Ұлт жанашыры, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы Жетісай ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов атындағы ЖББМ-де жалғасты. Туған топырағы Түлкібастан бастау алған дүбірлі той, ауқымды шара өзге өңірлерде де аталып өтілді. Мақталы өңірге Тұрардың жерлестері ретінде Тұрар мектебінің директоры Қайрат Дәулеталиев пен Тұрар Рысқұлов атындағы тарихи өлкетану музейінің бұрыңғы директоры, тұрартанушы, тарихшы Лесбек Махмұтов арнайы шақырылды. Өзге өңірдегі маңызды шараға қатысып қайтқан жерлестеріміз ондағы халықтың бабамыздың аруағына деген ілтипат, құрметіне куә болып, етене танысып, ризашылықтарын білдірді. Шараны Дулат Әбіш бастап берді. Ол Тұрардың еңбектерін, ерліктерін, қазақ қоғамы үшін жасаған игі істерін тізбектеп, оқушыларға түсінікті етіп жеткізді. Тұрар бабамызды ғана емес Шерхан Мұртаза мен Бауыржан Момышұлын да тіліне тиек етіп, үш арысты бір-бірінен алыстата алмайтынын да атап өтті. Шара барысында мектеп тарихшылары түрлі интеллектуалды ойындар ойнатып, тарихи мол деректер мен естеліктер айтты.
— Біз Тұрар туған топырақтан сіздердің ауылдарыңызға арнайы келіп отырмыз. Құрақ ұшып қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға алғысымыз шексіз. Бұны Тұрарға көрсетілген құрмет деп түсінеміз. Тұрар бабамыздың қандай тұлға екенін, қазақ халқы үшін қандай нәубатты басынан кешкенін баяндамашылардың ақпараттарынан біліп отырсыздар. Түлкібас ауданы — Тұрар туған киелі топырақ. Біздің ауданда Тұрар бабамыздың құрметіне орай бірнеше нысанның аты аталған. Оның ең үлкені аудан орталығының атауы Тұрар Рысқұлов деп аталуы. Аудан шекарасында және аудан әкімдігі аппаратының алдында Тұрар Рысқұловтың арнайы үлкен монументтері орналасқан. Тарихи өлкетану музейі, мектептер, көшелер Тұрар бабамыздың құрметіне қойылған. Келіп, тарихи музеймен танысып, қонақ болып кетсеңіздер қуанамыз. “Тарихын білмеген ел тозады” деген сөз бар. Өз тарихымызды біліп жүргеннен артық бақыт бар ма,- деді Тұрар Рысқұлов атындағы тарихи өлкетану музейінің директоры Лесбек Махмудов.
Тұрар Рысқұлов- ұлттық бірлік пен тәуелсіздік үшін барын салып еңбек еткен тұлға. Оның әрбір ісі, еңбегі ел жадында мәңгіге қала бермек.
Осындай игі шараны ұйымдастырып, оқушылардың тарихи танымдық ақпарат алуына мүмкіндік берген мектеп директоры Мәншүк Қарғабаеваға жетісайлықтар алғысын білдіріп, жастар үшін дәл осы сынды ауқымды шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген өтініш білдірді.