Әр қазақ ақынын ұлықтап, пір тұтқан. Сөзін қадірлеп, ортада қолпаштап, үлкен сыйластықтың үлгісін көрсеткен. Міне, сондай елінің махабаты мен сыйластығына ие болған ауданымыздың бетке ұстар ақын азаматы Әбдібек Аралбайұлы еді. Сөз маржанын теріп, әдемі өлеңдер жаза білген абзал ақынымыз 2023 жылы 19 наурызда өмірден өтіп, артына өлмейтін хатын, өшпейтін құнды мұрасын қалдырды. Түлкібас жұртшылығы әуелі Мархабаттай марқасқасынан кейін Әбдібектей асыл азаматынан қатар айырылды. Тектілер елі қос бірдей қанатынан айырылғандай күй кешіп, асыл азаматтарының жандарын Жәннәттан болуын тілеп, үнемі дұға етті.
Әбдібек Аралбайұлы- жаны таза, жүрегі сұлулыққа құштар, сөз қадірін түсіне білетін азамат болды. Қай жерде жиын, басқосу болмасын ең әуелі Әбдібек атамыз жол бастап, көштің басында өзі жүретін. Батасын беріп, ылғи да елі мен жерінің амандығын Алладан сұрайтын. Жас ұрпақтың бойынан өнерді, өзгеше қабілетті танып, оқушы біткеннің бәріне ақ тілегін арнап, арқасын қағатын. Ол кісі мұндай даналығымен қатар әзілге өте жақын еді. Отырған жерін күлкіге қарық қылып, жас кезіндегі керемет естеліктерін айтып, жанындағыларға ерекше көңіл күй сыйлауға құмар болатын. Барған жерінің азаматтарына қас қағым сәтте жыр арнап, сөздің маржанын лайықтап айтып, қуантып кететін. Үнемі қолынан қағазы, кеудешесінен қаламсабы түспеді. Атаны алғаш көргенімде 70-тен асқан қарияға мүлде ұқсатпадым. «Қызым, ау мен 70-тен астым. Мен не көрмеді дейсің? Тағдыр маған жалғыздықта өмір сүруді, ұлдан айырылып қан жылауды үйретті. Сондай қайғылы қазада еңсемді тіктеуіме қалам мен қағаз сеп болды. Осыларды ермек етіп, өлеңге келдім. Сөздің қадірін біліп, жанымның жарасына аз да болсын шипа тапқандаймын. Мендегі күйді жауыма да тілемес едім» дегені әлі есімде. Тағдыр Әбдібек Аралбайұлына тәтті естеліктерін ұсына алмады. Әуелі Алла қосқан жан-жарынан кейін жалғыз ізбасарым деп жүрген атұстар баласынан айырылды. Сонда да тағдырға мойымаған атамыздың бойынан үлкен батылдық пен сабырлылықты байқауға болады. Бірде Жабағылы елді мекеніне арнайы бір іс шараға қонақ болып атамызбен бірге бардым. Барғанша ананы мынаны айтып барған атамыз темір жолдың бойына келгенде жан ұшырып «Міне, міне осы жер. Мені ұлымнан айырған жол осы» демесі бар ма? Әуелде атаның шыр-пыр болып ащы күңіреніспен шыққан дауысынан ештемені түсіне алмадым. Кейін көзінің жасын сүртіп «Қызым, баламды осы жерде жоғалттым. Атқа мініп, қолын бұлғап соңғы суреті қалыпты жанымда. Сонда баламның бізбен қоштасып тұрғанын сезбедім ғой. Темір жол менің жүрегіме темірдей қатты әрі суық із қалдырды» деп ішкі жан жарасын түсіндіргендей болды. «Жаспын, сұлулыққа құштармын деп уақыт жоғалтып алмаңдар. Адам сыртымен емес ұрпағымен көрікті. Жұмыс жұмыс дей берсең уақыттан ұтыласың. Өмірдің берекесі һәм мерекесі бала екен. Бала табуға, оны лайықты азамат етіп өсіруге асығыңдар. Жұмыс істеуге уақыт табылады. Қызым, өсіп, өніңдер» деп мені көрген сайын айтып отыратын.
Біздің қара шаңырақ «Шамшырақ» редакциясы атамыздың екінші үйі іспетті болды. Аудан орталығы саналатын Тұрар Рысқұлов ауылының арғы шетіндегі үйінен орталықтың бергі басындағы редакцияға дейін жаяу келіп, өлең-жазбаларын беріп кететін. Осындай жылы байланыс атамыздың соңғы күндеріне дейін орнады десем артық болмас ау. Өйткені, ол кісі қаламнан жанына жылу тапты. Қаламы мен қаламсабын дос етті. Сонда бір келгенінде «Өлең жазуды 50 жастан кейін бастадым. Мүмкін мені ұлымнан кейінгі қайғы өлеңге әкелген болуы керек. Осы қалам менің өмір сүруіме, өзімді жоғалтпауыма мүмкіндік берді»,- деп еді. Қаламның сиқырын, өлеңнің күшін, шығармашылықтың маңызын осы атамен танысқалы шын сездім. Расымен де, атамызды өмірге қайта әкелген, ортаға қосқан осы қастерлі қалам мен тылсым шабыт екен.
Ақындығы, ұсталығы, адамдығы, иманы адамзатқа үлгі боларлықтай бір төбе болса, көпті таң қалдыратын асабалық қырына өз басым куә болып, атаның жан-жақтылығына тағы да риза болғанмын. Жабағылы елді мекенінде ақын Әбдімәлік Тәшенұлын еске алу кеші өтті. Кеш соңында қонақтарды үлкен дастархан жайып, Әбдімәлік Тәшенұлының қара шаңырағында күтті. Сонда Әбдібек атамыз дастарханда отырған қонақтарды басқарып, түрлі әңгімелер, естеліктер айтып, бір күлдіріп, бір жылатқан болатын. Әуелетіп әнді де шырқап, қонақтарға әзіл әңгімелерде айтып, ерекше қырын танытып кетті.
Әбдібек Аралбайұлы тек өлең сөздің қадіріне емес есті әндердің де керемет тыңдаушысы һәм орындаушысы болды. Түрлі ұлттық музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын. Қоңыр дауысымен талай қазақтың көркем әндерін орындап, талай жанды тамсандыратын. Шығармашылыққа, өнерге, сұлулыққа жаны құмар ақын өмірінің соңына дейін 900-дей өлеңді қағазға түсіріп, 70-тей әннің сөзін жазыпты. Өмірден өтерінен 2-3 жыл бұрын әнші қызы Тәжмина Даниярқызымен «Аққулар» әнін орындап, әдемі бейнебаян түсіргенін білеміз. Ол бейнебаян қарияның кіндік қаны тамған Пістелінің тау бөктерінде түсірілген еді. Немере мен атаның арасындағы үлкен махабатқа толы бұл көрініс талай жанды еріксіз жібітіп, көңілін босатқаны анық. Атамыздың балаларына деген махабаты, отбасына, ұлының қалдырып кеткен аманаттарына деген жауапкершілігін сөзінен де, ісінен де байқайтынбыз. Оны немере қызы Тәжмина Даниярқызы бір сұхбатында «Атам бізге жетімдікті ешқашан сездірмеді. Барын берді. Жыласақ та, қуансақ та қасымыздан табылды. Әрқашан қолдаушымыз болды» деп еске алған болатын.
Әбдібек атамызбен шығармашылық байланысымыз үзілмеген еді. Кейде ватсап әлеуметтік желі арқылы хат жазып, хәлімді сұрап, балаларымның жағдайын біліп отыратын. Мен ел азаматының елеп ескеріп, жағдайымды біліп, «қызым» деп жылулық танытқанына қатты қуанатынмын. Соңғы жазбамызда ата маған «Қызым, мен досымнан айырылып қалдым. Марғасқа Мархабатым өмірден өтті. Өмір менен жарымды, баламды алды. Енді досымнан айырды» деп ауыр хабарды жеткізіп жазды. Содан көп ұзамай «Мархабатқа арнау» деген өлеңін жіберіп, газет бетіне шығаруымды сұранды. Мен бала күтімімен демалыста екенімді айтып, атаға редакцияға баруын сұрадым. Сонда «Қызым, сен маған өз қызымдай болып кеттің. Өс, өн. Бір елдің жалғыз ұлын мың ет. Сен еліңді байытатын, көгертетін қызсың» деп жазба қалдырыпты. Міне, атаның маған жазған соңғы хаты әрі соңғы лебізі осы. Содан кейін мен әлеуметтік желілерден Әбдібек Аралбайұлының өмірден өткендігі туралы жазылған жазбаларды көрдім. Жарқырап, жанып жүрген, ауырып жатып қалуға уақыты жоқ атамыздың әп сәтте ортамыздан кеткеніне сенерімді не сенбесімді білмей, біраз уақыт абдырап қалғанымды жасырмаймын. Сонда өмірдің шын мәнінде жалғандығын, адамзаттың бәрі сынақ үшін жаратылғанын тағы түсінгендей болдым. Әлгі жазған хабарламасын қайта-қайта оқып, Алланың алдынан жарылқауын тілеп, дұға еттім. Қоштасу хаты екен ғой деп топшыладым. Ақ тілегің Алланың қалауымен орындалсын, ақын атам. Сіздің өлеңіңіз өлмейді. Мұраңыз мұрағат болып сақталары хақ. Ақ жүрегіңіз бен адал жаныңыз Жәннәттің төрінде болсын!