Еңбек адамы – әлеуметтік құрылымдардың маңызды бөлшегі болып саналады. Ал, еңбек идеясы – азаматтық құлшынысты арттырып, қоғамды топтастырушы, идеялық бағдарлық үйлестіруге айнала алады. Қоғамның барлық тобына тән еңбек ырғағы адамдарды әлеуметтік мәртебесіне бөліп қарамастан барлығын толық қамтитын әлеуетке ие болады. Бар саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған, оттай ыстық туған жерін түлетуге бір кісідей атсалысып, елдің қамын ойлаған іскер де арлы азаматтарымыз осындайда көз алдымызға тізіліп тұра қалады. Өзінің адал еңбегімен ерекшеленіп жүрген сондай абзал азаматтарымыздың бірі- Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Облыстың көркеюіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалдарының иегері Қуандық Ахметов деп айтсақ, артық айтпағанымыз.
1952 жылы 17 тамызда ауданымызға қарасты Абай ауылында дүниеге келген оның балалық шағы мен жастық кезеңі осы бір табиғаты тамаша, жасыл желекке бөленген көрікті елді мекенде өтті. Жастай еңбекке шыңдалып, шымболаттай ширығып өскен Қуандық Ахметов орта мектепті ойдағыдай бітірген соң 1975 жылы Шымкент құрылыс техникумын, 2004 жылы Алматы экономикалық университетін бітіріп, туған жерін көркейтуге бел шеше кірісіп кетеді. Алғашқы еңбек жолын Түлкібас консерві зауытында қарапайым жұмысшыдан бастаған жас жігіт өзінің ширақтығының, іскерлік қабілетінің арқасында көп ұзамай аталмыш мекемеде құрылыс бөлімінің бригадирі, прорабы, инженері, цех бастығы, директоры дәрежесіне дейін көтеріледі. Осылайша өзінің іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетін танытқан жас маман өмірлік тәжірибе жинақтап, 1992- 1996 жылдары «Жеміс» акционерлік қоғамы мен «Ақ-Қайың» кіші кәсіпорынның директоры, 1996-1999 жылдары «Ахметов және компания» серіктестігінің директоры, 1999-2000 жылдары «Оңтүстік Газ» ААҚ мастері, 2000 -2002 жылдары «Энергоцентр ЕС Қазақстан» РМК бастығының орынбасары, 2002-2010 жылдары Түлкібас поселкелік округінің әкімі, аудандық құрылыс, сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы болып еңбек етеді. Адал еңбегінің арқасында аудан тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленіп, алтыншы шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты атанады.
— Әрине, бүгінде бәрі де айтуға оңай ғой,-дейді Қуандық ағамыз өткен жылдарын еске алып, — Алғаш Түлкібас кентіне әкім болғанда аздап қобалжыңқырап қалғаным рас. Өйткені, бұған дейін үнемі өндіріс орындарында еңбек еткен менің бұл әкімшілік саласындағы алғашқы еңбек жолым еді. Жұмысты неден бастаймын? Енді не істеймін деген сауалдар жасыратыны жоқ, көкейімде қалықтап тұрды. Дегенмен, мені бұл тығырықтан кент аумағындағы өмірден көргендері мол қазыналы қариялар, ардагер ағалар құтқарып қалды. Олардың бастарын жиі қосып, ақыл-кеңестеріне жүгіндім. Бұл әрекетім байқаймын, жаман болған жоқ. «Аталар сөзі-ақылдың көзі» дегендей менің алғашқы жұмысым кент аумағындағы тазалықтан басталды. Қариялардың өздері бас болып, жастар бұл бастаманы қуана қоштап Түлкібас кентіндегі арық-атыздардың көздері ашылып, жол жағасындағы бос жерлерге ағаш көшеттерін көптеп қондыруды қолға алдық. Бұл игілікті іске мектеп оқушылары мен мұғалімдер де белсене араласты. Әр мереке кең көлемде аталып өтіліп, округ аумағындағы жұмыстарға белсене араласқан жандарға құрмет көрсетіліп отырды. Осылайша жұмыс қызу жүріп, уақыт өте келе округіміз аудан бойынша алдыңғы орындардан көрініп жатты.
Одан кейін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысының басшысы қызметіне кіріскен тұста да аудан көлемінде талай құрылыс нысандары бой көтеріп, ел игілігіне өз мерзімінде пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы менің азды-көпті қол жеткізген жетістіктерімді жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Жауапкершілік, жігерлілік және жаңа белестерге жетуге ұмтылу әрекеттері әрқашан ойлы әрі іскер азаматтардың басты қасиеттері болды және алдағы уақытта да болып қалады да. Бүгінгідей күрделі кезеңде осындай зор сенім мен жауапкершіліктің үдесінен шығу кім-кімге болса да сын болатынын жақсы білемін. Сондықтан да, береке басы – бірлікте екенін ешқашан да ұмытпағанымыз жөн.
Иә, айтса айтқандай бүгінде жетпіс екі жастың жотасына көтеріліп, ел ағасы атанып отырған Қуандық ағамыздың жастарға айтары әлі де аз емес. Оның басты тақырыбы –еңбек екені де даусыз. Өйткені, ағамыз пайымдағандай шын бақыттың түп қазығы – адал еңбектен қағылатынын басқа білмесе де ол кісі жақсы біледі. Сондықтан да болар, кейінгі ұрпақты жан-жақты етіп тәрбиелеу, оларды жастай еңбекке баулу жолында талай сыннан мүдірмей өткен іскер басшының, байырғы құрылысшының айтары көп, осы бағыттың дұрыс жүруі үшін аянып қалмасы және анық. Мақаламыздың соңын Қуандық ағамызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеумен аяқтағанды жөн көріп отырмыз. Ақ ниет — ыстық ықыласымызды қабыл алғайсыз!