қойған едік.
— Ауданда 5 облыстық және мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында «Ер Жәнібек» спорт клубы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт мектебі және «Түлкібас спорт клубы» КММ-сі халыққа қызмет көрсетеді. Осы аталған 9 спорт мекемелерінде 2558 оқушы спорттың 22 түрімен қамтылған. Салауатты өмір салтын насихаттау және балалар мен жасөспірімдердің уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ауданда 2024 жылдың жеті айында аудандық, облыстық, республикалық 47 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 3034 адам қатысты. Аудан тұрғындары, жастар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты шұғылданулары үшін 253 спорт ғимараттары жұмыс жасайды. Жан басына шаққанда қаржыландырудың «Даму бала платформасы» аясында аудан көлемінде 11 жеке кәсіпкер спорттық секцияларын жүргізуде. Аталған спорт секцияларында 1766 жасөспірім спорттың 10 түрімен шұғылдануда. Бір сөзбен айтқанда, спортпен мықтап шұғылданам деген әр азаматқа аудан көлемінде барлық жағдайлар қарастырылған деп айтсақ, артық айтпағанымыз.
— Жаңадан ашылған «Түлкібас спорт клубы» КММ- сі жайлы не айтасыз?
— 2024 жылдың қаңтар айынан бастап ауданымызда Түлкібас ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Түлкібас спорт клубы» КММК-сі ашылды. Бұл мекеменің мақсаты: жасөспірімдерге салауатты өмір салтын насихаттау, балғын спортшылардың спорттық шеберліктерін арттыру, дене тәрбиесі мен спорт түрлерін одан ары қарай дамыту болып табылады. Мекемеде қазіргі таңда 31 спорт мамандары қызмет атқаруда. Аудан бойынша 294 спортшы спорттың 9 түрінен жеті ауылдық округтерде спорт пен шұғылдануда. Биылғы жылдың күнтізбесіне сәйкес Түркістан облысының қалалық, аудандық спорт клуб мекемелерінің қызметкерлері арасында спорттың 14 түрінен облыстық спартакиада өткізілуде. Осы күнге дейін спорттың бес түрінен: гір тасын көтеру, үстел теннисі, шағын футбол, шахмат және асық атудан жарыс өткен болатын. Бұл байрақты бәсекеде біздің ауданның спортшылары жоғарыда айтылған спорт түрлерінен ерекше шеберлік танытып, жалпы командалық есепте топ жарды. Аталмыш спорт клуб мекемесі аудандағы демеушілер мен аудандық спорт бөлімі ұйымдастырып жатқан спорттық іс-шаралардың өткізілуіне ат салысып, ол ойындардың қызықты әрі тартысты өтуін өз жауапкершіліктеріне алып отыр. Алдағы уақытта мекеме тарапынан аудан тұрғындарын спортқа тарту мақсатында ауылдық округтер арасында спорт түрлерінен спартакиадалар ұйымдастыру жоспарлануда. Футболдан аудан чемпионаты басталып, бірінші айналым аяқталды. Екінші айналым қоңыр күзде жалғасын табатын болады.
— Қандай жетістіктерге соңғы жылдары кол жеткізе алдыңыздар?
— Бұл жағынан жүзіміз жарық, еңсеміз биік деп айта аламын. Ағымдағы жылдың 24-26 маусым күндері Түркістан қаласында мемлекеттік қызметкерлер арасында жылда өтіп тұратын спартакиадаға қатысқан облыс аумағы бойынша қатысқан 28 команданың арасында спорттың 8түрінен өткен жарыста Түлкібас ауданы әкімдігінің құрамасы топ жарып, облыс чемпионы атанды. Орал қаласында 2011-12 жылдары туылған жастар арасында волейболдан өткен жарыста түлкібастық өрендер тамаша өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Талдықорған, Павлодар, Екібастұз қалаларында өткен қазақша күрес пен белбеу күресінде, сондай-ақ бокс бәсекесінде бокста ауданымыздың балғын да талантты спортшылары Тасыбек Аяулым, Мүсілім Нұрайлым, Құрманғали Асанәлі, Тәжітай Инабат, Жетпісбай Мерей, Нұрахан Дулат,Орынбасар Сұлтан, Қабылан Арайлым екінші, үшінші орындардан көрінсе, Мырзалы Жібек топ жарып, мерейлі болды. Оларды баулыған Пернебек Болатбеков, Асланбек Керімбаев, Ербол Ержанов сынды жаттықтырушылардың да ерен еңбектерін атап өткен жөн. Сонымен қатар көкпардан өткен жарыста білектерінен намыс оты төгілген түлкібастық көкпаршылардың республикада топ жарғанын қалай мақтасақ та жарасады. Ардагер ағаларымыздың шахматтағы шеберліктері мен жеткен жетістіктері республика көлеміне кеңінен мәлім екендігі баршаға аян.
Міне, осы мәліметтерге қарап-ақ аудан көлемінде спорт саласының қандай дәрежеде екенін айқын аңғаруға болады. Әрине, бұл жетістіктермен тоқталып қалмасымыз анық. Бізді әлі бұдан да биік межелердің күтіп тұрғанын ұмытпайық. Құдай қаласа, ол асуларды да бағындыратынымыз даусыз. Ол үшін үзбей дайындық, шыдамдылық ең бастысы спорттан қол үзбегеніміз абзал.
-Әңгімеңізге рахмет! Кәсіби мерекелеріңіз- спортшылар күні құтты болсын! Жеңісті күндеріміз мол болып, түлкібастық спортшылардың қатары молая берсін!