Қайран да қайран, Әбекем
Ондай жан сәрі, бар ма екен?!
Алдымнан күліп шығардай,
Ондай жан енді туар ма екен?!
Біздер Әбдібек ағамыздың бар болмысын танып біле алмай жатырмыз-ау. Оны тек ауданымыздың ақыны ретінде білетініміз өте өкінішті нәрсе.
Әбдібек ағамыз сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Ең алдымен ол дініне, сөзіне берік тақуа жан еді. Бес уақыт намазын қаза қылмай, аузынан Алласы түспеген намазхан қария еді. Өзінің туып өскен ауылы Пістеліде молда болды. Техниканы жетік меңгеріп, біздің жас кезімізде Карниловка мен Пістелі ауылының арасына «Урал» мотоциклымен тасушы еді. Ұсталығы бөлек бір әңгіме. Ағаш және темірден түйін түйген алтын қолды шебер кісі болды. Өте қағылез, артық салмағы жоқғ жүріс-тұрысы жэылдам, тауда жүргенде атқа жеткізбейтін, ылдиға салсаң төске озған» жүрісті жан еді. Пістелінің тау, қырларын жаяу кезген кәнігі көз мерген аңшы болатын. Ақындық оған қырықтан асқаннан кейін қонды ғой.
Әртүрлі аспаптарда ойнап, ән салатын әншілігі де бар еді. Мен ол кісімен етене араласып, сырлас болып үлгермедім. Дегемен, көрген жерде амандық, саулық сұрасып, құрмет көрсететінмін. Ең соңғы кездесуіміз жер қарада, күн жылыда наурыз айының басында болды. Есік алдында сәкіде екуара отырып сөйлесіп қалдық. Ұлы Отан соғысының боздақтарын еске алу жиыны туралы сөз қозғадық. Сол кезде мен Әбекеңді енді көрмеймін деп ойлаппын ба? Сондағы маған айтқаны «Енді бәрі саған қалды. Ел де, жер де, жазу да, сызу да» деп. Мен ол сөзге онша мән бермедім. Ойымда ештеңе болмады. Қазақтың Жаңа жылы саналатын Наурыз айы келгенде ағамыздан айырылып қала бердік. Өте өкінішті-ақ.
Иманы саламат болсын, Алла алдынан жарылқасын дейден басқасына шарасызбыз. Аман болғанда, ағамыздың сексен жасын қуана тойлар едік-ау…